Мүгедектігі бар қазақстандықтар БҰҰ жанындағы комитетке шағымдана алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс қабылдаған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңның мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз 2008 жылы мүгедектігі бар жандардың құқықтары туралы конвенцияға және осы конвенцияға факультативтік хаттамаға қол қойдық. Ал 2015 жылы осы конвенцияны ратификацияладық. Яғни, Қазақстан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бөлігінде халықаралық стандарттарды қамтамасыз ету міндеттемелерін мойнына алды. Осы аралықта біз заңнамаға тиісті өзгерістер енгіздік, мүгедек жандардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ұлттық жоспарды қабылдадық, оның екінші кезеңін жүзеге асыра бастадық», - деді Тамара Дүйсенова Jibek joly телеарнасының студиясында.

Министрдің айтуынша, ұлттық жоспардың бірінші кезең аяқталды.

«Бүгін осы конвенцияға факультативтік хаттамаға қол қоя аламыз деп ойлаймын. Осы арқылы біз Қазақстандағы мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғау бөлігінде халықаралық стандарттарға берік екенімізді, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін ашық екенімізді айтқымыз келеді. БҰҰ жанындағы Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитет енді біздің мүгедектерімізден шағымдарды қабылдауға, оларды қарауға құқылы және олар конвенция орындалмай жатыр деп есептесе, бізге осы шараларды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын бере алады», - деп атап өтті министр.

«Бірақ БҰҰ жанындағы комитетке шағым берерде адам алдымен осы мемлекетте тиісті инстанциялардан өтуі керек, оған да қанағаттанбаса, БҰҰ комитетіне шағым бере алады», - деп нақтылады Т.Дүйсенова.

Сондай-ақ, БҰҰ жанындағы мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитет конвенцияның ережелерін орындамады деп таныған жағдайда, мүгедектігі бар адамның моральдық залалды өндіріп алуға құқығы бар.


Соңғы жаңалықтар