Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы 14,5 пайызға көтерілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мүгедектігі бар азаматтарға, оларға күтім жасайтындарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін тағы 14,5 пайызға көтеру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүгедектігі бар және асыраушыларынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдау күшейтіледі. Жыл басында мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрлері 8,5 пайызға өсті. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, мүгедектігі бар азаматтарға, оларға күтім жасайтын тұлғаларға және асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін тағы 14,5 пайызға көтеру мәселесін пысықтап, есеп-қисабын жасап жатырмыз. Қосымша қажет қаражат 43 миллиард теңгеден асады», - деді Т. Дүйсенова.

Сонымен қатар ол мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған қанатқақты жобаларға тоқталды.

«Бұған қосымша 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар азаматтарды жоғары сапалы катетермен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 328 млн теңге бөлінді. Гигиеналық құралдардың нормативін 2 есеге жергілікті бюджет қаражаты есебінен көбейту қарастырылды. Психикалық ауытқуы бар балаларды санаторий-курорттарға емдеуге жіберу критерийлері Денсаулық сақтау министрлігімен бірге айқындалып, биыл қанатқақты режимде еліміз бойынша 1000 бала сауықтыру шипажайларына жіберілмек. Сонымен қатар, пилот режимде жан басына шаққандағы нормативті ендіру және әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту қарастырылды. Бұл қадамдар 7 өңірде іске асырылады», - деді министрдің міндетін атқарушы.


Соңғы жаңалықтар