Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға қатысты ұсыныс айтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүгедектігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызы зор. Соның ішінде олардың жұмыс істеуіне және шығармашылықпен айналысуына тиісті жағдай жасау қажет. Бүгін Сенат отырысында ҚР Әлеуметтік кодексі жобасын қарау барысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай қадам мүмкіндігі шектеулі адамдардың ортаға бейімделіп, өмірден өз орнын табуына оң әсерін тигізеді.

«Кодекстің жобасында жәрдемақыны көтеру, басқа да атаулы әлеуметтік көмекті арттыру жөнінде нормалар бар. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тағы екі бағыт бойынша қолдау көрсетудің маңызы зор деп есептейміз. Біріншіден, еңбек еткісі келетін мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесуіміз қажет. Бұл олардың өз-өздерін қамтамасыз етуге және ортаға бейімделуіне оң ықпалын тигізеді. Сондықтан осы бағыттағы заңнамаларды пысықтап, Еңбек кодексіне, басқа да заңдарға тиісті өзгерістерді енгізу мәселесін қарастыруымыз керек. Себебі, қазіргі таңда жұмыс берушілердің көбі мүгедектігі бар азаматтарды алуға онша құштар емес екенін көріп жүрміз», – деді Сенат спикері.

Сонымен қатар М. Әшімбаев бұған дейін Парламент депутаттарының бастамашы болуымен Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданғанын, оның негізгі мақсаттарының бірі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру екенін, алайда қазіргі таңда бұл норма өз деңгейінде жұмыс істемей жатқанын атап өтті. Сондықтан ол бұл бағыттағы мәселелерді де Парламент пен Үкімет бірлесіп, ақылдасып шешу керек екенін тілге тиек етті.

Сенат төрағасы бүгінде шығармашылықпен айналысып жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың аз емес екенін, оларға осы бағытта жүйелі қолдау көрсету керек екенін айтты.

«Мүгедектігі бар азаматтар, әсіресе, жастар шығармашылықпен айналысып, сол арқылы өмірден өз орнын табуға ұмтылады. Кейбір өнер ұжымдары оларды жұмысқа алғанымен, шешуді қажет ететін мәселелер бар. Өйткені Еңбек кодексінде бұл бағыттағы кейбір мәселелер көрсетілмеген. Осындай түйткілдерді оңтайлы шешіп, мүгедектігі бар адамдарға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндіктер жасап беруіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасын және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда қарады.


Соңғы жаңалықтар