Мүгедектігі бар адамға көмекші ретінде отбасы мүшелері тартылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту қарастырылып отыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кодекстің келесі жаңалығы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансфомациялауға қатысты. Оның басты мақсаты - мүгедектігі бар адамдар үшін, әсіресе, ауылды жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көбейту.

«Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту ескерілген. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Бұл тұрғыда отбасы мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтылады», - деді Т. Дүйсенова.

Екіншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастырылып отыр.

«Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді. Екінші жағынан, әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфраструктурасын ауылды жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді министр.

Сонымен қатар Әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру жоспарланған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлеуметтік кодекс жобасында қағаз құжаттар жүйеден шығарып, жәрдемақыларды проактивті форматта бекіту ескерілген.


Соңғы жаңалықтар