Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету талаптары өзгереді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүмкіндігі шектеулі баласы немесе азаматы бар отбасыларына көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен қайта құру көзделген. Соған сәйкес тиісті тың өзгерістер қарастырып отырмыз. Біріншіден, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады», - деді Т. Дүйсенова.

Осы орайда министр отбасының жұмыспен қамтылмаған мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтамасыз етілетінін айтты.

«Екіншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттары даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастырылып отыр. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар тұрғысында шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді. Ал екінші жағынан жеке сектор жағынан шағын сыйымдылықты арнайы қызмет көрсету орталықтарының ашылуына мүмкіндік туғызатын болады. Бұл шаралар отандық тәжірибе, яғни білім беру саласында «Балапан» бағдарламасының үлгісі бойынша енгізіліп отыр», - деді министр.

Сонымен қатар ол әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру қарастырылып отыр.

«Оларға мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау, сондай-ақ өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде хат жолдау және оның орындалуын бақылау құзіреті беріледі. Мұнымен қоса, өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады», - деді ведомсвтво басшысы.

Бұдан бөлек, әлеуметтік қызметкерге қатысты талаптар мен олардың мәртебесін ескеретін нормалар енгізілді.

«Осы орайда әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады. Мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсеттетін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Онда оның біліктілігі, көрсеткен қызметтерінің түрі және сапасы туралы толық мәлімет болады. Сонымен бірге, әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақы төлеу жүйесі және қолдау шаралары қайта қаралады. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі біліктілік деңгейін, көрсетілетін қызметтердің санаты мен ерекшелігін ескереді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар