Мүгедектігі бар адамдардың  тұрмыстағы мүмкіндіктері кеңейеді - Тамара Дүйсенова
2022 жылғы 5 шілде 11:25

Мүгедектігі бар адамдардың тұрмыстағы мүмкіндіктері кеңейеді - Тамара Дүйсенова

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедектігі бар адамдардың тұрмыстағы шектеулерді еңсеруіне мүмкіндік беретін қызметтер мен техникалық құралдар арнайы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылдың өзінде портал арқылы 214 мың қызмет көрсетілді. Яғни, көмекке мұқтаж адамдардың 62,4 пайызы қамтылды.

«Бұрын осы жұмыстың бәрі жергілікті жерде атқарылатын. Сәйкесінше, жергілікті және орталық мемлекеттік органдар қызметіне сын-ескерту өте көп айтылып келген. 2021 жылы порталдың іске қосылуы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуын 87 пайызға жеткізді. Сонымен бірге, оңалтуға қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету мерзімін 8 айдан 14 күнге дейін қысқартты», - деді Тамара Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, портал барлық мұқтаж адамның қай жерде тұрғанына қарамастан қызметтер мен техникалық құралдарға қолжетімділігін қамтамасыз етті. Құрал-жабдықтар мен қызметтерді және оны берушіні әркім өзі таңдау мүмкіндігіне ие болды.

«Дегенмен құралдарының сапасына, өнім өндірушілердің баға саясатына және олардың өз міндетін адал әрі ұқыпты атқаруына байланысты әлі де мәселелер бар. Осыған орай, оңалту қызметі мен құралдардың стандарты, баға саясаты және тиісті қызметті ұсынушыларды порталға тіркеу шарттары қайта қаралатын болады. Бұл шаралар қызмет көрсету нарығын дамытуға жағдай жасауға және қызмет ұсынушыларды әділ бәсекеге ынталандыруға бағытталған», - дейді Еңбек министрі.

Бұған дейін Тамара Дүйсенова елімізде 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұратынын айтқан еді.

Сондай-ақ министрлік мүгедектікті белгілеудің проактивті немесе «сырттай куәландыру» форматына көшуді бастады.


Фото: telegram канал primeminister.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT