Мүгедектерге арналған екі жаңа мемқызмет іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Электрондық үкімет порталында мүмкіндіг шеутеулі жандарға арналған мемлекеттік қызметтің екі жаңа түрі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Енді ерекше мұқтаждығы бар адамдар eGov.kz арқылы үйде және медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету құжаттарын ресімдеуге өтінім бере алады. Бұрын ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе жергілікті атқарушы органға бару керек болатын», - деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.

Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп іске асырған.

«Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін біз электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін біртіндеп кеңейтіп жатырмыз. Жаңа цифрлық шешім ерекше мұқтаждығы бар адамдарға үйде немесе медициналық-әлеуметтік мекемелерде күтім көрсету құжаттарын үйден шықпай-ақ, онлайн режимде ресімдеуге мүмкіндік береді. Пайдаланушылар өздеріне, балаларына немесе қамқорлығындағы балаларға қызмет көрсетуге тапсырыс бере алады», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Құжаттарды ресімдеуге өтінім беру үшін электрондық үкімет порталында тиісті қызметті таңдап, сұратылған ақпаратты толтыру, құжаттарды тіркеу қаже. Осындан кейін ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы сұранымға қол қою қажет. Сұраным сәтті өңделген болса, өтініш жолданған мемлекеттік органнан жеке кабинетке хабарлама келеді.

«Порталда қызмет көрсету мерзімі үйде күтім алғысы келетін пайдаланушылар үшін 14 жұмыс күніне, медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет алғысы келетіндер үшін 17 жұмыс күніне тең», - деп жазылған ресми мәліметте.


Соңғы жаңалықтар