Мүгедектердің тұрмысын жақсартуға бағытталған 7 жылдық жоспар әзірленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған 7 жылдық ұлттық жоспар әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды әзірлеу жұмыстары қолға алынған.

«Ұлттық жоспар мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толық интеграциялау үшін жағдайлар жасауға арналған кешенді және ведомствоаралық тәсілді қамтамасыз етуге тиіс. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқығын қамтамасыз ету бойынша жеті басым бағыт белгіленді. Олар: денсаулық профилактикасы - мүгедектік патологияларын азайту; инклюзивті білім беру - бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру; дербес мобильділік - қолжетімді орта; еңбек және жұмыспен қамту - өмір сүру деңгейін арттыру; әлеуметтік оңалту мен абилитацияны дамыту; мүгедектік проблемаларына көзқарасты өзгерту; әлеуметтік қызметкерлердің кадрлық әлеуетін дамыту», - деді вице-министр.

Осы ретте ол Премьер-Министрден Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қоғамдық даму министрліктерінің басшыларына Ұлттық жоспардың бейінді бөлімдерін сапалы пысықтау, оны іске асыру үшін бюджет қаражатының белгілі көлемін қажет ететін стратегиялық шаралар кешенін айқындау тапсырмасын беруді өтінді.

«Ұлттық жоспардың жобасы азаматтық қоғамның кең талқылауына шығарылады. Айтылғанның негізінде, Бақытжан Әбдірұлы, Сіздің келісіміңізбен Ұлттық жоспар жобасы 2019 жылғы мамыр айында енгізілетін болады», - деді Светлана Жақыпова.

Соңғы жаңалықтар