Мүгедектердің тұрмысын жақсартудың ұлттық жоспары қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін Сенатта Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылған болатын.

Шара барысында сенатор Әли Бектаев Үкімет тарапынан мүгедектерге қатысты барлық проблемаларды шешуге арналған қадамдарды қабылдау мәселесіне қатысты сауал қойды.

«Өңірлерді аралаған кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстар келіп түсті. Мәселен, мүгедектікті тағайындауға байланысты барлық рәсімдер ашық болуы үшін, шағымдарды азайту үшін қандай шаралар атқарылуы керек деген мәселелер көтерілді. Қазіргі таңда осы шараларды электронды жүйеге ауыстыру мәселесі қолға алынды. Сонымен қатар, оларға құрал-жабдықтарды уақытылы беру бағытында да мәселе бар. Сондықтан бүгінде Қаржы министрлігімен тиісті қадамдарды пысықтап жатырмыз. Яғни әлеуметтік портал жасаймыз, осы орайда мүгедектерге қажетті жабдықтар қамтылады», - деп түсіндірді Б. Сапарбаев.

Оның сөзіне қарағанда, аталған жабдықтарды өндіретін кәсіпорындарды ел аумағында құру жұмыстары ескерілген.

Мұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту меселесіне тоқталған министр: «Бұл тұрғыда жұмыс берушілердің тарапынан берілген квотаның орындалмауы жөніндегі мәселе қаралуда. Қазіргі таңда Қазақстанда 680 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар болса, соның 67 пайызы жұмысқа жарымды. Яғни оларды жұмыспен қамтуымыз керек. Мемлекеттік еңбек бағдарламасы арқылы мүгедектерді оқыту бағытын кеңейтуіміз керек. Сонымен қатар, оңалту шаралары аса маңызды болып отыр. Жалпы, біз ұлттық жоспарды дайындадық, бүгінде Үкіметтің қарауына енгізілді. Барлық мемлекеттік органдармен келісілген. Онда аталған мәселелердің барлығы қамтылды. Біздің ойымызша, ұлттық жоспар бірінші жартыжылдықта қабылданады», - деді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл ақпан айында елімізде мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған 7 жылдық ұлттық жоспар әзірленгені айтылған болатын.

Соңғы жаңалықтар