Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы кеңес құрамы жаңарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы республикалық кеңес құрамын жаңарту онлайн дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар аясындағы жұмыстың ашықтығын арттыру мақсатында мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы республикалық кеңес құрамын жаңарту туралы шешім қабылданды. Үйлестіру кеңесінің жаңа мүшелері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында онлайн дауыс беру арқылы таңдалады», - деп атап өтеді ведомстводан.

Министрлік дерегінше, Үйлестіру кеңесі 2014 жылы құрылып, құрамы 6 жыл бойы жаңартылмаған. Бүгінгі күні Үйлестіру кеңесіне 26 адам кіреді. Олардың арасында саңыраулар, зағиптар, сал ауруына шалдыққан азаматтар, жастар мүгедектер қоғамының, мүгедек әйелдердің, жоғары білімді мүгедектер бірлестіктерінің өкілдері бар. Үйлестіру кеңесін жаңарту бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте мүмкіндіктері шектеулі белсенді азаматтардың барынша қатысуымен өңірлік кеңестер құрылады. Әрбір облыста құрамына кемінде 20 адам кіреді. Өңірлік үйлестіру кеңестерінен республикалық кеңестің құрамына 1 өкілден таңдап алынады.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қатарынан Үйлестіру кеңесі мүшелерін таңдап алу онлайн дауыс беру арқылы жүргізіледі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында ақпан айының соңында әлеуетті үміткерлерден өтінімдер қабылдау басталады. Жеңімпаздар анықталғаннан кейін Үкімет қаулысына өзгерістер енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар