Мүгедек жандарға қажетті мәліметті арнайы сайттан көруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау вице-министрі Нариман Мұқышев мүгедек жандар үшін пайдалы мәліметтері мол inva.gov.kz порталының мүмкіндіктерімен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың көбі мемлекет тарапынан қандай қолдауға ие екенін білмей жатады. Кейде ашық ақпарат көздерінде ол жайлы мәлімет те аз болуы мүмкін. Кейде ереже, заңның бәрі күрделі заңнамалық тілде жазылып, ақпаратты түсіну қиынға соғады. Біз осы мәселені терең талдай келе, қызметтер жайлы ақпаратты қарапайым тілмен жеткізуді жөн деп шештік. Бірінші кезекте бұл ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қатысты», - деп жазады Нариман Мұқышев Facebook-тегі парақшасында.

Вице-министрдің хабарлауынша, inva.gov.kz порталында азаматтардың санаты бойынша пайдалы ақпараттар баршылық. Ол жерде мүгедектердің құқығы туралы конвенция, ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірін жақсартуға арналған ұлттық жоспар, жобалар, ҮЕҰ жайлы мәлімет көп. Онда сонымен қатар қандай қалада қандай нысандар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді екенін көрсететін карта да бар.

«Мемлекеттік қызметтер туралы айтар болсақ, біз мұнда қарапайым әрі түсінікті лэндинг құру туралы шешімге келдік. Оны қайдан алуға, қандай құжаттар керектігі, қанша уақыт алатыны туралы барлық ақпарат бар. Лэндингті қайдан табуға болады? Басты парақшада «Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және мемлекеттік қызмет көрсету, оңалту» деген баннер бар. Оның астында «толығырық білу» деген түймеше тұр. Оған басу арқылы үш бөлімді парақшаға енесіз. Қызметтер жайлы білгіңіз келсе «Мемқызметтер» айдарын басу керек. Ол жерде сізді қандай тақырып ойландыратыны жайлы (мүгедектікті белгілеу, оңалту, төлем мен жәрдемақы) ақпарат баршылық. Қажетті пункті таңдау арқылы қажетті қызметтердің бәрі де сізге қолжетімді болады. Әлбетте біз бұл жұмысты ары қарай да жалғастырамыз. Алдағы уақытта азаматтардың барлық санатына қатысты ақпарат дәл осылай қолжетімді әрі түсінікті болар деген сенімдеміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар