Мүгедек студентті автобустан түсіріп тастаған: Астана LRT оқиғаның мән-жайын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қосшыда жүргізуші аязды күні мүгедек студентті автобустан түсіріп тастаған оқиғаға қатысты Астана LRT түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Facebook әлеуметтік желісінде кәмелет жасына толмаған жасөспірімді -25 градус суықта автобустан түсіріп кетті деген шағым жазылды. Кейін анықталғандай жасөспірімнің өзімен бірге жеңілдігі бар «Аймақ» атты төлем картасы болмаған. Иә, жолаушының арнайы жеңілдігі болған, бірақ ол қаланың ішінде ғана жарамды. Жалпы қоғамдық көліктердегі жеңілдікке қатысты қалалық мәслихаттың 2017 жылы қабылдаған арнайы шешімі бар. Оған сәйкес жолаушылар жеңілдікті тек қаланың ішінде ғана қолдана алады. Жолаушы Қосшы елдімекенінен мінген, ал ол қала аумағына жатпайды. Бізде елордамен іргелес Аршалы және Целиноград аудандарымен келісім бар, оған сәйкес аталған аудан тұрғындары үшін қала іргесіне қатынайтын қоғамдық көліктерге жеңілдік қарастырылған. Бірақ ол қаладан тыс сыртқы қозғалысқа арналған», - деді Астана LRT ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі Науат Азанбаева.

Оның айтуынша, қызметтік тексерістен кейін жүргізушіге қатысты тиісті шаралар қабылданады.

«Тағы бір айтып өтетін жайт, студентті түсіріп кеткен автобустың нөмірі мен оның жүргізушісі туралы нақты дерек жоқ. Себебі шағым түсіруші автобустың нөмірі мен жүргізушінің аты-жөні көрсетпеген. Дегенмен біз тексеру жұмыстарын жүргізіп, жобамен автобус пен оның жүргізушісін тапқан болдық. Қазір жүргізуші жұмыста болғандықтан біз оны шақыра алмаймыз, ертең жұмыстан бос кезінде шақырып мәселені қарастыратын боламыз. Жолаушының айтуы бойынша, жүргізуші жеңілдік картасы жарамсыз болғандықтан одан қолма қол ақшалай төлеуін сұраған, өз кезегінде студент ақшасының жоқтығын айтқан. Содан соң жүргізуші жолаушыны автобустан түсіріп тастаған. Әрине, біз жүргізушінің аязды күні жолаушыны жолдан тастап кету әрекетін қолдамаймыз», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Ақмола облысы аумағындағы «Лесная поляна» аялдамасында қоғамдық көлік жүргізушісі 17 жастағы мүгедек студентті аязды күні автобустан түсіріп тастағаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар