Мүгедек баласына қараған жылдары ананың еңбек өтілі есепке алынады - Т. Дүйсенова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүгедек баласына қараған жылдары ананың еңбек өтілі есепке алынады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі күні мүгедек болып дүниеге келген баласы 18 жасқа келгенге дейін оның анасы жәрдемақы алады. Бала 18 жасқа толған соң анаға жәрдемақы беру тоқтатылатын. Ал, анасының баласына қараған жылдары еңбек өтілі ретінде саналмай келген еді.

«Яғни, ондай ана жалақы алмағаны өз алдына, қаншама жыл жұмыссыз отырғандықтан зейнетақысы да мардымсыз болатын, тіпті бұндайда зейнетақы тағайындалмайтын жағдайлар да кездеседі. Ендігі күні бүгін талқыланып отырған заң жобасына сәйкес, мүгедек баласына қараған жылдары анасының еңбек өтілін есептеу туралы өзгеріс енгізу көзделіп отыр. Осылайша, мүгедек балаларға қарап отырған аналардың сол кеткен уақыты еңбек өтіліне кіргізілетін болды. Яғни, ананың жалақысынан зейнетақы қорына ақша бөлініп отырады»,-деді министр Тамара Дүйсенова.

Оның сөзіне қарағанда, мүгедек баласы бар анаға 16 жасқа дейін жәрдемақы төленеді. Ал 16 жастан кейін анасы не болмаса әкесі мүгедек балаға қарап отыратын болса, оларға әлеуметтік қызметкер ретінде орташа жалақы қамтамасыз етіліп отыр.

Еске сала кетейік, аталған заң жобасын Мәжіліс депутаттары бүгінгі жалпы отырыста бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар