Мүгедек баласы бар көпбалалы ана: Нақты көмек қашанда керек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мүгедек баласы бар отбасыға нақты көмек қашанда керек. Бұл туралы Орал қаласының тұрғыны Ләззат Өтепқалиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Президенттің көпбалалы және мүгедек баласы бар отбасылардың несиесін жабу жөніндегі шешімі - өте батыл қадам.

«Халықтың жанына батқан мәселені шешуді қолға алғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды айтамыз», - деді жеті баланың анасы.

Ләззат Өтепқалиева риясыз пікірін білдірумен бірге отбасында қалыптасқан қиын жағдайды да жеткізді.

Өзінің айтуынша, жеті баланың бірі Әділхан туғаннан сирек кездесетін аурумен - сүйек сынғыштығы дертімен азап шегіп келеді. Жұрт «Хрусталь бала» деп атап кеткен Әділханның сүйегі алғаш перзентханада жатқанда сынған екен. Кез келген қимылдан әлсіз сүйек сынып кете береді.

Тоғыз жылдан бері анасы Әділханды Ресей, Үндістан сияқты елдерге апарып, емдеткен. Бұл аурудың емі жоқ, тек дертті жеңілдету ғана қолдан келеді. 2014 жылы халықтың көмегімен қаражат жинап, Үндістанда баланың көзіне ота жасатып, содан көруі дұрысталды. Бұдан бөлек, балада гидроцефалия (миға су жиналу) да бар. Оның емі - миға орнатылған шунт. Оны да уақыты келгенде, дәрігерге қаратып, бақылап отыру керек.

Осындай ауруына қарамастан, Әділхан үйде оқып, бірінші сыныпты жақсы үлгеріммен аяқтапты.

Бұдан бұрын Атырауда тұрған отбасы ондағы ауа райы Әділханға жақпай, дәрігерлердің кеңесімен Оралға көшкен.

«Екі жылдан бері қала шетінде 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатырмыз, тіркеуге де жуырда тұрдық. Әр екі ай сайын Әділхан арнайы курстан өтіп, ем қабылдап тұруы керек. 150 мың теңге тұратын памидронат дәрісін елордаға апарып салдыру үшін жолы, пәтерақысы бар, барлығы 250 мың теңге керек. Ерім Бейсенбай Қаржауов вахталық әдіспен жүргізуші болып еңбек етеді. Соның 150 мың теңге жалақысына қарап отырамыз. Ол да, әрине, жетпейді. Қазіргі кезде үлкен қызымыз жиырмада, баламыздың ең кішісі екі жастан енді асты. Бәріміз бір бөлмеде тұрып жатырмыз. Бұл, әсіресе, сүйегі әлсіз Әділханға қиын», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ләззат Өтепқалиева.

Айта кетсек, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар