Мүгедек балалардың баспана кезегі кәмелетке толғаннан кейін де сақталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедек балалардың баспана кезегі кәмелетке толғаннан кейін де сақталады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. Әлі күнге дейін мүгедек балалары бар отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғанға дейін егер бала 18 жасқа толғанша тұрғын үй алмаса, онда ересек мүгедектігі бар адам ретінде кезекке қайта тұруға мәжбүр.

«Оның үстіне бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігін алған жағдайда ғана кезекке қайтадан қойылады. Үшінші топтағы мүгедектік берілген кезде олар баспана алу құқығынан айырылады. Ендігі уақытта олар кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй алу кезегін сақтау құқығына ие болады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда», – деді Ерлан Әукенов.


Соңғы жаңалықтар