Мұғалімдердің жалақысына үстемеақы қашан қосылады
«Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін мұғалімдердің жүктемесі артқандықтан, лауазымдық жалақысын да арттыру қарастырылған. Қаулы 7 ақпан күні шықты, қазір өңірлер шұғыл тәртіпте есеп жүргізеді және менің пайымдауымша, ақпан айының жалақысы берілерде қаңтар және ақпан айларының үстеме ақысы бірге түседі», - деп жауап берді ол ҚР БҒМ алқасының кеңейтілген отырысы аясында журналистердің сұрағына.
Сонымен бірге, вице-министр жалақыға қосылған үстеме ақының аздығы туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсованың сынына жауап берді.
«Кабинетті меңгеру, сыныпқа жетекшілік етуге қосылатын төлемдер 5 мың теңгеден аспайды, бұл тұрғыда Қарағұсованың алаңдаушылығын түсінемін. Бірақ, қазір Мемлекет басшының тапсырмасымен қарастырылған лауазымдық жалақыны көбейтуде анағұрлым көбірек ақша қосылады. Мәселен, орта есеппен мұғалімдер 80 мың теңге алса, 30% үстеме ақы дәл осы 80 мың теңге негізінде, яғни шамамен 24 мың теңге қосылады», - деді Б. Асылова.
Вице-министрдің айтуынша, 1 қаңтардан бастап, республика аумағындағы 90 мыңға жуық мұғалімнің жалақысы көбейеді. 1 қыркүйектен бастап - 200 мың мұғалім ұлттық біліктілік тестін тапсыру арқылы өз еңбекақыларын көбейте алады. Аттестацияның жаңа ережелері әзірленіп жатыр.
Бұған дейін, Бибігүл Асылова өзінің қанша жалақы алатынын мәлім еткен болатын.