Мұғалімдерді маман тапшы өңірлерге тартуға арналған жаңа бағдарлама басталды
2022 жылғы 21 маусым 16:53

Мұғалімдерді маман тапшы өңірлерге тартуға арналған жаңа бағдарлама басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама қолға алынды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, мұғалімдер тапшылығы және білім сапасы нашар өңірлер мәселесі Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облысына қатысты болып отыр.

Аталған аймақтарда математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті және шетел тілі мұғалімдері жетіспейді.

Мәселені шешу үшін министрлік педагогтерге арналған арнайы байқау жариялап отыр. Қажетті құжаттар тізімі өңірлік білім басқармалары және НЗМ-нің (Назарбаев зияткерлік мектебі) ақпарат ресурстарында орналастырылған. Құжат қабылдау 2022 жылғы 26 маусымға дейін жүреді.

«Мұғалімдер осы бағдарламаға қатысып өз бағын сынай алады. Бағдарламаға тәжірибелі ұстаздармен қатар оқуды енді бітірген жас мамандар да өтінім бере алады. Жоғарыда аталған 4 өңірде үйлестіру кеңесі құрылды. Бағдарламаға қатысушы ұстаздар алдымен өз пәні бойынша тест тапсырады. Екінші кезеңге өткендер 350 сөзден тұратын эссе жазуы керек. Екі кезеңнен сәтті өткен мұғалім соңғы әңгімелесуден өтеді. Әңгімелесу ZOOM платформасы арқылы сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылады», - деді Гүлмира Кәрімова министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының тікелей эфирінде.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысушы мұғалім барлық тапсырманың 60 пайызын сәтті орындаған жағдайда жолдама алады.

Сондай-ақ, ұстаздар сынақты өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектебінде тапсырады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT