Мұғалімдер жалақысыз отыр: Абай облысының әкімдігі аталған мәселеге жауап берді

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде Абай облысында ұстаздардың бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргендігі жайлы ақпарат тарады. Осының ақ-қарасын анықтау үшін ҚазАқпарат тілшісі облыстық Білім басқармасына хабарласып көрді.

Facebook желісінде жаңадан құрылған Абай облысында мұғалімдердің жалақысыз жүргендігі жайлы ақпарат тарады.

Желі қолданушысы, журналист Қуаныш Рахметоллаұлы ұстаздардың 3 айдан бері айлық алмағанын жазған.

«Кеше Семейдегі өзім танитын бір мұғаліммен сөйлестім. Азық-түлік тұрмақ, күнделікті жұмысқа қатынау үшін жолға әзер ақша табамыз дейді. Қарыздан қарызға батып, не істерін білмей жүр. Сөйтсе бұл Семейдегі бір мұғалімнің емес, Абай облысындағы ұстаздардың басынан өткеріп отырған қазіргі жағдайы», - дейді ол.

Аталған мәселенің анық-қанығын білу үшін облыстық білім басқармасына хабарласып көрдік.

«Өңірлердің бөлінуіне байланысты осындай қиындықтардың туындағаны рас. Бірақ қазір қаржыландыру жүргізіліп, мұғалімдер еңбекақысын алып жатыр. Нақты айтқанда, оларға жалақыны 17 қазаннан төлеп бастадық. Әрбір коммуналдық мекеменің шоты болатындығы белгілі. Сол шоттарды ашқан білім беру ұйымдарының барлығына ақша түсіп қойды», - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Ақжігіт Абзалбек.

Оның айтуынша, мұғалімдерге 3 ай емес, екі ай жалақы төленбеген.


Соңғы жаңалықтар