Муайтайдан WMC чемпионы Еламан Саясатов: Мақсатым - барлық титулды еншілеу

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атандым. Ендігі мақсатым әлем чемпионы болу. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында күні кеше Астанада муайтайдан өткен Азия чемпионатында жеңіске жеткен Еламан Саясатов айтты.

«Муайтай спорты қазіргі уақытта әлем бойынша үлкен қызығушылыққа ие. Әсіресе кәсіпқойлар арасындағы бәсекелерге сұраныс жоғары. Қазақстанда да бұл спорт кеңінен таныла бастады. Кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атандым. Ендігі мақсатым әлем чемпионы болу. Жекпе-жекке аз уақыт қалғанда бұрынғы жарақаттарым сыр беріп, қиынға түсті. Енді мұндай мүмкіндіктің беріле бермейтінін ойлап, жаттығуларымды қалдырмадым. Жаттықтырушыларымның арқасында жеңіске жеттім. Атырауға алғаш болып титул алып келгеніме қуаныштымын. Мақсатым - мүмкін болған барлық титулды еншілеу», -  дейді Еламан.

Еске салайық, 16 мамыр күні елордада муайтайдан кәсіпқойлар арасында «Астана қаласы әкімінің кубогы» үшін халықаралық турнир өтті. Кеште Бүкіләлемдік муайтай кеңесінің (WMC) нұсқасы бойынша кәсіпқойлар арасындағы Азия чемпионы атағы сарапқа салынды.


51 келі салмақта WMC Азия чемпионы белбеуі үшін халықаралық дәрежедегі спорт шебері, атыраулық Еламан Саясатов пен Тайланд Корольдігінің чемпионы Конгкамрай Жирапонг кездесті. Тай спортшысы осыған дейін 95 кездесуде жеңіске жеткенін айта кету керек.

20 жастағы атыраулық спортшы қарсыласының тәжірибелі болғанына қарамастан оны нокаутқа түсіріп, жеңісті жұлып алды. Осылайша, Еламан чемпиондық белдікті беліне байлады.

Белдікті ҚР Муайтай федерациясының президенті Кәрім Мәсімов табыстады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Еламан Саясатов Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең үздік спортшылардың бірі. Ол биылғы жылы Мексикада өткен әлем біріншілігінде - күміс, былтырғы жылы Польшада өткен Бүкіләлемдік ойындарда алтын медаль еншілеген болатын. 

Соңғы жаңалықтар