МСҚ жыл басынан бері медицина ұйымдарына 868,3 млрд теңге төледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 868,3 млрдтеңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылдың 6 желтоқсандағы мәліметтер бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 868,3 млрдтеңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 91% проценті», - деді МСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ермек Пірімбетов.

2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 948,6 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 16 пайызға артық.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Ермек Пірімбетов.

Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 1412 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 728 жеке меншік клиника да бар, яғни ол 52 пайызды құрайды.

Мемлекеттен тапсырыс алған жеке меншік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.

Соңғы жаңалықтар