МСҚ жыл басынан бері клиникаларға қанша қаржы төледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 487 млрд теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) аясында бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылы 11 шілдедегі мәліметтер бойынша Қор тарапынан келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 487 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті ауқымында бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 54,8 проценті», - деді МСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.

2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге ниет білдірген медицина ұйымдарымен 889 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 процент артық.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Б. Жақселекова.

Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 1416 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 708 жекеменшік клиника да бар. Ағымдағы жылы олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 64-ке артқан. Мемлекеттен тапсырыс алған жекеменшік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып саналады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.

Соңғы жаңалықтар