МСҚ: Жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 464 млрд теңге бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 464 млрд теңге төледі.

Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылдың 12 маусымындағы мәліметтер бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 464 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 53,5 проценті», - деді Қордың басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.

2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 868 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 процент артық.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Ботагөз Жақселекова.

Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 1416 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 708 жекеменшік клиника да бар. Биыл олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 64-ке артқан.

Мемлекеттік тапсырысты алған жекеменшік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмек пакеті және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.

Соңғы жаңалықтар