Мойынқұмда 10 мың гектар алқапты шарпыған өртті тікұшақпен сөндіріп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Елімізде соңғы күндердегі аптап ыстыққа байланысты дала өрті жиіледі. 19 шілде күні 31 табиғи өрт оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында орын алған 19 табиғи өрт комитет бақылауында. Оны мамандар сөндіріп жатыр.

Оның ішінде ең ірі екі табиғи өрт Жамбыл облысында 18 мың га алқапты шарпыды. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Өртті сөндіруге ауа райы кедергі болып отыр: +38 градус, жел 17 м/с.

18 шілде сағат 9:36-да Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылынан 180 шақырымда, Қарабөгет ауылынан 50 шақырым қашықтықта Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Мойынқұм мекемесі аумағында құмды жерде 10 мың га аумақта құрғақ шөп пен сексеуіл жанған.

Өртті ауыздықтауға 219 адам, 51 техника және 1 тікұшақ жұмылдырылды.

19 шілде сағат 13:00-де Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылынан 100 шақырым жерде, Луговой орман шаруашылығының аумағында, құмды жерде құрғақ шөптің жануы орын алып, Мерке ауданы Сарықоба орманшылығы аумағына өтіп, алдын ала мәлімет бойынша 8 мың га аумақта өрт шықты.

Сағат 10:20-да өрт ауыздықталды. Оны сөндіруге 177 адам мен 35 техника тартылды.

Сонымен қатар, өткен тәулікте Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында құрғақ шөп жанған.


Соңғы жаңалықтар