«Мойылды неге менсінбейміз?» - баспасөзге шолу

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің қараша айларындағы сандарына жасалған шолудың үшінші бөлімін ұсынады.

Теректі ауданынан Б.Ғабдуллин «Мойылды неге менсінбейміз?» дейді.
Мойыл менің туған ауылым Қызылжардың іргесіндегі Жезбұға көлінің арғы бетіне шықсаң болды, біздің ауылдың аумағын алыстан орағытып, бұралаңдай ағып жатқан ерке сылқым Ақ Жайыққа дейінгі аралықта шоқ-шоқ болып өседі. Кейде ну орманға кіреберісте мойыл ағаштары ұшырасады. Бірақ бұл - өте сирек жағдай. Негізінен мойыл шоқтанып, өзге ағаш атаулыдан оқшау, өз алдына дербес өскенді қалайды. Құдды, өзгелерден бөлектеніп, өзара құпия сырларымен бөлісіп тұрған балауса бойжеткендер тәрізді. Бала кезімізде біздің ауылдың қыз-келіншектері иінағашқа екі шелекті іліп, тоғай жақтан мойыл теріп келе жатар еді. Сосын оны отқа ұстап, тосап қайнатады немесе уыстай езіп, күздің кемпіршуағына кептіріп, желге қақтырып, қақ жасайды. Сондай-ақ қыста жеу үшін шыны ыдысқа салып, үстіне аз-кем құмшекер сеуіп, бетін жауып, салқын жерге қоя салуға да болады. Маған өзінің қышқыл-тәтті табиғи дәмін жоймайтын мойылқақ көбірек ұнайды.
Әлқисса, өзіме бала кезден мәлім болғасын ба, маған, әйтеуір, бұтақтары тікенді келіп, жемісін теруді қиындататын биіктігі 1,5-3 метр шамасындағы мойыл ағашы Жайық жұртына бірсыдырғы таныстай көрінеді. Сәуірдің соңын ала, мамыр айының алғашқы күндері мойыл ағашы жапырақ жаймай жатып, оның бұтақтарын уақ аппақ гүлдер жабады. Бұл көрініс сырт қарағанда мың-сан ұсақ ақ көбелек қонып тұрғандай әдемі әсер қалдырады. Мойыл ағашы екі-үш жылдығынан бастап жыл сайын жеміс береді. Тамыздың соңын ала, қыркүйектен бастап жеуге жарап қалатын сыртында бозғылт қылаңы бар, негізі, түсі қара мойылды алғаш аяз ұрғаннан кейін жесеңіз, жүдә керім!

Мойылдың құрамы

Біз мойылдың құрамын білмек болып, ғаламтордағы дерек-дәйектерге үңілгенбіз. https://vkusnoblog.net сайтындағы «Терн» атты материалға сенсек, біздің бүгінгі «кейіпкеріміз» қантқа бай болып шықты. Мәселен, мойылдың 5,5,-8,8 пайызын қант, дәлірек айтқанда, фруктоза мен глюкоза құрайды екен. Сондай-ақ ғаламторлық дереккөзінде мойылдың құрамында алма қышқылы, пектин, стероидтер мен көмірсулар, азоттық түзілістер, Е, С дәрумендері (витаминдері), флавоноидтер мен катехиндер, кумариндер мен каротиндер, сапасы жоғары спирт пен минералдық тұздар, пальмитин, олеин, линол, стеарин және элеостеарин секілді майлар бар екендігі жазылған. Мойыл жемісінің құнарлылығы 100 грамға 54 килокалорияны құрайды. Тіпті мойылдың жапырағының өзінде Е, С дәрумендері, флавоноидтер, фенолкарбондық қышқылдар мен антоциандар бар деседі. Ал мойыл ағашының тамыры тері илеуге және бояуға қажетті заттарға бай көрінеді.

Емдік қасиеттері

Ендігі кезекте мойылдың емдік қасиеттеріне зер салайық. Ғаламторлық мәліметтер жаңа терілген мойылға қоса, мойылдан қайнатылған кисель мен компот, тосап пен тұнба ішек-асқазан жүйесінің жұмысы бұзылғанда, асқазанның ойық жарасы (язва желудка) мазалағанда, тамақтан уланғанда, ұшынғанда дертке дауа екендігін алға тартады. Сонымен қатар мойылды бүйрек пен бауырды емдеуге де пайдалануға болады екен. Мойылдың үр жаңа шырыны сары аурудан (гепатит) айығуға жәрдемдеседі. Ал мойыл шарабы ішек жұқпасы (кишечная инфекция) кезінде керім шипалы көрінеді. Мойылды тәбетті арттыру үшін, сондай-ақ микроб-бактерияларды жоятын антисептикалық дәрі-дәрмек ретінде және зәр айдау үшін де жейді. Құрамында мойыл бар дәрі-дәрмектер суық тигеннен жазылуға, қақырық түсіруге, іш жүргізуге, несеп айдауға оң ықпал етуге қоса, біздің ішкі ағзаларымызға қатысты бірыңғай салалы бұлшық еттерді босаңсытатындықтан, тамырлардың ішкі ағзаларға қан құрамындағы плазма мен түйіршіктерді өткізуін бәсеңдетеді. Ал бұл жайт ағзаны ісінуден сақтандырады. Денсаулығын нығайту үшін ара-тұра Қытайға барып, сол елдің медицинасына арқа сүйеп қайтатын Мұрат есімді бір танысым бірде әңгіме барысында қытай халық медицинасы мойылдың қан сұйылтар қасиеті бар деп есептейтіндігін айтқан-ды. Алайда өз басым осы материалға дайындық барысында ғаламтор мен менің қолыма түскен ғылыми әдебиеттерден аталмыш мәліметті не растар, не теріске шығарар ешқандай мәлімет ұшыратпадым. Әгәрки әлгі ақпарат ақиқат болса, яғни мойылдың қан сұйылтар қасиеті барлығы рас болса, қазақстандықтардың арасында қазіргідей жүрек-қан тамырлары аурулары өршіп тұрған заманда тіпті керім емес пе?!
Мойылдың гүлі де пайдалы. Оны суға қайнатып, тер шығару, іш жүргізу және зәр айдау үшін ішеді. Мұндай сусын жүрек айнуы мен құсуды тоқтатып, ағзадағы зат айналу үдерісін жақсартып, жүйкені тыныштандырады. Мойыл гүлі тұнбасының гипертониялық дерт пен қуық асты безі қабынғанда, бауыр дертіне, сонымен қатар тері ауруларының іріңді жарасы мен сыздауық-шиқан атаулыға да дауасы бар. Ал мойылдың жас жапырағын шай ретінде қайнатып ішуге болады. Мұндай шай іш жүргізу мен несеп айдауға қоса, денедегі жараның жазылуын тездетеді. Жалпы қайнатылған мойыл жапырағы тұнбасының тері аурулары өршігенде, жиі-жиі іш қатқанда, нефрит пен циститке шалдыққанда, қуық асты безі қабынғанда да (аденома простаты) шипасы бар. Үшбу тұнбаны ауыз қуысы қабынған кезде ауыз қуысын шаю үшін де пайдаланады. Оның үстіне мойыл жапырағының шайы қимыл-қозғалысы аз адамдарға, мәселен, көбіне-көп бір орында отырып жұмыс істейтіндерге пайдалы. Ал енді мойыл ағашының қабығы мен тамырын қызу түсіретін дәрі-дәрмек ретінде де тұтынады. Сонымен қатар мойыл ағашының сыртқы қабығының астарын жаңа сыдырылған күйінде немесе оның қайнатылған тұнбасын компресс ретінде терінің тілімденген тұстарына басса, кеселге керім ем көрінеді.
Көрдіңіз бе, бір мойылдың өзі мың-сан дертке дауа екен. Есесіне мойылдың шемекісінің ішіндегі дәнінде (тұқымының құрамында) улы гликозид бар. Сол себепті мойылдан жасалған өнімдерді бір жылдан асырмай тұтынған жөн. Егер мойыл өнімдері бір жылдан ұзақ сақталған жағдайда тұқымның сыртқы қатты қабығы жарылып, дәннің құрамындағы жаңағы улы гликозид мойылдан жасалған компот, тосап сияқты өнімдерге жайылуы кәдік.
Жалпы, Жайық бойының қазағы тегін теріп алатындықтан, мойылға менсініңкіремей қарайтыны жасырын емес. Бірақ осы мақаланы оқығаннан кейін мың-сан дертке дауа мойылға деген сіздің көзқарасыңыз өзгерді деген сенімдемін.
Ендеше, тоғайда мойыл әлі бар, демек, тоғайға мойыл теруге беттеңіз немесе базарға жүгіріңіз!
Газеттің 10 қараша күнгі санында Н.Алтайұлы «Қолөнерге бейім бала кәсіптің кілтін ерте табады» деген мақаласында дарынды бала жайын сөз етеді.
Баланың қолөнерге икемді екенін ерте аңғарып, оған бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Ал Орал қаласында орналасқан облыстық техникалық шығармашылығы орталығы түрлі бағытта талантты жасөспірімдердің бойындағы қабілетін ұштап, болашақ кәсібін айқындауға мүмкіндік береді. Соның ішінде «Кеме үлгісі» үйірмесіне оқушылар қызығушылықпен қатысады. Теректі ауданы Подстепный ауылындағы мектептің 8-сыныбында оқитын Ербол Бисенов кеме үлгілерін жасаумен шұғылдана бастағанына бір жылдай уақыт өткенін, үйірме жетекшісі ерінбей-жалықпай үйрететінін айтты. Мектептегі сабағы аяқталысымен, түс қайта ауылдан Орал қаласына қатынайтын қоғамдық көлікке мінуге асығады.
Шығармашылық орталықта үйірмеге қатысатын балалар алты топқа бөлінген. Соның ішінде екі топ Орал қаласындағы №10 және 47 мектептерде ашылған. Әр топта он екі баладан бар. Үйірме мүшелері қолөнердің алғышарттарын меңгеріп қана қоймай, елімізде өтетін кеме үлгілері арасында ұйымдастырылатын техникалық спорт жарыстарына қатысып, жүлделі орын алып жүргендерін атап өткен ләзім. Яғни шағын кемелеріне кішкене мотор қондырып, суға түсіргеннен кейін оны арнайы тетікпен (пульт) жүргізе білу қабілеті сыналады. Әрине, бәсекеде биік тұғырдан көрінуі үшін ерінбей-жалықпай тер төгулері, тынымсыз ізденулері, үйірме жетекшісі Мирболат Құспановтың берген тапсырмасын бұлжытпай орындаулары тиіс.
М. Құспановтың балалық шағы Қазталов ауданы Қошанкөл ауылында өткен. Балғын кезінен ағаштан, темірден жасалған бұйымдардың қалдықтарынан ойыншық мәшине, трактор және тіркемелерді оңай құрастырып алады екен. Әкесі Бақтыгерейдің қолы шебер болғаны, балаларын еңбекке, техниканың тілін білуге ерте баулып, өз бетімен аула, қора-қопсы жөндеуге үйретуі кейінгі өмір соқпағында тез пісіп-жетілуіне зор септігі болды. Ағасы Нұрболат әлі күнге дейін ауылда ат әбзелдерін жасап, тері илеп ер-тұрман әзірлеумен шұғылданады. Кейіпкеріміз ағайындарына бұл қасиет нағашы жұртынан да жұғысты болғанын айтты.
Ауылдағы мектепті тәмамдаған соң, Мирболат Бақтыгерейұлы Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педколледжде оқып, еңбекке баулу пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. 2005-2008 жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бейнелеу өнері және сызу факультетінің күндізгі бөлімінде теориялық білімін жетілдіреді. Кейін түрлі мекемеде қабырғаға көрнекі тақта ілу, кеңсе безендіру жұмыстарымен айналысады. Ал облыстық техникалық шығармашылығы орталығында қызмет еткеніне алты жыл болыпты.
Жас жігіт 2011 жылы Астана қаласында ересектер арасында өткен республикалық техникалық спорт жарысына S-1 класты желкенді кемесін қосып, жүлделі екінші орын алып қайтады. Содан кейін ел біріншілігінде ешкімге «бәйгенің» басын бермейді. Оның дайындап апарған кеме үлгілері су бетінде жыландай сусып, мәре сызығын кесіп жатады. Бүгінде Мирболат Бақтыгерейұлы спорт шеберлігіне үміткер атағын алғанын және еліміздегі жоғары деңгейлі сайыстарда төрелік етіп жүрген санаулы қазақ мамандарының бірі екенін атап өткен жөн. Әрине, біздің өңірдің өндірдей жас өнертапқыштары техникалық спорт түрінен белсенді көзге түсіп жүр. Үйірме мүшелерінен Орал қаласындағы №44 және №27 мектептің 9-сынып оқушылары Қуаныш Хамзин мен Фархат Шәріпов, №36 мектептің 8-сынып оқушысы Нұрбек Темірхан кемелердің күрделі түрлерін жасауға әбден ысылып, қатарының алды болып, қабілетімен озық келе жатқаны қуантады. Бірақ бапкер-ұстаз бұл оқушыларды басқаларынан бөле-жара қарамайтынын, бәрі де айрықша ықыласты екенін атап өтті. Үйірме жетекшісінің ендігі арманы - техникалық спорт түрінен әлем чемпионатына қатысу.
Кеме үлгісін жасарда (модельдеу) теориялық сызба міндетті түрде мұқият тексеріледі. Сызықтың барлық өлшемінің дәлдігін, әр бөлшектің орнықтылығын түрлі нұсқамен салыстырып, жан-жақты ізденіске бой ұруды, ғаламторға жиі жүгінуді қажет етеді. Кеменің желкенін тарту, үстіңгі қоршауын салу, қорабының қалыбын тартымды қылу, бояуларының үйлесімдігін қадағалау оңайға соқпайды. Әрбір кеменің шикізаты әр түрлі. Біреуі ағаштан қиюласса, біреуі темірден кесіп-пісіру арқылы дайындалады, енді бірінің құрылысына ПВХ-жақтау қолданылады. Сондай-ақ пластамасса, қаңылтыр, картон қағаз да қажетке жарап жатады. Кеменің діңгегін, зәкірін, қақпақтарын орнату, микроқозғалтқыштарын басқару тұтқасымен іс жүзінде сынау жұмыстары оқушыларды ептілікке, зейінін шоғырландыруға, байыптылыққа, төзімділікке үйретеді. Олардың танымында азаматтық және әскери кемелердің ерекшелігі, олардың техникалық жабдығы жөнінде мағлұмат ерте қалыптасады. Атап өтерлігі, кеме үлгілерін жасауға өзен-көл жағалауларындағы қоға кеңінен пайдаланылады. Ол үшін қысқы мезгілде әбден қураған қоғаны кесіп алған соң, мұқият кептіріп, жинап, тазалап, ішкі ұлпасын түсіру керек. Кейін әр бөлік ұзына бойы 3 мм қалыңдықта тілінеді. Кеме үлгісіне дайын құрылыс материалы болып шыға келеді.
Үйірме жұмысында техникалық қауіпсіздік міндетті түрде ескеріледі. Өзара арақашықтықты сақтау, кеңсе пышағы пайдаланылса, оны мұқият қолдану, өткір жүзін сабына жасырған күйінде беруден бастап, қондырғыларда материалдарды кесу, жону тәртібіне дейін мұқият үйретіледі. Облыстық техникалық шығармашылығы орталығында қабілетін ұштайтын жасөспірімдер арасында Оралдағы «Зенит» зауытына экскурсияға барады. Бірақ әскери кеме жасаудың технологиясы құпия ұсталынатындықтан, екіжақты тәжірибе алмасу нақты жолға қойылмаған.
«Теориялық сызбалармен жете танысқан бала болашақта кез келген құрылыстың жөн-жобасын білетін болады. Қалада үйірмеге қатысқан бір жасөспірім кейін үйде есікті жөндеу, шеге қағу, құрал-саймандарды орнымен пайдалануға, яғни қарапайым қолеңбегіне икемді бола түскенін айтып, ағынан жарылғаны бар. Кейде мектеп түлектері үйірмеге ерте келмегеніне өкініп те жатады. Баланы еңбекке ерте баулып, бойындағы талантын жетілдіруге жағдай жасаған жөн. Мен оқушыларыма әрбір кеме жобасын жасарда неғұрлым тиімді әдіс-тәсілге жүгінуге кеңес беріп, бірнеше амалдың ішінен өзіне оңтайлы жолды таңдауға, сөйтіп зейініне салмақ түсірмеуге кеңес беремін. Біздің үйірмеде уақыт қызғылықты өтеді. Бағзы заманнан бермен екі жүзден астам кеменің түрі қолданысқа енді. Осыдан-ақ өзіңіз ой түйе беріңіз. Біздің елімізде жиырма төрт кеме үлгісі жасалады, - деді үйірме жетекшісі.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген нақыл тегін айтылмаған. Кәсіптен нәсіп табуға адам жастайынан жан-жақты ізденіп, қиындыққа шыңдалып өссе, жемісті болмақ.

Қазталов ауданынан С.Жұмағалиев «Қорымдар қараусыз қалмасын» дейді.
Жақында іссапармен көршілес Бөкей ордасы ауданының Саралжын ауылында болдық. Осы округке қарасты Құрманкөл деген жер бар. Ал бұл жерде халқымыздың біртуар азаматтары дүниеге келген.
Олардың арасында жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері Қайырғазы Имашев, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, иллюзионист, мүсінші, суретші, сазгер Сағит Садықов, белгілі күйші, Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмілов, тарихшы, профессор Исатай Кенжәлиев бар. Сонымен қатар кешегі Рио олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Данияр Елеусіновтің үшінші атасы және атақты дирижер, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевтің ата-анасы да осы елді мекенді қоныс еткен. Былайша айтқанда, бұл жер халқымыздың атын шығарған қасиетті топырақ деуге болады.
Құрманкөлдің қасында ескі қорым бар. Ақсақалдардың айтуынша, бұл жерде күні кешеге дейін жылқының қылын қосып тұрғызған зираттар болыпты. Мал сүйкеніп, жауын шайғанның салдарынан олардың көпшілігі құлаған. Кейбірі жартылай құлап тұр. Бұл қорымнан бес шақырым қашықтықта тағы бір қорым бар. Онда Шамғон Қажығалиевтің ата-анасы жерленген.
1980 жылы Шамғон ағамыз белгі қойған бұл зираттың да жағдайы мәз емес.
Осы мәселеге Бөкей ордасы ауданының басшылары мән беріп, қос бірдей қорымға көз қырын салса, қоршаса, ата-бабалардың аруағы риза болар еді әрі елге танымал олардың ұрпақтарын құрметтегендік болып табылады емес пе?!

«Елбасының еңбегі ерен» - «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің бастауыш партия ұйымдары төрағаларымен кездесуінде осылай атап көрсетілген.
- Егемендіктің іргетасын берік құйған Елбасымыздың еңбегі ерен екені баршаға мәлім. Ұлт көшбасшысы мемлекеттің стратегиялық даму жолын көрегенділікпен көрсете білді. 1997 жылы Астананың Ақмола қаласына көшірілуі тарихымыздағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Содан бері шаһардың инфрақұрылымы қарқынды дамып, сәулеті күннен-күнге көркейе түсуде. Елбасының бастамасы геосаяси тұрғыда орнықты шешім болғаны уақыт өте дәлелденіп, әу бастағы көптің көкейіндегі күмән сейілді. Міне, келер жылы «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесі сән-салтанатымен өтпек. Сәулетті ғимараттарға толы ғажайып шаһарға айналған Астанада жаңа құрылыстар үзіліссіз жүргізілуде. Елорда қалай еңсе тіктесе, Қазақстан халқы да егемендіктің елең-алаңындағы қиын кезеңде төзімділік танытып, бақуатты тұрмысқа қол жеткізді. Мемлекетімізде тұрақтылық пен татулықтың тұғыры бекем орныққан. Қазақстан халқы ассамблеясы байтақ жерімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып, жарқын болашаққа бірге қимылдауына мұрындық болды. Ендігі уақытта «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға жаппай ұмтылу, әлемді шарпыған дағдарыс кезінде оңтайлы жол таба білу міндеті алда тұр, - деді Серік Кенжебекұлы.
Ол сындарлы кезеңде өңірдегі жол жөндеу, елді мекендерге ауыз су және көгілдір отын тарту, инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан жеткілікті қаражат бөлініп жатқанын баяндады. Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін нығайту жолында қосқан айрықша үлесін әңгімеледі. Дөңгелек үстелде сөйлеген «Жас ұрпақ» жасөспірімдерді әлеуметтік дамыту орталығының директоры Светлана Әділова жастар тәрбиесіне жіті назар аудару қажеттігін айтып, партиялық жобалардың сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Б.Қосжанұлы «Мүмкіндіктер уыстан шықпасын» деген мақаласында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған бірқатар басқарма мен сала жетекшілері бар топтың Ақжайық ауданындағы Қабыршақты ауылдық округінің орталығы 1 Май және аудан орталығы Чапаев ауылдарында тұрғындармен кездескенін мәлім еткен. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша халықпен дидарласуларда ел мерейтойы жылындағы міндет-мақсаттардың жүзеге асырылуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, көкейкесті мәселелер кеңінен баяндалды, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйледі.
Кездесулерде А. Өтеғұлов тәуелсіздік жылдары жұртымыз қол жеткізген оң өзгерістер Ақжайықтан да айқын көрінетінін, көптеген көрсеткіштер бойынша бұл үлкен аудан алда келе жатқанын, мерейлі істерді толықтыруда әлі де пайдаға асуға тиісті мүмкіндіктерді атап көрсетті.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың жетекшісі Жанат Асантаевтың айтуынша, жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, ауданда мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру арқасында жұмыспен қамту орталығы арқылы 146 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 169, оның ішінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 48 адам еңбекке орналасқан. Қазіргі кезде ауданда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 11 жоба орындалуда, содан бүгінге 97 адам «екі қолға бір күрек» тапты. Аталған бағдарламаның ІІ бағыты бойынша өз істерін ашу мақсатында 24 тұрғын 69,0 млн. теңге несиеге қол жеткізді. Ал ІІІ бағыт бойынша 16 адам кәсіп тік оқуға жолданды.
Кездесулерде мына деректер тілге тиек болды: бүгінде Қабыршақтыда жұмыссыз ретінде жеті тұрғын тіркелген. Жыл басынан бері ақылы қоғамдық жұмыстарға кезегімен 37 тұрғын жолданса, 25 қабыршақтылық тұрақты жұмыс тапты. Жылдың 10 айында ауылдық округте 12 жұмыс орны ашылған. Ал аудан орталығында 177 чапаевтық тұрақты табыс көзіне қол жеткізді, 121 жұмыс орындары жасақталды.
Ауданда «Өрлеу» бағдарламасы барған сайын күш алуда. Шартты ақшалай көмек арқылы жанұяның әлеуметтік белсенділігін арттыруды көздейтін «Өрлеудің» арқасында 58 отбасы малданып, шаруа ауқымын кеңейтіп, еңбекке үйіріле түсті. Осындай істердің өрісін кеңейту үшін қолдан келген барлық шараны алған абзал.
Егер облысымызда 523,5 мың ірі қара болса, соның 76,0 мыңы Ақжайық ауданына тиесілі, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден көбірек. Сондай-ақ ауданда саны тұрақтанып, көбейе түскен 27,8 мың бас жылқы, 243,6 мың бас уақ жандықтың болуы зор мүмкіндікті айғақтайды. Бұл туралы кездесулер мінберінен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков айтты. Ет, сүт өндірісі барған сайын ұлғаюда. «Сыбаға» бағдарламасымен 11 шаруа қожалығы 158,4 млн. теңге несиеге ірі қараның 818 бас аналығын және 36 бас аталығын сатып алды. Түліктерді асылдандыру жөнінде ақжайықтықтарда бай тәжірибе жинақталып отыр. Көптеген ауылда ірі қара аталығын сатып алу жөніндегі жоспар артығымен орындалуда. Осындай ұмтылыстың нәтижесінде шаруалар кешегі күнге дейін 444340,8 теңге субсидия иеленді. Біраз жеңілдігі бар «Агробизнес - 2020» бағдарламасымен шағын мал бордақылау алаңдарын салуды қолға алып жатқандар бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жеке аулада отбасылық бордақылау алаңдарын қаржыландыруды көздейтін бағдарлама дайындап жатқанын да айта кетейін. 4 млн. теңгеге дейін қарыз 54 айға 6 пайыз жылдық сыйақымен беріледі. Мұны пайдалануға да барлық ауылда мүмкіндік бары сөзсіз», - деді М. Оңғарбеков.
Ауылдықтар алдында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова емханалардан скринингтен уақтылы өту жөнінде қаперге салды. Өкінішке қарай, оның айтуынша, денсаулыққа салғырттық әлі күнге ұшырасады. Балаларына екпе жасатудың маңыздылығын ұғынбайтындар бар, Ақжайық ауданында 55 бала, оның ішінде осы Қабыршақты ауылдық округінен 25 балаға мезгілінде екпе жасалмаған. Вакцинациялаудан бас тарту діни теріс түсініктерге байланысты болып отыр. Мұның ұл-қыз денсаулығына зиянын айтып жату артық.
Балалар мен жастар тәрбиесіне қатысты ой-пайымдарымен дін істері жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Талғат Нығыметов те бөлісті. «Діни сауаттылық бүгінде ауадай қажет екені мәлім. Ал ұл-қыздарымыз оны қандай әдебиеттерден немесе әлеуметтік желілерден алуда? Осыған сақ болуымыз керек. Бүкіл толғандырар сұрақтар бойынша тек халыққа танымал дін қызметкерлерінен, теологтардан, мешіттерден алуға бо-латынын ұмытпайық. Әке-шешелер өз перзенттерінің ашық күнде адаспауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасағаны абзал», - деді ол.
Кездесулерде сондай-ақ облыс прокурорының орынбасары Тәжиден Найманов ІІД бастығының орынбасары Берік Өтеулин сөз сөйлеп, өз салаларының тынысынан хабардар жасады.
А. Өтеғұлов дидарласулар барысында тұрғындардың өтініштеріне зор мән берді. Қабыршақтылықтардан, мысалы, ауылдық округ орталығына кіреберіс жолдың нашар жағдайына байланысты сауал көтерілді. Ауылдық тұтыну кооперативінің жұмысына байланысты да сұрақтар берілді. Ветеринариялық қызметке және 1 Май ауылының тазалығына қатысты өкпе-реніш айтылды. Ауылдық округ әкімінің тұрғындармен қарым-қатысы нашар болғаны ма немесе бұл жағдайларды тереңірек білмей ме? Арман Кәрімұлы осындай сұрақпен қайырылып, кемшіліктерді түзетуде уақыттан ұтылмау керегін қаперледі.
Чапаев ауылдық округі тұрғындарынан аудан орталығы іргесіндегі Жайық елді мекеніне апаратын жол жөнделсе деген өтініш айтылды. Аудан әкімі Ә. Жоламанов автожолдар немесе көше жолдары кезең-кезеңімен жайландырылатынын айтып, басқа да сұрақтар бойынша түсініктер берді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл жұмыс сапары барысында тұрғындарды жеке қабылдаулар да жүргізді.

Қ.Құттымұратұлы «Тіл майданының сардары» жөнінде жазады.
«Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз».
Ғұмар ҚАРАШ
Баспасөзде оқтын-оқтын тіл мәселесі көтеріліп қалады. Әсіресе, орыстілді ақпарат құралдары қазақ жерінде отарлық кезеңнен қалған, орыстандыру мақсатында қойылған ономастикалық атауларды тарихи атауларымен ауыстыру немесе жаңа ат қою мәселесі көтерілсе, аттанға басып, азан-қазан қылуға құмар. Жақында да солай болды.
Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Ақ Жайық өңірінде отарлау көріністері көбірек болуы заңды. Батыс Қазақстан облысында 59 елді мекен мен 184 көшеге лайықты атау керек деген ақпарат облыстық басылымға жарияланған соң баяғы аттаншылар тағы бір шу көтеріп, ел ішіндегі тыныштықтың іргесін шайқамақ болды. Осындай кезде таяқтың бір ұшы облыстық тіл басқармасына, оның басшыларына тиіп кететіні бар. Әсіресе, аталмыш дау кезінде басқарма басшысының міндетін атқарып жүрген Гүлнәр Әлжанованың от пен оқтың ортасында қалғаны анық.
Осындайда «Тіл соғысы» деген еңбек жазған Азат Кәрімұлының пікірімен толық келісесіз. Қазақта «Өмір - күрес» деген сөз әуелден бар. Ал талай жыл теперіш көрген қазақ тілі, шын мәнінде, «мемлекеттік» деген мәртебеге лайық болғанша әлі талай күрес, әлі қанша күрескер керек десеңізші!
Ал мен білетін Гүлнәр Жәрдемқызының стихиясы - әу бастан күрескерлік. Марқұм ұстазымыз Жәрдем ағай Әлжанов та өте парасатты, әділ адам болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстың майдангері, тарихшы Жәрдем ағайды бүкіл ауыл сыйлайтын. Ағайдан тараған тоғыз ұрпақ өмірден түгел орнын тапты. Соның ішінде Гүлнәр Жәрдемқызының ұлтқа жасап жүрген қызметі ерекше деп ойлаймыз.
Анау бір жылы жергілікті басылымдардың бірінде Орал казачествосын «тарихта болған толыққанды мемлекет» ретінде сипаттаған провокациялық мақалаға табанды тұжырым, салиқалы сөзбен жауап берген де Гүлнәр Жәрдемқызы болатын. Ол кезде Гүлнәр апайдың қызметі тіл басқармасына маңайласпайтын да еді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Оралда бір күнде отыз көшенің аты өзгерді. Көп адам қуанды, біреулер әдеттегідей айғайға ұран қосып, шу шығармақ болған. Өтті ғой.
Иә, тіл майданы - көзге көрінбейтін соғыс. Бауыржан Момышұлы айтқандай, идеология саласындағы соғыс мәңгі-бақи жалғаса береді. Бұл майданға өз ісіне берілген, табанды, әдісті, білімді сарбаздар керек. Жанкешті жауынгерлер керек. Стратегиясы айқын, тактикасы дұрыс жоспар керек. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демей ме? Сан көбейсе, сапа артса, Ғұмар Қараш атамыз армандаған «әрбір істе қазақ исі аңқығанын» көретін заман да туары анық.
Міне, Қазақстан Республикасының 25 жылдығы қарсаңында тағы бір сілкініп, отаршылдық ономастиканың шаңынан арылғалы жатырмыз. Бұл - уақыт талабы. Тәуелсіз елде туған, екі мүшел жасап үлгерген жаңа ұрпақтың талабы осы. Мұны енді ешбір шуылдақ тоқтата алмайды.
Кейбір отандастарымыз «тарихи атауды сақтау керек» деген желеу айтады. Мысалы, Ақжайық ауданындағы Коловертное ауылының атауын өзгертуге болмайды-мыс. Тіпті ол жерде бір де бір славян тектес тұрғын қалмаса да, қазақ балалары тілін бұрап, «туған жерім - көлөбөртный» деп тұруы керек екен.
Әрине, казачество тарихын сүйетіндер үшін Жайық бойындағы топонимдердің өзгеруі «тарихи әділетсіздік» шығар. Бірақ одан трагедия жасауға болмайды. Тарихтың арғы жағында да тарих бар. Круглоозерный елді мекенінің байырғы атауы «Қырықкөл» екен деген деректі сол казак өлкетанушыларының өз еңбектерінен көрдік. Кезінде Алтын Орданың астанасы болған Сарай Берке қайда қазір?! Бүгінгі картада Астрахан облысындағы Селитренный деген ауыл ғана. «Стамболға Константинополь деген тарихи атауын қайтарыңдар» десең, күлкіге қалмайсың ба? Сондықтан «өнбейтін дауды өспейтін бала қуады» деген. Мемлекетке атауын беріп отырған халық, елді мекен тұрғындарының басым бөлігін құрап отырған халық - өзі тұратын жердің, ұл-қызының туған жерінің атауын ақылмен шешеді, тарихи әділеттілікті қалпына келтіреді. Ол - таң атқандай, күн шыққандай ақиқат нәрсе.
Философия ғылымдарының докторы, өзім ерекше сыйлайтын Тілекжан Рысқалиев ағамыз бір мақаласында: «Әр адам өмірде өз рөлін ойнауы керек, өз ісімен айналысуы керек, өз орнын табу керек. Бірақ жан-жақты адамдарға қай рөл де жарасады, қай істен де олар өздерін таба алады. Сондай жан-жақты жанның бірі - Гүлнәр» деп жазған екен. Өткендегі «ономастика шайқасы» кезінде майдан алаңында қалып, біраз соққыны өзіне қабылдап алған Гүлнәр Жәрдемқызын қолдап, мемлекет жүргізіп отырған ономастика саясатына да өз көзқарасымды білдірейін деп, осы бір пікірімді жазып отырмын.

«Кооперацияның тиімділігі неде?» деген ақпаратта (А.Өтебәлі) "Ақжайық" шипажайының мәжіліс залында ауыл шаруашылығы мамандарына арналған семинар өткені баяндалған.
Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Нұрмағамбетов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқытушылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл әкімдері және ауыл шаруашылығы мамандары қатысты.
- Семинар, негізінен, ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбына арналған. Семинарға облыстың түкпір-түкпірінен келген 179 адам қатыспақ. Бұл шараны екі кезеңде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезең 7-9 қарашада, ал екіншісі 10-12 қараша күндері өтеді. Семинардың алғашқы кезеңіне 88 адам қатысып отыр. Олар бүгін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі бойынша дәріс тыңдап, бұл тақырып бойынша өздерінің ой-пікірлерін ортаға салады. Жиында селекция, мал азығы мен мал өнімдерін өндіру және түрлі мал ауруларын ауыздықтау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ кооператив құру ісі мен бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау жәйі түсіндіріледі. Біз бұл семинарды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлерімен бірігіп ұйымдастырып отырмыз. Аталмыш шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - ауыл тұрғындарына 2015 жылы шыққан кооперация туралы заңды түсіндіру. Бұл заң ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылуға тиіс болғанымен, әзірге өз деңгейінде әрекет ете алмай отыр. Ауыл адамдары ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға асығар емес. Сондықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бізге осындай семинарларды жергілікті жерлерде ұйымдастырып, кооперация туралы заңды халыққа түсіндіру жөнінде тапсырма берді. Семинардан соң ауыл шаруашылығы мамандары өз аудандарында, ауылдық округтерде тұрғындарды жинап, кооператив құрудың тиімділігін түсіндіруі тиіс. Сөйтіп, олар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісін тездетуге ықпал етпек.
Жалпы, ауыл шаруашылығы кооперативі ауылдағы жеке аулаларды біріктіру арқылы жасақталмақ. Ауыл тұрғындарына жеке-жеке тірлік жасағаннан гөрі осындай кооперативтерге бірігіп әрекет еткен дұрыс. Өйткені олардың жеке тірлігінен ештеңе өнбейтінін өмірдің өзі дәлелдеді. Жеке-дара тіршілік еткенде олар малды бағып, күту жұмысында, сондай-ақ малдарының еті мен сүтін, жүнін өткізгенде, үлкен қиындықтарға тап келді. Ауыл адамдары кооператив құрып біріксе, мұндай қиындықтар болмайды. Кооператив құрғанда олар өздері орталарынан басшы сайлайды. Сол басқарушы адам арқылы түйткілді мәселені шешу үшін мемлекеттен қолдау-көмек алады. Мысалы, олар мал басын көбейтуге, мал азығын дайындауға қажетті техникаларды сатып алуға, су мәселесін шешуге мемлекеттен субсидия ала алады.
Бүгінгі таңда елімізде ет пен сүт өнімдерінің 80 пайызын жеке аулалар беріп отыр. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін оларға толыққанды жағдай жасалуы керек. Ауыл шаруашылығы кооперативін құру осы мақсатта қолға алынып отыр, - деген Едіге Насанбаев жеке аулалардың басын біріктіріп, осындай кооперативтерді құрғанда ғана сапасы жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге болатынын айтты. Профессордың сөзінше, бұл жағдай сапалы ет пен сүт өнімдерінің мөлшерін ұлғайтып, оларды экспортқа көптеп шығаруға мүмкіндік береді.
Семинардың алғашқы күнінде БҚАТУ оқытушылары Едіге Насанбаев ауыл шаруашылығы мамандарына кооперация туралы заңды түсіндірсе, Әлия Ахметәлиева жиналғандар назарына мал азығын дайындау технологиясы мен жас төлдердің алты айға дейінгі бағым-күтімі бойынша заманауи әдіс-тәсілдерді ұсынды.

«Заңдылық қатаң қадағаланбақ» деген ақпаратта (С.Ихсанғали) Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық бөлімшесі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Азамат Айтуевтің БАҚ өкілдері алдында он айлық жұмысы туралы есеп бергені айтылған.
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері ҚР еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауда талай толымды істердің басын қайырған. Мәселен, Еңбек кодексі нормаларының бұзылуы немесе бұрмалануына байланысты және еңбек заңнамасына түсінік беруге орай өткен мерзім ішінде 932 арыз-шағым, өтініш тіркеліпті. Соның 821-і - арыз, 111-і өтініш екен. Басым көпшілігі қаралып, тиісінше шаралар алынып және жазбаша түсінік берілген. Ал 33-і қаралу үстінде, қалғанына мазмұнына орай тиісті шешімдер қабылданған. Бұдан басқа ағымдағы жылдың он айы ішінде түрлі меншік нысанындағы кәсіпорын мен мекемеге 365 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Қосымша ішінара тексерістің саны - 11. Тексеріс барысында 399 заңбұзушылық анықталып, оның басым көпшілігін еңбек қатынастары құраған. Қалғаны еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, халықты жұмыспен қамту бағытының үлесінде. Барлық заңбұзушылықтар бойынша шара қолданылуда. Еңбек қатынастары бойынша заңбұзушылыққа еңбек-ақыны мезгілінде және толық төлемеу, еңбек шартының жасалмауы, тәртіптік шара қолданудың бұрмалануы және басқасы жатады. Бәрінен бұрын аталған заңбұзушылықтардың ішінде жалақыны мезгілінде және толық төлемеу басты орында тұр. Соған байланысты аталмыш инспекция қызметкерлері кінәлілерге айыппұл салудан бастап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін күштеу шараларын қолданып келеді. Мысалы, ағымдағы жылы 56 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы саны 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Кейбіреулерінің ісі сотқа жолданыпты. Жұмысын істетіп алып, жалақысын төлеуден жалтаратындардың ішінде «Компания Бурлингазстрой» ЖШС, «СпецСтройСервис» ЖШС, «Орал жолдары» АҚ және басқасы бар. Алынған шаралардың нәтижесінде он айдың ішінде 227 кәсіпорында 2536 қызметкерге тиесілі 322 157 мың теңге жалақы қарызы өтелген. Алайда күні бүгінге дейін 12 кәсіпорынның 338 қызметкер алдында 182715 мың теңге тиесілі қарызы бар екен. Демек, жыл аяғына дейін аталмыш жұмыс жалғасын табуы тиіс.
Шыны керек, еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігі саласында да олқылықтар байқалады. Ең бастысы, жазатайым оқиға мен жарақат алу жағдаяттары азаймауда. Тілге тиек етсек, биылғы он айдың ішінде 19 адам қаза тауып, жазатайым оқиғадан 94 жұмысшы зардап шекті. Жазатайым 75 оқиға бойынша арнайы тергеу-тексеру құжаттары полиция қызметіне жолданып, 28 қылмыстық іс қозғалған. Аталған заңбұзушылықтар бойынша 21 нұсқама берілген екен. 27 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы мөлшері 1,421 млн. теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Әрине, айыппұл салу немесе қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тарту қыршынынан қиылған өмірді немесе денсаулыққа келген нұқсанды толық өтей алмайды. Демек, еңбекті қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқа тараптармен қатар, еңбек инспекциясына да зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бұл жұмысты инспекция қызметкерлері қашан да басты назарында ұстамақ.
ҚР «Халықты жұмыспен қамту» заңының қадағалануы барысында он айда 110 заңбұзушылық анықталған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1,866 млн. теңге айыппұл салыныпты. Мұндағы заңбұзушылықтардың қатарына бос жұмыс орнын жасыру, жалақы төлеу күнінің ҚР Еңбек кодексінде белгіленген күнінен кейін қойылуы және басқасы енеді. Ұжымдық шарт жасасу төңірегінде де түйткіл көп. Бір жақсысы, қазір өңір бойынша 130 мың адам ұжымдық шартпен қамтылыпты. Сондай-ақ жұмысшы-қызметкердің заңды құқығын қорғауда еңбек инспекциясы және өзге де мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақ жыл өткен сайын нығаюда. Мұның ортақ іске берері мол. Еңбек инспекциясында ұжымдар арасындағы үгіт-насихат жұмысы жолға қойылған. Оған дәлел - инспекция қызметкерлерінің өткен мерзім кезінде көптеген мекеме-кәсіпорындарда болып, ұжымдармен кездесуі, еңбек заңдылығына байланысты түрлі сұрақтарға жауап беруі.

Н. Оразаев «Жаңарып, жасанған Жұбан елі», деп Ақжайық ауданы жөнінде жазады.
Соңғы жылдарда халықтың әлеуметтік жағдайының көрсеткіші мемлекеттік бағдарламалардың орындалу нәтижесімен өлшенеді. Сондықтан, әсіресе, ауылдарда халықтың тұрмысын жақсарту, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, жастарды жұмыспен қамту атқарушы биліктің негізгі міндеті болып табылады. Еліміз тәуелсіздікке ие болған 25 жылдың ішінде атқарылған жұмыс та баршылық. Аптаның алғашқы күні облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур аясында Ақжайық ауданында болып, өңірдегі мембағдарламалардың қалай атқарылып жатқандығын көріп, жеке шаруалармен жүздесіп қайтқан болатынбыз.
Ақжайық - демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда 18 ауылдық округ, 42 280 тұрғын бар. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес ауданда 74 мың 586 бас ірі қара, 239 мың 455 ұсақ мал, 27 мың 526 жылқы, 218 бас түйе тіркелген. Биылғы жылы аудан көлемінде атқарылған ауқымды істер - мемлекеттік бағдарламалардың қарқынды жүзеге асып жатқандығының дәлелі.
- Тек биылғы жылдың өзінде аудан көлеміндегі бірнеше ауылдық округте мәдениет үйлері мен балабақшалар, емханалар күрделі жөндеуден өтуде. Мұның барлығы - Тәуелсіздіктің жемісі, - дейді ауыл тұрғындары.
Ақжайық ауданына іргелес орналасқан Бударин ауылында екі мыңға жуық тұрғын бар. Ауылдағы халыққа медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулаторияның іргетасы сонау жетпісінші жылдардың соңында қаланып, осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 19 миллионға жуық қаражат бөлініп, амбулаторияға күрделі жөндеу жүруде. Қазан айында басталған жөндеу жұмыстарын желтоқсан айында толықтай аяқтау жоспарлануда.
Аудан іргесіндегі Жаңабұлақ ауылында мәдениет үйі жөнделуде. Сонау 1973 жылы салынып, бұрын-соңды жөндеу көрмеген мәдениет ошағына 29,5 миллион теңге бөлініпті. Ағымдағы жылдың маусым айында басталған жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталмақшы.
Ауданда «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту» шебер-жоспары бойынша ауқымды жобалар іске асырылған. Қазіргі уақытта аудан орталығы Чапаев ауылында бір ауысымда 1400 басқа дейін ұсақ мал соятын «Батыс Марка Ламб» ЖШС ет комбинаты және «Батыс Нық» ЖШС ауысымына 50 бас ірі қара малын соятын пункт өз жұмысын бастады.
Чапаев ауылының жетпіс тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған «Батыс Марка Ламб» ЖШС-да тәулігіне 500-600 бас ұсақ мал сойылады. Күні бүгін өңіріміздің Қазталов, Жаңақала, Зеленов, Ақжайық аудандарындағы шаруа қожалықтары өз иелігіндегі қой малын осы кәсіпорынға өткізуде. Оның сыртында Ақтөбе, Павлодар, Ақмола облыстарындағы шаруалармен де келісімшарт жасалып, ұсақ малдар тасымалдануда. Күні кеше Ресей елінің Мәскеу қаласына сегіз тонна марқа етін жөнелткен кәсіпорын алдағы уақытта Қытай, Араб, Иран мемлекеттерімен де ет экспорттауға келісімшарт жасасқан.
Ағымдағы жылдың шілде айында ашылған ауысымына 50 бас ірі қара малын союға есептелген комбинаттың да жұмысы бірқалыпты жүруде. Ауыл тұрғындары мен көршілес аудандардан әкелінген ірі қара малын соятын кәсіпорында 15 адам жұмыспен қамтылған. Комбинат жас жарымнан асқан ірі қара малдарының еттей салмағының әр келісін сапасына қарай қабылдайды. Еттің бағасы 700-1000 теңгеге дейінгі аралықта. Дайындалған ет тапсырыс берушінің сұранысына байланысты төшкелей немесе сүйектен ажыратылған таза ет күйінде жіберіледі. Бүгінде кәсіпорын Бөрлі ауданы мен Атырау өңіріндегі мұнай-газ компанияларымен келісімшарт жасасып, оларды сапалы сиыр етімен қамтуда. Болашақта кәсіпорын қалбырдағы ет пен шұжық шығаруды да жоспарлап отыр.
Он мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығы Чапаев ауылының да әлеуметтік жағдайы тұрақты. Ауылда екі бірдей мектеп пен балабақшалар қалыпты жұмыс істеп тұр. Инфрақұрылым дамыған. Ағымдағы жылы Чапаев ауылындағы аурухана күрделі жөн-деуден өтуде. Салынғанына 40 жылдан астам уақыт болған 95 орындық аурухананы жөндеуге 340 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмысын атқарып жатқан мердігер компания басшысы осы жылдың соңында ғимараттың пай-далануға берілетінін айтады.
Аудан орталығындағы «Бөбек» балабақшасын жөндеуге де жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні балабақшаның шатыры, есік-терезелері, кәріз жүйесі толығымен жаңартылып, пайдалануға берілген.
Сонымен қатар аудан орталығындағы К. Меңдәлиев көшесі бойынша құны 6 564,7 мың теңгені құрайтын жоба негізінде 1032 метр электр жүйесі тартылып, 35 дана бағана мен көше шамдары орнатылған. Исаев көшесі бойынша да 4 796,5 мың теңге бөлініп, жоба негізінде 750 метр электр жүйесі, 26 дана бағана мен көше шамдары қойылған. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында Қазақстан, Д. Қонаев, К. Меңдәлиев, О. Исаев көшелеріне жалпы ұзындығы 4,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселген.
Ағымдағы жылы Чапаев ауылының 1996 жылғы мектеп бітіруші түлектері ауылдың көркеюіне қосқан үлестері ретінде өз қаражаттарымен ауыл ішіндегі «Майданов саябағына» субұрқақ орнатқан. Қазіргі уақытта саябақты абаттандыру бойынша жарық шамдар орнатылып, өрнектас төселуде. Оның сыртында аудан орталығында 150-200 адамға арналған мешіт ғимараты бой көтеруде. Айта кетейік, мешіт тұрғындар мен жеке кәсіпкерлердің жинаған қаржысына салынуда.
Ақжайық ауданына қарасты Ақжол ауылдық округінде 200 орындық, Тайпақ ауылдық округінде 270 орындық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Қос нысанды жөндеу жұмыстары келер жылдың қаңтар айында аяқталмақ.
- Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мақсат, мүдделерге қол жеткізу жолында еселі еңбек ету - басты міндет. Өңірдің әлеуетін арттыру және экономикасын дамыту мақсатында биылғы жылы да бірқатар жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылы бюджет көлемі 6,2 миллиард теңгені құрап, өткен мерзіммен салыстырғанда 30 пайызға өсті және есепті кезеңде 99,9 пайызға игерілді. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 маманға 2,7 миллион теңге көтерме жәрдемақы, 40 маманға 123,3 миллион теңге тұрғын үй несиесі берілді. Биылғы жылы 29 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру ұйымдары арқылы 543 миллион 250 мың теңге несие бөлінді. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы үш жоба 39,0 миллион теңге, ауыл шаруашылығы бағытына арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша 24 шаруа қожалығы 354 миллион 250 мың теңге қаржы алды. Бұл жұмыстар келер жылы да өз жалғасын таппақ. Мысалға, оралдық инвесторымыз «Меридиан Орал» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 100 миллион теңгені құрайтын, саны 4 мың бас құс өсіретін құс фермасын ашу мақсатында Чапаев ауылынан көлемі 1,9 гектар жер учаскесін өтеулі мерзімге рәсімдеп алып, келер жылы құрылыс жұмыстарын бастауды көздеп отыр. Сонымен қатар өндірістік жылыжай мен сүт өнімдерін өндейтін цех құрылыстары да келесі жылы басталады деп жоспарлап отырмыз, - деді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен пресс турды қорытындылаған аудан әкімі Әділ Жоламанов.

«Жастарды жұмыспен қамту маңызды» деген ақпаратта (Г.Әжігереева) облыс әкімдігінің кіші залында облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы және жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылаған селекторлық отырыс өткені сөз болған. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
- Мемлекет басшысы жастар саясатына көңіл бөліп, мән-маңыз береді. Бүгінгі отырыста жастардың жұмыс-сыздығы, олардың қазір немен айналысатындығы немесе жоспарлары қандай деген мәселелерді талқылайтын боламыз, - деген өңір басшысы Алтай Көлгінов облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жаңадан тағайындалған жетекшісі Аян Сакошевті жиынға қатысушыларға таныстырды. Одан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша аталмыш басқарманың басшысы Аян Сакошев баяндама жасады. Оның айтуынша, аталмыш басқарма өңірдегі жастар саясаты бойынша арнайы сараптама жұмыстарын жүргізген.
Облыста жастар саясатын жүзеге асыруды үйлестіруші жастар саясаты мәселелері басқармасы болып табылады. Кұрылымына 13 ресурстық орталықтар кіреді. Әкімдіктер жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңес жұмыс жасайды. Сонымен қатар облыста 89 жастар қоғамдық бірлестіктері тіркелген.
Облыста жастар саясатын қаржыландыруға 253 млн. теңге қаражат бөлінген және соның 48 млн. теңгесі әлеуметтік тапсырыстардың негізінде іске жаратылуда. «Барлық бөлінген қаржының 70 пайызынан астамы штат ұстауды қаржыландыруға, тек қалған 30 пайызы ғана жастардың негізгі мәселелерін шешуге арналған шараларды жүзеге асыруға бөлінеді», - деген А. Сакошев БҚО-да жастар саясатының жүзеге асырылуын қаржыландыру басқа облыстармен салыстырғанда ондықтың ішінде екендігін атап көрсетті.
Баяндамашы аудандардағы ресурстық орталықтардың ауыл жастарын өзге мемлекеттік органдар өткізетін шараларға, соның ішінде флеш-моб ұйымдастырып, өткізуге тартатынын, мұның негізгі міндеттерімен айналысуға кедергі келтіретінін айтты. Мемлекеттік жастар саясатын одан әрі дамыту мақсатында жүргізілген swot-сараптама өңірдегі жастар саясатын жүргізудегі бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Олардың ішінде жастар саясаты саласындағы басым бағыттар толықтай айқындалмаған, жобалық қызметтерді іске асыруға қаржы шектеулі, аталмыш басқарманы флеш-моб ұйымдастыратын орган деген түсінік үстемдеу, жастар саясаты мәселелерін шешуге «қалдық» принципімен қараушылық басым.
Осының барлығы мемлекетік органға деген сенімді азайтып, әлеуметтік шиеленіске соқтыруы ықтимал. Оның айтуынша, жұмыспен қамту органдарында 5900 адам жұмыссыз деп ресми тіркелген, ал жастар жұмыссыздығы 4,1 пайызды құрайды. Сондықтан А. Сакошевтің айтуынша, меморгандардың және азаматтық қоғам институттарының өзара үйлесімді жұмыстары арқылы облыс жастарын дамытуға жағдай жасау маңызға ие. Соның ішінде жастар саясаты саласын-дағы барлық құрылымдардың атаулы және жобалық жұмыстармен айналысуы, жастар және оқушылардың сарайы базасында жастардың үкіметтік емес ұйымдар үшін Коворинг орталықтар ашу, ресурстық орталықтардың базасын күшейтіп, жобалық қызметтерге қаржы бөлу, «Жастардың дамуы үшін жағдай жасау жөніндегі жол картасы» аймақтық карта-жоспарын жасақтау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
- Өңірде экономикалық белсенді жастар саны 8,5 мың шамасында. Өзгесі ше? Жұмыссыз жастар саны 5900, яғни 6 мыңдай, олар немен айналысуда? Жалпы, 145 мың жастың 3,5 пайызы ештеңемен айналыспайды. Міне, біз осы мәселені шешу үшін жұмыстануымыз керек, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыровтың айтуынша, облыс әкімдігі жанында облыстағы кәсіптік білім беруді дамыту мәселелерімен айналысатын өңірлік кеңес жұмыс істейді. Сол кеңеске мүше саналатын әр басқарма өз саласына қандай мамандар қажеттігіне мониторинг жасап, жылдың аяғында ақпарат беруі тиіс. Арнайы комиссия осындай ұсыныстарды ескеріп, мамандар даярлау жөніндегі мемтапсырыстарды колледждерге орналастыруы керек. Өкінішке орай, мұндай мониторинг жүргізілмей, бұл шаруаның ақсап отырған жайы бар. БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереевтің де пікірі соған сайды. Бірқатар аудан басшыларының айтуынша, ауыл-аймақтарда негізінен малшы, механизатор, токарь, бухгалтер мамандары жетіспейді. Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев ауылдардағы шаруашылықтарда жұмыс істейтін жұмысшылардың саны ақпараттарда толық көрсетілмейтінін, сондықтан шаруа қожалықтарын мал санына, жер көлеміне қарай адамдарды жұмыспен қамту нормативін заңдастыру қажеттігін айтты. Жиынға қатысушылардың пікірінше, ауылдарда мал бағушыларға жалақы дұрыс төленбейді, кейбір шаруашылықтар жұмысшыларға зейнетақы төлемдерін аудармайды. Бұл мәселеге салық органдарының жіті қарағандары жөн.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Алтай Көлгінов жастар саясатын жүзеге асыруда меморгандардың бірлесіп жұмыстану керектігін еске салып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Ғ.Бәймен «Арқан тартқыш» Айбатыр» жөнінде хабардар еткен.
Петропавл қаласында балалар командалары арасында өткен республикалық «Мен чемпионмын» додасына Тасқала ауданы Шежін ауылынан барған «Жайық» командасы туған жеріне оралды.
Мұның ерекшелігі сол, арқан тарту сайысы кезінде ең соңында тұрған кішкентай Айбатыр Мырзабеков жылап-құласа да, қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Оның осы ерлігі YouTubе-дегі шағын сюжет арқылы күллі әлемге тарап, Айбатыр ғаламтор жұлдызына айналды.
«Қызыл жолаққа 10 сантиметрдей қалғанда да, берілмей, арқанды кері тартуға тырысып бақтым. Жылаған себебім, біз ұтылып қалсақ, күлкі боламыз деп ойладым. Сондықтан намысымды жібермей, бар күшімді салдым. Ақыры бес минуттай уақытқа созылған тартыс тең аяқталды. Бұл менің ғана емес, командаластарымның, бапкеріміз Дакешов Нұрлан Қапсиықұлының еңбегі дер едім. Біз, әрине, келесі айналымға шыға алған жоқпыз. Дегенмен алдағы уақытта соның есесін қайырғым келеді. Мен өзім спорттың футбол, баскетбол, волейбол, еркін күрес сынды түрлерімен айналысамын. Алдағы уақытта Орал қаласында оқығым келеді. Негізі әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын Криштиану Роналдудай футболшы немесе атақты палуан болсам деймін. Сабағым да жақсы. Әсіресе, математика, биология, география сияқты пәндерді жаныма жақын тұтатын. Сынып жетекшім Бектібаева Әлия Әліпқалиқызы бізді әрдайым қолдап отырады. Біз секілді жас жеткіншектер намысын ешкімге жібермейтін, Отанын сүйетін азамат болып өссе, тәуелсіз Қазақ елінің ертеңі жарқын болатыны анық», - деді Шежін орта мектебінің 7-сынып оқушысы Айбатыр Мырзабеков.
Аталмыш жарысқа Айбатыр ағасы, команда капитаны Айжарықпен бірге барған екен. Бапкерлері, Шежін орта мектебінде отыз жылдай дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келе жатқан, талай шәкірті республикалық додаларда жүлде алып жүрген Нұрлан Дакешовтің айтуынша, команда құрамында 5 ұл, 5 қыз өнер көрсетті. 12-14 жасар балалардан құралған, барлығы 16 команда қатысқан дода олимпиадалық жүйе бойынша шоу түрінде өтті. Сондықтан сегіз команда қатарында «Жайық» та бірден шығып қалды. Негізі үш тәуліктей жол жүріп барғандықтан, бір ойынмен шектемеу керек еді. Мысалы, футболдағыдай төрт топқа бөліп, әрқайсысынан үздік екі команда келесі турға жолдама алса, мүмкіндік молырақ болар еді. «Дегенмен Айбатырымыздың арқасында танымал болдық. «Мен чемпионмын» жобасының ұйымдастырушылары оның жанкештілігін ескеріп, велосипед сыйлады. Айбатырдай қай жарыста болсын, жеңілгенді жаны қаламайтын, намысқой, спортта да, оқуда да алда жүретін балалардан үлкен үміт күтемін», - деді Н. Дакешов.
Шежін ауылдық округінің әкімі Талғат Шәкіровтің сөзіне қарағанда, Айбатырдың әкесі мен анасы, төрт ұл тәрбиелеп отырған Бейбіт және Ұлмекен Мырзабековтер - ауылдағы өзін-өзі қамтып отырған қарапайым отбасылардың бірі. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев Айбатырдай өрендерді алдағы уақытта қолдап отыратындығын жеткізді.
«Отбасында төрт ағайындымыз. Үлкені мен, 1991 жылғымын, яғни тәуелсіздік құрдасымын. Менен кейінгі Айбар қазір Қалмақ елінде магистратурада білім алуда. Айжарық пен Айбатыр мектепте оқиды. Кенжесінің есімін атына заты сай болсын деп әкем қойып еді. Соны ақтап келе жатыр бауырым», - деді Айдос Мырзабеков.
«Мен чемпионмын» жобасын «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған болатын. Биыл облыстық білім басқармасының қолдауымен өңірде екінші рет өткіздік. Сонда жеңімпаз атанған аталмыш ауыл балаларының республикалық сында осылайша айрықша көзге түсуі бізді де қуантады», - деді «Өркен» қосымша білім беру орталығының директоры Айболат Қожанғалиев.

Ақжайық ауданынан Б.Қаленов «Ауылдықтарға қуаныш сыйлаған «Дәргүл» туралы хабарлайды.
Ақжайық ауданының тұрғындарына бұрын тыныс-тірлігі гүрілдеген тұрмыстық қамту комбинатында еңбек еткен, он саусағынан өнер тамған тігінші Дариға Сүлейменованың еңбегі жақсы таныс. Ол өткен ғасырдың аяғынан бастап «Сүлейменова» жеке кәсіпорнының жұмысын дөңгелетіп алып кету үшін аз тер төккен жоқ. Аудан орталығында «Дәргүл» тігін салонын ашып, бөлме жалдап, қажетті құралдар тапшы болған қиын күндер артта қалды.
Кәсіпкерлікке бет бұрған алғашқы жылдардан-ақ Дариға Байғабылқызының қасында қызы Дәргүл болды. Анасының кәсіпкерлікке кірісердегі барлық қиындықты қалай жеңгені, несие-ге қол жеткізу үшін тынымсыз жүгіргені, бәрі-бәрі де Дәргүлге жақсы мәлім. Тігін салонында қазіргі таңда ұялы телефонға төлем қабылдау, бұйымға жазба түсіру, фотосуреттер шығару қызметтері көрсетіледі.
Бүгіндері ана жолын жалғап келе жатқан Дәргүлдің ұжымы ұйымшылдықпен еңбек етуде. Ұжымдағы 10 адамның бесеуі - тігінші. Олар тұрғындардан түрлі тапсырыстар алып, киімдер тігіп, киім жөндеп жұмыс жасауда. Сапалы мата мен жіпті Бішкек, Алматы қалаларынан алдырады. Көрпе-жастықтан бастап, қыз жасауына да тапсы-рыс қабылдайды. Тігін шеберлері түрлі мәдениет мекемелері мен білім саласымен тығыз байланыс жасайды. Мысалы, аудандық мәдени-демалыс орталығынан бишілерге арналған костюм немесе ансамбль мен оркестрге біркелкі киім тігуге сұраныс жиі түседі. Тіпті Атырау қаласынан ат арытып, шеберлердің қолынан шыққан дүниелерді іздеп келетін жандар аз емес. Олар биыл аудандық білім бөлімінің тапсырысымен аз қамтылған отбасылардағы балаларға арнап, арзан бағаға 300 дана, Бөкей ордасы аудандық білім бөлімінен де 300 оқушыға киім тігуге сұраныс түскен. Былтыр аз қамтылған отбасыларға арналып қысқы сырт киім тігіп берді. Кейде тапсы-рыс көбейген кезде олар қосымша маман алып тұрады. Ашылғаннан бері кәсіпті дамыту жолында ыстық пен суыққа бірдей төзіп келе жатқан Клара Төреғалиева, Гүлбаршын Тілешоваларды өз ісінің майталмандары деп атап өтуге болады. Клара Төреғалиева 1985-1987 жылдары Оралдағы №2 училищеде тігінші мамандығын бітіріп, 1987-1995 жылдары Чапаевтағы тұрмыстық қамту комбинатында жұмыс жасаған. Кейін аталған жеке кәсіпорынға келіп, содан бері осында үздіксіз еңбек етеді. Кейбір ауылдық округтен тапсырыс бойынша сахна жабдықтарын әзірлеумен де шұғылданады. 18 жылдық өтілі бар Клара апа бүгінде тапсырыс бойынша қыз балаларға көйлек, ұлттық киім, терезе жабындар тігеді. Өз ісін ерекше жақсы көретін Клара апай: «Бір күн тігін тігумен айналыспай қалар болсам, жұмысымды сағынамын», - дейді ағынан ақтарылып.
Алғашқы жылдары кәсіпті өркендету мақсатында кәсіпорын үш рет шағын несие алған. Ал 2014 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы алып, бүгінде түскен табысынан қарызды қазынаға қайтару үстінде.
- Келешекте мүмкіндігі жоғары тігін машинасын алсақ деген жоспарымыз бар, - дейді Дәргүл Сүлейменова.
Кәсіпорын мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаудан да тартынған емес. Анасы Дариға Байғабылқызынан алған өнегені абыроймен жалғап жүрген Дәргүл облыстық «Орал өңірі» газетінің тұрақты оқырманы екен.
- Баспасөз - қашаннан бергі серігіміз, сырласымыз болғандықтан, «Орал өңірінің» әр жаңа санын асыға күтеміз. Ұжымдағы алты адамды өз табысымыздан жыл сайын сүйікті басылымымызға жаздырып келемін. Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасын таба бермек. Соңғы кезде газеттің безендірілуінде көзтартарлық өзгерістердің бары да көңілімізден шығады, - дейді «Дәргүл» тігін салонының иесі.

«Төсек жабдығын тігу» тігіншілік мәселесіне арналған.
Төсек жабдығы - төсекті жабдықтауға арналған, матадан жасалған бұйым. Төсек жабдығына матадан жасалған сейсеп, ақжайма, жастық тысынан тұратын бірегей жиынтық кіреді. Көлеміне қарай оның мынадай түрлері бар: бір кісілік, бір жарымдық, екі кісілік. Төсек жабдығы сапалы, жұмсақ, түсі ашық маталардан тігілуі керек. Көбінесе оны мына мата түрлерінен тігеді: зығыр (лен), мақта, жібек.
Ғимарат. Егер үйіңізде артық бос бөлме болса, онда сол бөлмеде жұмыс істеуден бастаған дұрыс. Ал бизнесіңіз біршама жүрген кезде арнайы орынды жалға алатын боласыз.
Жабдықтар, құрал-саймандар, қажетті материалдар Тігін машинкасы. Егер сіздің оверлогы мен түрлі операциялары бар қымбат тігін машинкасын сатып алуға мүмкіндігіңіз болмаса, кез келгені жарайды. Оның қымбатын алу міндетті емес.
Мата. Дүкен не мата қоймасын іздеңіз. Көзге ұнамдысын алыңыз. Жоғарыда айтып өткендей, сапалы мата таңдау керек. Алайда сіз арзанға тігемін десеңіз, онда арзан маталар да алуға болады. Матаны ораммен алған арзанырақ. Өзіңіз тұратын жерден матаны жаппай сататын қоймаларды іздеп көріңіз.
Жіптер. Көп жіп керек. Сондықтан бірден көп мөлшерде алған дұрыс, оның түсі матаға сай болуы керек.
Қайшы мен үлкен сызғыш. Сіз үлкен көлемдегі маталармен жұмыс жасайсыз, сондықтан жақсы қайшы мен ұзын сызғыш алу қажет. Оған қоса үлкен үстел керек. Алайда еденде де жұмыс жасауға болады.
Технология. Төсек жабдығын тігуден бұрын алдын ала өлшеп, есептеп алу керек. Алдымен сызба жасап алыңыз. Матаны ысырапсыз пайдаланып, нақты өлшеммен кескен жөн. Көбінесе маталардың ені - 1,5 м, 2,2 м. Төсек жабдығын тігу барысында белгіленген стандарттарды сақтау керек.
Мысалы, балаларға арналған төсек жабдығының стандарттары мынадай: сейсеп - 100 х 150, ақ жайма - 120 х 180, жастық тысы - 35 х 45. Жастықтың тысы екеу болуы керек.
Бір кісілік төсек жабдығы: сейсеп - 160х220, ақ жайма - 180 х 240, жастық тысы - 70 х 70 (кейде 50 х 70).
Екі кісілік төсек жабдығы: сейсеп - 200 х 220, ақ жайма - 220 х 250, жастық тысы 70 х 70 (немесе 50 х 70). Сонымен қатар отбасылық жиынтықтар бар, онда екі сейсептен болады. Төсек жабдығының осы түрімен сіз клиенттерді тарта аласыз. Өйткені ондай жиынтықтар барлық жерде сатылмайды. Өлшемдермен алдын ала жұмыс жасап, сызба сызып алғаннан кейін пішіп, кесуге болады.
Келесі кезекте - тігу. Түзу жолмен тігу ең басты шарт болып табылады. Түзу жолдан ешқашан да ауытқымау керек. Содан кейін үтіктеу қажет. Жақсы үтіктеу дайын өнімнің сыртқы келбетін аша түседі.
Қызметкерлер. Бастапқы кезеңде қызметкерлер алмай, өзіңіз ғана жұмыс жасауға болады.
Өткізу. Алғашқы кезеңде өз таныстарыңыз бен көршілеріңізге сата аласыз. Сонымен қатар балабақшалар мен басқа да мекемелерді аралап шыққан жақсы нәтиже береді. Ең дұрысы - базарлармен, дүкендермен төсек жабдығын тұрақты түрде жеткізіп тұру туралы келісу. Сондай-ақ төсек жабдығын арнайы тігетініңіз туралы жарнама беріп қоюға да болады. Жақсы тауарға деген сұраныс әрқашан да жоғары.

«Ақ бұлақ» - Нұрсайда» деген ақпаратта ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазталов ауданы Тереңкөл ауылдық округінің орталығы Нұрсай ауылында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ауыз сумен қамту жүйесі пайдалануға берілгені айтылған.
Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өңірде Елбасы тапсырмаларына сәйкес жоспарлы жұмыстар жасалып жатқанын, соның ішінде жергілікті халықтың әл-аухатын жақсарту мақсатында Нұрсай секілді шалғай елді мекендерде де әлеуметтік нысандардың іске қосылып отырғанын атап өтті. Аталмыш жоба құны - 247,5 млн. теңге. 11 айға есептелген жұмысты мердігер мекеме «Құрылыс газ» ЖШС (басшысы Кәримолла Жақыпов) 3,5 айда сапалы атқарып шықты. Күні бүгін ауылдағы 136 үйдің 126-сы ауыз сумен қамтылған. Су кіргізу ісі одан әрі жалғасуда.
Бұл ретте сумен қамту нысанының жедел іске қосылуына облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей ықпал еткенін атап өткен жөн. Өңір басшысы биыл тамыз айындағы жұмыс сапары кезінде жобаны аяқтауға қаржының жетіспейтінін көріп, облыс бюджетінен қосымша 182 млн. теңге бөлгізді. Осы нысанның ашылу рәсімінде Б. Азбаев пен аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жергілікті полиция қызметі мен қос аудандық аурухана өкілдеріне аудандық бюджет қаражатына алынған «Нива» мен «Уаз» автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Сонымен қатар биыл Тереңкөл орта мектебі 162,636 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмысты «БатысСтройСервис» ЖШС мерзімінде бітірді. Су кіргізілген үйлер мен мектепті аралап көрген облыс әкімінің орынбасары ауыл тұрғындарымен кездесті. «Тәуелсіздік жылдарында еліміз көптеген табыстарға қол жеткізді. Әсіресе, соңғы кезде Қазталов сынды алыс аудандардың өзінде жол салу, газбен, ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тереңкөл орта мектебі мен оның жанындағы интернаттың сапалы жөнделгенін де көріп отырмыз. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», - деді Б. Азбаев. Айта кетейік, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында осы аудан бойынша биыл құрылысы басталған Қазталов ауылында сумен қамту жүйесін қайта құру (314,398 млн. теңге) және Жалпақталда су құбырын қайта жүргізу (384,690 млн. теңге) ісі 2017 жылы жалғасын таппақ. Сонымен қатар жалпы құны 1647,5 млн. теңге болатын Ақпәтер, Бостандық, Жаңажол, Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарын да ауыз сумен қамту көзделуде.

«Динаның» мектепке тартуы» деген ақпаратта Оралдағы ірі сауда орындарының бірі «Дина» гипермаркеті «Дина - мектептерге!» атты әлеуметтік бағдарламасын сәтті жүзеге асырып, еліміздің ертеңі - балғындарымызға қуаныш сыйлап келе жатқаны сөз болған. Сейсенбі күні олар шаһарымыздағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебіне 15 компьютер, интерактивті тақта, түрлі түсті принтерді салтанатты түрде табыстады. «Дина» гипермаркетінің директоры Жанна Сүйіншәлинаның айтуынша, 15 қыркүйектен бастап 31 қазанға дейін созылған дауыс беру арқылы жүзеге асқан ұтыс ойынына 50-ге жуық мектеп қатысқан. Өткен жылы №44 мектеп көп дауыс жинап, жеңіске жетсе, биылғы жылы бас жүлде дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебіне бұйырған. Облыстық және қалалық әкімдіктің қолдауымен өткізіліп жатқан әлеуметтік бағдарламаға қатысқан «Дина» гипермаркетінің тұтынушылары дауыс беру арқылы осы білім ошағын таңдады. «Біз өзіміздің тұтынушыларымызға «Дина - мектептерге!» бағдарламасына белсене қатысқандары үшін шынайы алғыс білдіреміз», - деді Жанна Сүйіншәлина.
Аталмыш мектеп директоры Анаргүл Қаржауова балаларды қуанту үшін бар жағдайды жасап жатқан «Дина» гипермаркетінің ұйымдастырушыларына шексіз ризашылығын білдіріп, тұтастай қажетті заттармен жабдықталған компьютерлік сыныпты 11-сынып оқушылары өз игіліктері үшін пайдаланатынын тілге тиек етті. Балалардың жүзіне күлкі үйірген әдемі шара мектеп оқушыларының шағын мерекелік концертіне ұласты.

Г.Әжігереева «Кәсіпкерлер тарапынан белсенділік, бизнес бастамалар керек» деген ақпаратта Оралдағы Салтанат сарайында «Облыстың өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында кәсіпкерлер форумы өткенін хабарлған. Басқосуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Басқосуды ашқан өңір басшысы Алтай Көлгінов ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде мемлекет пен қоғамның қозғаушы күші ретінде бизнестің институционалды тұрғыда қалыптасқанын, салалық және мемлекеттік бағдарламалардың кәсіпкерліктің дамуына ерекше серпін беретініне тоқталды. Сонымен қатар облыс басшысы форумға түрлі өңірлерден бір топ кәсіпкерлерді бастап келген кәсіпкерлер палатасының басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевқа және қонақтарға алғыс айтты.
- Біздің мақсат - мемлекеттің, даму институттарының және бизнестің арасындағы конструктивті және үйлесімді диалог құру. Экспортты, ЕурАзЭО шеңберінде кооперацияны дамыту арқылы облыстағы кәсіпкерліктің даму бағыттарын анықтап, бір ұстанымды қалыптастырамыз, инвестиция тарту жөніндегі тәжірибемізбен бөлісеміз, - деді Алтай Сейдірұлы. Облыс басшысының айтуынша, соңғы үш жылда облыстың әлемнің өзге елдерімен арадағы сауда айналымы 8,2 трлн. теңгені құраған, оның ішінде экспорт 2,7 есеге өсіп, 7,7 трлн. теңгеге жетті. Бүгінде агроөнеркәсіп саласында «Желаев нан өнімдері комбинаты», «Кублей», «Белес Агро», өнеркәсіп саласында «Орал трансформатор зауыты», «Зенит», «ЗКМК», «ТМК-Казтрубпром» компаниялары және өзгелері ірі экспортерлар болып қалыптасты. Олардың өнімдері негізінен Ресейге, Әзірбайжанға, Қырғызстанға, Беларуссияға, Арменияға, Өзбекстанға және алыс шетелдерге шығарылады. Отандық өндірісшілерді қолдау және олардың өнімдерін сыртқа шығару бағытында бірқатар шаруа атқарылды. Соның ішінде қазақстандық және ирандық компаниялар арасында алты меморандум жасалған. Мысалға, мұнайхимиясы саласында «Топан» ЖШС және ирандық «Falizan Tasfyeh Co» компаниясы (химиялық реагенттер өндірісі), «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ және ирандық «Innovative Component Solution» компаниясы (газтурбиналы қондырғы жабдықтары өндірісі) біріккен кәсіпорын құру бағытында жұмыстануда. Оралдық «Топан» компаниясы және сингапурлық «Сhemical Industries» компаниясы елімізде химиялық зауыт ашу жөнінде бірге жұмыстанып отыр. Ал биыл наурыз айында «Орал трансформатор зауыты» және Түркияның жеке инвесторлары «АВВ» швейцарлық компанияның технологиясы бойынша электр техникалық жабдықтар шығаратын біріккен кәсіпорын құруда. Қазіргі уақытта Оралда электр қалқан өндірісі жобасы бойынша жаңа «URAL ELECTRIC» ЖШС біріккен кәсіпорын тіркелді. Сондай-ақ биыл қоқыс өңдейтін және су тазалайтын салада көп жылдық тәжірибесі бар финдік «Doranova» компаниясы жаңғыртылатын қуат көздерін енгізу және қоқыс қалдықтарын өңдеу жобаларын қолға алу үшін ізденістерін бастады. Финдік «Lammin Ikkuna», «General Finland» және оралдық «Стекло Сервис», «Элита» компаниялары өзара тиімді әріптестікпен жұмыстануда. Бүгінде «ЛАММИН» компаниясымен бірге біріккен кәсіпорын құру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
- 2016 жылы облысқа инвестиция тартуда оң динамика байқалады. 2015 жылмен салыстырғанда инвестициялардың өсімі 18 пайызды (263,1 млрд. т.), соның ішінде сыртқы инвестиция 55, 9 пайызды (184, 8 млрд.т.) құрады, - деді Алтай Көлгінов. Облыс басшысының айтуынша, өңіраралық кооперация шеңберінде өзге өңірлермен іскерлік байланыстар нығая түскен. Мысалға, «Жәрдем» шаруашылығы Ақтау қаласына биылдың өзінде 150 тонна ет жеткізді. «Батыс Марка Ламб» компаниясы Атырауға өнім жеткізуге уағдаласса, «Каверин» ЖК тек қазан айында Атырауға 1,5 тонна өнім жеткізді.
- Бүгінде «Агробизнес - 2020» бағдарламасы түбегейлі өзгертілуде. Елбасының тапсырмасы бойынша, бұл бағдарлама алдағы жылы салалық емес, мемлекеттік бағдарлама болады. Оның бұрынғысынан айырмашылығы мұнда нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіру қажеттілігі айтылады. Өндіру керек болған соң емес, сатылатын өнімді өндіру керек. Осындай басты талап тұрғысынан келсек, біз не сата аламыз деп ойландық. Қазақстанның жағырапиялық орны ерекше: іргемізде Қытай, Ресей, Иран тұр және Парсы шығанағы елдерінен де қызығушылық күшті.
Қытай нарығы көп уақыт бойы бізге жабық еді. Өйткені қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне түрлі шектеулер көп болатын. Мал ауруларына байланысты етке де жол жоқ-тұғын. Елбасымыздың соңғы жұмыс сапарынан кейін бұл нарықтың «есігі» ашыла бастады. Қытайдың мемлекеттік органдарымен, сыртқы сауда палатасымен келісімдер жүргізудеміз. Оларға қажетті өнімдер анықталуда, соның ішінде бағаларына келсек, мысалға, еттің бағасы ел нарығындағыдан 10 есе жоғары. Онда майлы дақылдарға, күнбағыс майына сұраныс зор. Алғашында солтүстік өңірлерден 2 мың тоннадай күнбағыс майын жібергенбіз, екі күнде өтіп кетті. Қазір де қазақстандық майға ауқымды көлемде сұраныс күшті әрі бағасы көңілдегідей. Жақында сыртқы сауда палатасында болдым, ондағылар сояға сұраныс барын айтты. Жыл сайын Қытай АҚШ-тан, Аргентинадан 70 млн. тонна сояны импорттайды. Елімізде жыл сайын 200 мың тонна соя өсіріледі. Қытайға өнім өткізу үшін қажетті стандарттарды алып, аударудамыз. Одан кейін оларды өңірлерге таратамыз, сайтқа саламыз, - деді Нұржан Әлтаев. Оны айтуынша, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының ұсақ 1500 омарташысы кооперацияға біріккен. Олар балдың қорапшасын шығаратын цехты бірігіп салған және Қытайдан ветеринарлық инспекция өкілін әкеліп, балдың сапасын тексерту жұмыстарынан кейін өнімнің сертификатын алуға қол жеткізген. Қазір оларға Қытай нарығының «есігі» ашық. «БҚО-ның ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор.
Мал шаруашылығының да мүмкіндіктері мол. Сондықтан сіздерді Қытайға өнім шығаруға қатысуға шақырамыз», - деген Н. Әлтаев кәсіпкерлер палатасының сайтында барлық мәлімет барын, тілек-өтініштерін сонда қалдыруға болатынын жеткізді. Бірақ Қытайға өнім шығару үшін сол елдің ветинспекциясы алдымен өңірге келіп, кәсіпорынмен, шаруашылықпен танысады. Н. Әлтаевтың айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктері елі тарапынан қазақстандық етке, ірі және ұсақ мал етіне деген сұраныс барын, жақсы жобалар болса, Ислам даму банкі қаржыландыруға дайын екендігін жеткізді. Одан кейін сөз алған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров ауыл кәсіпкерлерін қолдау жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда БҚО-да аталмыш қор арқылы 7 млрд. теңге бөлініп, игерілген және 3 мыңнан астам кәсіпкер несие алған. Ауылды шағын несиелеу бүгінде «Ынтымақ» (ауылдық кооперативтерді дамыту), «Игілік» (мал өсіруге) және «Бірлік» (сүт қабылдау пункттерін құруға), «Береке» (отбасылық мал бордақылау алаңдарын дамытуға) бағдарламалары бойынша жүргізілуде. Бұл бағдарламалардың барлығы да қосалқы шаруашылықтарға негізделген кооперативтерді қолдап, дамытуға қызмет етеді. «Бағдарламалардың шарттары түсіндірілуде. БҚО-да 4 ауылдық округ пилоттық жобаға іріктеліп алынады. Округтердің әрқайсысында 20 шаруашылықтан кем болмауы тиіс. Шаруашылықтардың бірігуі, кооперациялануы тауар өндіруге мүмкіндік береді. Бұл кооперативтерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатқа облысқа 400 млн. теңге бөлінбек. Тек оның басты шарты - өндірілген өнімді өткізу. Өңірде ірі өңдеу кәсіпорындарының барын ескерсек, кооперативтер өндірген өнімді өткізу қиынға соқпайды», - деді Ж. Омаров.
Кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп және инвестициялық саясат департаментінің директоры Нұрлан Сақуовтың басқосуда жасаған баяндамасына сүйенсек, Қазақстан кластерлік жолмен дамуға ниетті. Кәсіпорындар кооперацияға бірігіп, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. «Жуықта Инвестициялар және даму министрлігі алты кластер бойынша іріктеу конкурсын өткізеді. Оларға мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау көрсетілетін болады. Сондықтан әрбір өңір іріктеу комиссиясына өз аумағында кластер құратын жобаларын ұсынуы тиіс», - деді ол. Бұдан кейін жиын барысында белгілі болғандай, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Ниетқалиевтің айтуынша, БҚО тамақ өнеркәсібі кластерін құру ниетімен үкіметке ұсыныстарын жолдамақ.
Дөңгелек үстел барысында «Финдік бизнес Хаб» директоры Мұхтар Манкеев, «Топан» компаниясының коммерциялық директоры Ғайса Жұмалиев, «CentrAsia Group» компаниялар тобының даму жөніндегі директоры Жұматай Сәлімов, сонымен қатар экспортерлар сырттан инвестиция тарту және іскерлік байланыс орнату тәжірибелерімен бөлісті. Оңтүстік- қазақстандық кәсіпкер, «Қайып ата» ЖШС-ның атқарушы директоры Сырым Ертаев Парсы шығанағы елдерінің нарығына ұсақ малды экспорттау ерекшеліктері жайында әңгімелеп берді. «Араб елдерінде еттің бағасы біздегіден қымбат, 6-10 доллар шамасында. Бар қиындық логистикада. Өнімді ұшақпен апарамыз, бірақ қайтарда бос қайтамыз. Қазір Иранмен келіссөздер жүргізілуде. Тегеранның өзінде 30 млн. халық тұрады. Ол жақта мал өнімдері, ет, сүтке сұраныс бар», - деген Сырым Ертаев батысқазақстандықтарды бірге жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ жиын барысында БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин ауылдағы кәсіпкерлікті шағын несиелеу жобасымен таныстырды. Мұндай жобалар бірқатар өңірлерде қолға алынған.
Басқосуды қорытындылаған облыс басшысы Алтай Көлгінов кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мұндай шаралар тәжірибе алмасуға, бизнесті дамыту мақсатында өткізілетінін айта келе, тек кәсіпкерлер тарапынан белсенділік, бизнес бастамалар қажеттігін атап көрсетті. «Біз жобаларды құрылғаннан бастап іске асырылуына дейін қолдауға әзірміз», - деді ол.
Газеттің 15 қараша күнгі санында «Fasching» карнавалы өтті» деген ақпаратта (М.Ықылас) Достық үйінде «Fasching» атты неміс карнавалы өткені. Этностар күні аясында болған шараны «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігі ұйымдастырды.
Карнавалға келген қонақтар немістердің ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясы оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдарымен танысты.
Шара Алмания елінде аталмыш мерекені қалай қарсы алатынын, оның мән-маңызын баяндайтын бейнефильммен ашылды.
- Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қазақстан халқы ассамблеясымен көптеген жоба жүзеге асуда. Соның бірі - Этностар күндері шеңберінде өтіп жатқан ұлттық мерекелер. Бүгін біз немістердің ұлттық карнавалына жиналып отырмыз. Елбасының тапсырмасымен бой көтерген Достық үйінде өтіп келе жатқан әр этностың ұлттық мерекелеріне қонақтар көптеп келетініне және өздерін жайлы сезінетіндеріне біз қуаныштымыз. Өңіріміздегі ұлт пен ұлыстарды біріктіретін шаңырақ саналатын бұл ғимаратта 17 этномәдени бірлестіктің өз бөлмелері бар. Мұнда олардың өз мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға толық жағдай жасалған, - деді шараны ашқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның директоры Александр Әжіғалиев.
Жиналғандарды мерекемен құттықтаған «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Эдуард Фрицлер оралдық немістер бұл мерекені жыл сайын кең көлемде тойлайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде республикамызда 180 мың, ал Ақ Жайық өңірінде 1,5 мыңдай неміс тұрады.
Елімізде мұндай карнавалды ұйымдастырудағы мақсат - неміс ұлтының дәстүрімен, мәдениетімен кеңірек таныстыру, ұлтаралық келісім мен толеранттылықты нығайту.
Осы шараға Алманияның Хаген қаласынан арнайы келген Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның кураторы фрау Эльке Винтер өз сөзінде мұндай думанды шара тұрғындарға қуаныш, күлкі, демалыс, серпіліс сыйлау үшін ұйымдастырылатынын жеткізді. Негізінен карнавал әр жылдың 11-айында, сағат 11-ден 11 минут кеткенде басталуы керек. Жалпы Алманияның қалалары мен ауылдары бұл карнавалға арнайы дайындалады. Яғни тұрғындар өз үйлерін, дүкендерін, демалыс, көңіл көтеру орындарын безендіреді. Үйлердің кіреберісіне сабаннан жасалған қуыршақтар іледі, мерекеден соң оны өртейді. Ең үлкен карнавалдық шерулер Кельн, Дюсселдорф, Майнц секілді ірі шаһарларда өтеді. Мәселен, Кельнда ұзындығы 7 километрге дейін созылатын карнавалдық пойыз жолға шығады. Карнавал бір аптаға созылып, орталық алаңда мерекелік концертпен аяқталады. Міне, осы күндері көшелердің бойына миллиондаған конфет шашылатын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, оны көрген де арманда, көрмеген де арманда...
Шара барысында Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның оқушылары, Ирина мен Марина Разенковалар немістің халық әндерін, «Одажио» балалар би ансамблі немістің ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынды.

Зеленов ауданы «Алимент төлеуден қашып жүр...» деп хабарлаған.
Қоғамымызда жас ұрпақтың өсіп-жетілуіне тиісті мемлекеттік қамқорлық жасалып келеді. Әсіресе, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жасалатын жеңілдіктің мөлшері жыл сайын өсуде. Алайда ажырасқан жанұя балаларының жағдайлары алаңдатпай қоймайды.
Елімізде отбасы мәселесі, кәмелеттік жасқа толмағандардың мүддесін қорғау мен алимент өндіруді орындау «Неке және отбасы туралы», «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңдарымен реттеледі. Аталған заңдарды орындау
мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына жүктелген. Өкінішке орай, Зеленов ауданында да жауапкершіліктен ада, алимент төлеуден жалтарып жүргендер аз емес.
Ауданымыздағы мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде 361 балаға қатысты 259 атқару өндірісі, жеке сот орындаушыларда 89 балаға қатысты 63 атқару өндірісі бар. Жыл сайын көрсеткіштің саны артуда. Қазіргі уақытта аталған атқару өндірісі бойынша ата-ананың өз балаларына 141 млн. теңгеден астам бережағы бар.
Бауыр еті баласының өміріне немқұрайлықпен қарап, сот шақыртуларына келмей, жұмыс орны мен еңбекақысы жөнінде нақты мәлімет бермей жүрген борышкерлер мен жауапты тұлғаларға еліміздің заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ерлі-зайыптылар әлдебір себептермен ажырасып жатса, екі ортада бейкүнә бала босқа шырылдамауы тиіс. Дүниеге келген сәбиді кәмелеттік жасқа жеткенше аман-есен тәрбиелеп, қатарынан кем қылмай өсіруі - әке-шешенің ортақ міндеті. Борышкерлер өз ұрпағы алдындағы жауапкершіліктерін ұмытпаса екен дейміз. Өйткені алимент - қарыз емес, парыз.

«Заңға сәйкес шаралар алынады» деген ақпаратта облыстық әкімдікте өткен жиында Орал қаласындағы кафелердің бірінде тамақтан жаппай улану мәселесі сөз болғаны айтылған.
Аталған жағдай бойынша Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілдері баяндады.
«Оралдағы кафелердің бірінен тамақтанған барлығы 29 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті», - деді қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауов. Оның айтуынша, 24 науқастан сальмонеллез ауруы анықталды. Қалған бесеуіне қатысты қорытынды әлі келген жоқ. Оның қорытындысы 7-10 күннен кейін белгілі болмақ.
Орта және шағын бизнесті қолдау үшін шығарылған заңдар бойынша шағын тамақтану орындарына санитарлық тексеріс жүргізе алмайтынын айтқан БҚО бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Алтын Орынғалиеваға облыс әкімі Алтай Көлгінов нақты тапсырмалар жүктеді.
«Біз орта және шағын бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасап отырмыз. Бірақ бизнес өкілдері де өз жауапкершіліктерін терең сезінуі қажет. Ең бастысы - тұрғындардың денсаулығы. Тамақтанатын орындардың барлығы санитарлық талаптарға сай болуы керек. Біз тамақтанатын шағын орындарға санитарлық аудит жүргізе аламыз. Сондықтан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бірлесіп, қараша айының соңына дейін облыс орталығындағы және аудандардағы көпшілік жерлердегі тамақтану орындары бар бизнес өкілдерінің әрқайсысымен жеке кездесу арқылы санитарлық талаптарды қадағалауды, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Ал осы оқиғаға байланысты заңға сәйкес шараларды қолға алу керек», - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Г.Дыбысқалиқызы «Тәуелсіздікпен келген төл теңге» деген ақпаратында: «Бұдан дәл 23 жыл бұрын, 1993 жылдың қараша айының 15-і күні ұлттық валюта қаржы нарығында айналымға енді. Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша Төл валютамыздың туған күні және Қаржыгерлер күні болып белгіленді. Кеше төл мереке қарсаңында «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» мемлекеттік емес білім беру мекемесінің студенттер сарайында «Теңге - тәуелсіздігіміздің теңгерімі» атты жиын өтті», деген.
- Кез келген елдің тарихы қалың, шежіресі тереңнен басталады. Қазақ елі үшін еліміз тәуелсіздік алған ХХ ғасырдың орны ерек. Тәуелсіздік алып, сол тәуелсіздіктің белгілеріне ие болдық. 1993 жылдың 12 қарашасында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты, 15 қараша күні теңге айналымға енді. Кеңестік одақтас елдер арасынан Қазақстан ең соңғы болып рубльдік аймақтан шықты. Ел алдында жаңа валютаға өтудің екі жолы болды. Оның біріншісі, өзге одақтас елдердегідей екі кезеңді қамтитын реформа жолы болатын. Бұл жол бойынша алдымен уақытша ақша бірлігі айналымға енгізіліп, кейін тұрақты валютаға көшуіміз керек-тін. Қазақстан бұл жолды таңдамады. Сөйтті де, 1992 жылы бірден жаңа Ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылданды, - деді «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» мемлекеттік емес білім беру мекемесінің құрылтайшысы, ҚР Инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы, академик Ақсерік Әйтімов жиналған қауымды теңге мерекесімен құттықтап.
Иә, теңгені айналымға енгізу оңайға түспеді. Құрамына жоғары дәрежелі мамандар бар арнайы комиссия құрылып, жаңа валютаны әзірлеу жұмысы басталды. Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында құпия түрде жүргізілді. Теңгенің авторы болу бақыты дизайнерші Тимур Сүлейменов, қылқалам шеберлері Қайролла Ғабжалилов, Меңдібай Әлин мен Ағымсалы Дүзелхановтың үлесіне тиді. Жаңа валютаның атауына қатысты бірқатар ұсыныстар болған. Елбасымыз «Алтын» атауын ұсынды, кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. Ұлттық валютаны теңге деп атауды Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов ұсынды. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады. Бұл сөз орыстың «деньги» сөзіне де арқау болған. Қазақтың тарихына көз жіберсек, теңге атауы орта ғасырлардан бастау алады. VІІІ-ІХ ғасырларда әр билеушінің өз руының рәміздері бейнеленген теңгелері айналымда жүрген. ХІV ғасырдың аяғында Қазақстан аумағында Әмір Темірдің мәнеті айналымда болды. ХVІ-ХVІІІ ғасырда мыс тиындар да қолданылып, Қазақстанның Орта Азия мемлекеттерімен және Ресеймен сауда-саттық байланыста болғанын айғақтайды.
Бүгінде ТМД елдерінің арасында қазақстандық банк жүйесі алда келеді. Еліміз бірінші болып зейнетақы реформасын жүргізіп, банктердің депозиттерге кепілдік беру жүйесін жолға қойды. Жиында осының барлығы Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында іске асқаны жайында сөз болды. Сондай-ақ теңге мерекесіне арналған шарада аталмыш оқу орнымен қоян-қолтық жұмыс істеп, жас буынды тәрбиелеуге атсалысып жүрген Орал қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаев, Ұлттық банктің Батыс Қазақстан фи-лиалы директорының орынбасары Нұржан Қалдыбеков және аталмыш университеттің бір топ оқытушылары құрылтайшы Ақсерік Әйтімовтің қолынан алғысхаттар алды.
- Жақында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда теңгенің қазіргі жағдайы, болашағына, нарықтық экономикадағы орнына байланысты талдауларымызды, ұсыныстарымызды баяндадық. Енді ертең студенттер арасында конференция өтеді. «Теңге - тәуелсіздігіміздің теңгерімі» атты шара Ұлттық валюта күніне арналып отыр. Бастысы, төл валютамызды нақты экономиканың тұғыры деп бағалап, оның әлемдік деңгейінің қалыптасуы және дағдарыстан кейінгі қадамын жастар арасында кеңінен насихаттауды көздейміз, - деді ҚазИИТУ-дың экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Сәлімжан Исқақов. Оның айтуынша, бұл кафедрада мемлекеттік және жергілікті басқару, қаржыгер, есеп және аудит, менеджмент, бағалау және экономист мамандықтары бойынша мамандар және магистрлар даярланады. Сонымен қатар студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу жөнінде мекемелер мен екінші деңгейдегі 8 банкпен, банктердің 4 филиалымен, ұлттық компаниялармен, серіктестіктермен 70-тің үстінде келісімшарт жасалған. Бұл келісімдер тек өңір аумағымен шектелмейді, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы компаниялармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын ЖОО-ның түлектерінің 83 пайызы жұмысқа орналасады, ал қаржы және есеп-аудит мамандықтары бойынша оқыған жас мамандардың 13 пайызы банктерге жұмысқа тұрады.

Газеттің осы санында да «Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы» берілген.
1998 жыл

16 ҚАҢТАР
Қаратөбе ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен қамтылған аудандық аурухана пайдалануға берілді. Екі қабатты ғимарат 100 кереуеттік аурухана мен ауысымына 100 кісі қабылдайтын емханадан тұрады. Аурухана қасынан медициналық қызметкерлерге арналған жатақхана салынды.

13-15 АҚПАН
Тұңғыш рет Оралдағы П. Атоян атындағы стадионда жастар арасындағы допты хоккейден әлем чемпионаты өтті. Мұнда үш күн бойы бет қаритын 30 градустық аязға қарамастан, жанкүйерлер көп жиналды. Жарыста Швеция командасы чемпион болса, Ресей күміс, Қазақстан қола жүлдеге ие болды.

3 СӘУІР
ҚР Президентінің Жарлығымен облыстық қазақ драма театрының әртісі Гүлнар Жақыповаға «Қазақстан Республикасының халық әртісі» атағы берілді.

25 ШІЛДЕ
Сырым ауданында «Ойыл уәлиатына 80 жыл» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол 1918 жылы Жымпиты ауылында Алаш Орданың Батыс бөлімшесінің құрылуына арналды. Жиынға қатысқан ақсақалдар, билік өкілдері, ғалымдар мен өлкетанушылар алашордалықтардың жаңа мемлекет құруға талпынуы, ерлік және өнегелі істері жөнінде әңгімелер айтты. Шара барысында мемориалдық тақта ашылды.

1 ТАМЫЗ
«Орал - Волгоград» бағытында жаңа темір жол маршруты ашылды. Бұл облысымыздың шалғайындағы Жәнібек және Орда аудандары тұрғындары үшін тиімді әрі ыңғайлы болды. Біріншіден, жолаушылар енді Сайқын және Жәнібек темір жол бекеттеріне пойыз ауыстырмай, тікелей барады. Екіншіден, билет бағасы да қымбат емес. Орал қаласынан пойыз аптасына екі рет қатынайды.

17-18 ЖЕЛТОҚСАН
Орал қаласында белгілі жазушы Хамза Есенжановтың 90 жылдығына арналған шаралар өтті. Облыстық драма театрында өткен салтанатты жиналысты облыс әкімі Қ. Жақыпов ашты. Жазушының шығармашылығы туралы БҚМУ-дың ректоры Тұяқбай Рысбеков баяндама жасады. Жиында жазушының ұлы Әлихан Есенжанов, мерейтойлық шараға арнайы келген ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Қадыр Мырзалиев, Теректі ауданының Х. Есенжанов атындағы орта мектептің директоры Ш. Шотпанов сөз сөйледі. Артынан БҚМУ-да жазушының шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
1999 жыл

20 АҚПАН
Оралда әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 90 жылдығы кеңінен атап өтілді. Шара облыстық филармонияда Ғ. Құрманғалиевті еске алуға арналған әншілер байқауымен басталды. Оған Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Маңғыстаудан келген жезтаңдай әншілер қатысты. Өнер институтында «Ғарифолла - әнші, композитор, актер, опера шебері, педагог, өнер қайраткері» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция болды. Оған Ғ. Құрманғалиев атындағы республикалық қордың төрайымы М. Құрманғалиева қатысты.

12 СӘУІР
Облыс әкімінің шешімімен облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциялары мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылды.

3 МАУСЫМ
А. Островский атындағы орыс драма театрында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің концертмейстрі, Қазақстанның халық әртісі, сазгер, күйші Тұяқберді Шәмеловтің шығармашылық кеші өтті.

30 ҚЫРКҮЙЕК
Қазталовта аудандық аурухана пайдалануға берілді. Бұған дейін мұнда типтік жобадағы аурухана жоқ болатын. Нысанның салынуына «ҚПО б. в.» компаниясы қаржы бөлген. Осы күні жаңа аурухананың перзентханасында алғашқы сәби дүниеге келді. Насыровтар өз сәбилерінің есімін аурухана құрылысын жүргізген «Альтаир» ААҚ-ның бас директоры А. Потиченконың құрметіне Александр деп қойды.

1 ҚАРАША
Облысымызға жұмыс сапарымен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Ричард Левингтон келді. Ол облыс әкімі Қ. Жақыповпен және «ҚПО б.в.» компаниясының бас менеджері Пол Джордпен бірге Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасы мен облыстық аурухананың терапевт корпусын күрделі жөндеуден кейін пайдалануға беру салтанатына қатысты. Бұл құрылыстарды «ҚПО б.в.» компаниясы қаржыландырған еді. Қонақтар құрылыстың сапасына жоғары баға берді.

22 ЖЕЛТОҚСАН
Облыс әкімі Қ. Жақыпов орыс жазушысы, түрік халқының тарихын зерттеуші Мурад Аджиді қабылдады. Жазушы облыс басшысына түрік халқының тарихы мен мәдениетіне бүкіл әлем халқы қызығушылық танытып отырғанын және өзінің шығармашылық жоспары туралы әңгімеледі. Кездесуде Мурад Аджи әкімге ізгі тілегі жазылған кітабын табыс етсе, облыс басшысы жазушының иығына шапан жапты.

2000 жыл

14-15 АҚПАН
Орал қаласына «Бөбек» қорының президенті, Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаева жұмыс сапарымен келді. Сара Алпысқызы облыстық «Балдырған» қоры жанындағы қамқорлық кеңесінің отырысына қатысты. Онда қор төрайымы Баян Жақыпова атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Сондай-ақ «Жас дәурен» балалар кешенінде, №1 балалар үйінде болып, ондағы тәрбиеленушілердің жағдайымен танысты. Ол С. Сейфуллин атындағы облыстық №11 мектеп-интернатына жаңа компьютерлік сынып жабдықтарын сыйға тартты. Бұл жабдықтарды «Қазтелеком» АҚ сол бойда тегін ғаламторға қосты.

24 АҚПАН
Орал қаласындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институты, ауыл шаруашылығы институты және Дәулеткерей атындағы өнер институты біріктіріліп, Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған бұл іс-шараларды түсіндіру мақсатында облысқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры А. Әбжапаров келді. Ол Орал қаласындағы жоғары оқу орындары оқытушылары және студенттерімен кездесіп, қайта құруға байланысты олардың сұрақтарына жауап берді. Жаңа оқу орнының ректоры болып Б. Дмитов тағайындалды.

10 НАУРЫЗ
ҚР Президентінің «Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарындағы кейбір әкімшілік-аумақтық бөлік атауын өзгерту және транскрипциялық өзгерістер енгізу туралы» Жарлығына сәйкес Орда ауданы Бөкей ордасы ауданы болып өзгертілді.

30 МАУСЫМ
ҰОС-да қаза болған және хабарсыз кеткен 37 мың жерлестеріміздің аты-жөні енгізілген «Зерде» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа кітапқа материалдар жинауға РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты үлкен көмек көрсетті. 21900 данамен шыққан алты томдық кітап мектептерге, мұражайларға, кітапханаларға таратылады.

14 ШІЛДЕ
ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссия түскен материалдар негізінде Батыс Қазақстан облысы бойынша бірқатар әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауын өзгерту жөнінде шешім алды. Соның негізінде Қазталов ауданының Березин ауылдық округінің Березин ауылы - Қайыңды, Березин ауылдық округінің Русская Таловка ауылы - Ащысай, Тасқала ауданының Мереке ауылдық округінің Подтяжки ауылы - Мереке, Ақжайық ауданының Қурайлысай ауылдық округінің Қурайлысай ауылы - Жұбан Молдағалиев ауылы болып аталды.

30 ШІЛДЕ - 1 ТАМЫЗ
Бөкей ордасы ауданында күйші Дәулеткерейдің кесенесінің ашылу салтанаты болды. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев қатысты. Мемхатшының облысымызға келген жұмыс сапарының мақсаты - мәдениетті қолдау жылы аясында өңірдің мәдени дамуымен танысу, мәдени-ағарту мекемелерінің қал-ахуалын білу, ҚР Мәдениеті тұжырымдамасын жасақтауға материалдар жинастыру. Соған орай ол облыстық қазақ және орыс драма театрларында, М. Мәметованың мұражай-үйінде және облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болды. Облыстық кітапханада мәдениет мекемелері қызметкерлері, оқу орындарының оқытушылары, жазушылар, еңбек ардагерлерімен және мекеме басшыларымен кездесті.

5-7 ҚАЗАН
Ақын Жұбан Молдағалиевтің 80 жылдығына арналған шараларға орай ақынның зайыбы Софья Мәлікқызы мен балалары және туыстары Ақ Жайық өңіріне келді. Олармен бірге жерлес ақындарымыз Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, ақын Т. Меңдетбеков, жазушы М. Еслямғалиев, сазгер және музыкатанушы И. Жақанов, сондай-ақ Мәскеу Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Т. Кузовлева келді.
Орал қаласында мерейтойлық шара ақынның ескерткішін ашудан басталды. Облыстық әмбебап кітапханаға ҚР Үкіметінің шешімімен Жұбан Молдағалиевтің есімі берілді. Соның құрметіне орай кітапханада өткен шара барысында жергілікті «Дастан» баспаханасында шығарылған ақынның екі томдық жинағының тұсаукесері өтті. Мерекелік шаралар аясында республикалық ақындар айтысы, «Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің қазіргі проблемалары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Өткен ғасырдың 30-жылдары Жұбан ағамыз оқыған ауыл шаруашылығы техникумы болған қазіргі №38 қазақ лицей-мектебі ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Осы мерейтойға орай Орал қаласында №44 қазақ орта мектебінің ашылу салтанаты оздырылып, онда оқушылар майдангер-ақынның «Мен - қазақпын!» өлеңінен үзінділер оқыды. Жаңа мектепте өткен алғашқы сабақ «Жұбанов әлемі» деп аталды.

18-19 ЖЕЛТОҚСАН
ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Қырымбек Көшербаев тағайындалды. Соған орай Үкімет басшысы Қасымжомарт Тоқаев Оралға келіп, облыс активінің жиналысына қатысып, Қабиболла Жақыпов ҚР Көлік және коммуникация министрінің орынбасары болып тағайындалғанын хабарлады. Қырымбек Көшербаевтың жаңа қызметіне табыс тіледі.

«Қазақстаннан» Қазақстанға
АДАРИЕ МАКТУБ
Мұхтарам махрур әфенді!
Шахар Уралскиде шығушы «Қазақстан» исімлі ғазетаңызны оқыб, көб шүкірана етдік. 1910-ншы жылдан бұрынырақ Алаш ұранды қазақтың ұлығ балалары жиылысыб, ғазета шығару жолында жүрсәларде не себеб дүр мақсудларына жете алмайлар. 1911-нші жыл ішінде шахар Троитскидан мұхтарам «Айқаб», шахар Оралскиден мұхтарам «Қазақстан» шыға бастады. Қартлардың: «көкден тілегенімізді жерден берді» деген сөзлері осы екен деб зор қуаныстық. Жанаб Хақ ғұмрына бәрәкат, бетіне сабыр бергей еді деб тілегіміз бар... Бірақ бұ айтылған тілекді Хұдайдан сұрадық ғой деб жату тиіс болмас, мал менен, жазу менен халық ішіне көб таралуына ыжтиһад ету керек бола деб.
Ғазита-журналсыз да бір аз жүрдік ғой! Бұны де қолданыб қарайық, дүниадағы туысқандарымыздың жай-күйін білейік, Һөнер осылай файдасыз жерге халал малдарын айамай шашыб, ғазиз туысқанларнан айрылыб, ғұмырын дауменен өткізе мекен! Жоқ басқа да тірлікдің көркемі бар ма екен, қараңыз, қаралық.
Ғұбайдолла бин Ахмедшах

ТЕКЕ ХАБАРЛАРЫ

Үлкен сиыр терісі 6 сом 40 тиын, құнажын терісі 4 сом 50 тиын, тайөгіз терісі 3 сом 20 тиын, жылқы терісі 5 сом, қасаб қой терісі 1 сом 10 тиын, галушни қой терісі 90 тиын, тоқты терісі 50 тиын, қойан терісі 40 тиын, түйе терісі бұтқа 3 сом.
* * *
Сиыр етінің бұты 3 сом 20 тиын, қой етінің бұты 3 сом 20 тиын.
* * *
Құйрық майның бұты 5 сом 50 тиын, іш майының бұты 3 сом 50 тиын.

ПШЕН
Пішеннің бұты 35 тиын, жүкле б 5 сом
* * *
«Ноуый уремиа» деген орыс газитасы жазады жер бастығы министрлердің мәслихатына осы жеддінің бас жерінде Торғай облыстының бағзы бір ойазындагы қазақды орнастыру хақында өзінің фікірін тапсырыбды, онда көрінеді 12 десиатинадан 20 десиатинаға шақли.
* * *
Голландиа деген падшалықда 20 миллион мұсылман бар екен.
* * *
Ел ішінде жоғалған иаки ұсталған мал болса, түрі-түсін айтсаңыз, «Қазақстан» газитасы жазыб жариалайды.

КӨБ БАЛА ТАБУ
Иассах (Румыниада) әйнек фабрикасын ұстаб тұрған Братиан дегеннің 18 йашындағы хатыны бір жолы 7 бала табқан, төртеуі өлген, үшеуі тірі.
* * *
Түрік Италиадан жауда қолға түскен әскерлерні ауыстыруға сұраған, түрік қолындағы италиан әскері 150 кісі екен, италиан қолындағы түрік аскері тек 36 кісі екен.

Нөмірі 3, 15 жедді,
1329 жыл №3 (15 желтоқсан 1911 ж.)

Қаратөбе ауданынан Е.Бимұханов «Жарайсыңдар, ел ұлдары - қаратөбелік кәсіпкерлер!» дейді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қаратөбе өңірінің кәсіпкерлері бағындырған биіктер сан алуан. Олар кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін алдыңғы орынға қойып, аудан экономикасына елеулі үлес қосуда. Өздерінің ғана кәсіптерін дөңгелетіп қоймай, аудан, өңір халқының тұрмыс-тірлігіне де барынша қарайласып келеді.
Қаратөбе өңірінде табиғи газ желісіне қоса ауыз су мәселесінің де түбегейлі шешілер күні жақын. Облыс орталығымен екі аралыққа қатқыл табанды жол төселіп, байланыс жақсарды. Сәулетті үйлердің салтанат құруы арта түсті.
Ауданда кәсіпкерлікке бет бұрғандардың саны күн санап көбейіп келеді.
Бүгінде 210 шаруа қожалығы, 310 жеке кәсіпкер, 40 заңды тұлға тұрақты жұмыс істеп, мыңнан астам адамды жұмысқа тартып отыр. Соның нәтижесінде жыл басынан бері жаңадан 46 жұмыс орны ашылған.
Аудан орталығында орын тепкен «Дем» сусын цехының өнімдері жақсы сұранысқа ие. Тамыз айында Орал қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік байқау-көрмесінде цех жетекшісі Сержан Ашығалиев «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша ІІ орынға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді.
«Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Аға сеньорлар» жобасы бойынша канадалық эксперт Рон Джемсон өзара тәжірибе бөлісу мақсатында жеке кәсіпкер С. Ашығалиевтің «Дем» ауыз су өндіру цехында болып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Тәжірибелі эксперт Р. Джемсон ауыз судың маркетингі, жарнамалау, жұмыс жасау бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Аудан бойынша кәсіпкерлік саласында орасан зор табысқа кенелген жергілікті кәсіпкерлердің ішінде Гүлнар Мұсаева мен Құсайын Мұқановтың есімін ерекше атауға болады.
Бірі аудан орталығының жекелеген тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етсе, енді бірі жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбек етіп, қамкөңіл жандарға қомақты көлемде демеушілік танытуымен беделді.
Жеке кәсіпкер Г. Мұсаева аудан орталығындағы апатты үйде тұрған бес отбасыға жаңадан үй тұрғызуға өз қаражаты есебінен қажетті құрылыс заттарын алып беріп, үй салып берді. Сонымен қатар жыл сайынғы қайырымдылық айлығы шеңберіндегі шаралардан тыс қалған емес.
Оған қоса мәдени-спорттық, көпшілік іс-шаралардың тұрақты демеушісі.
Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Г. Мұсаеваның оң қадамына ауыл тұрғындары дән риза. Сол себепті аудан әкімдігі, ауыл ақсақалдары, жастар белсенділері дара кәсіпкердің игі істеріне қолдау көрсетіп, тығыз қарым-қатынаста байланыс жасап отырады.
Ал жеке кәсіпкер Қ. Мұқанов болса, Ұзақ күйші кесенесін тұрғызуға 600 мың теңге, қожалық қызметшілеріне 200-300 мың теңге көлемінде материалдық көмек берді. Сонымен қатар Аққозы ауылдық округі аумағында 800 түп жас көшетті отырғызып, күтімге алды.
Жеке кәсіпкер Құсайын Ізімұлы да ауданның қоғамдық, мәдени өміріне белсене араласып, экономика, әлеуметтік бағыттағы шараларға үлесін қосып келеді. Аз қамтылған отбасылар, мұқтаж жандарға арнап қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, болашаққа сенімдерін нығайтып, мейірім шуағын ұялатып келеді. Ол шаруа қожалығын дамытумен қатар жергілікті тұрғындарға әлеуметтік көмек беру мәселесін назарда ұстауда. 2002 жылдан бері ардагерлердің шаруашылықтарына қарайласып, жыл сайын қысқы мал азығы ретінде 20 центнер шөп, Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірлеріне 10-20 мың теңге көлемінде сыйлықтар тарту етіп отыруды дағдыға айналдырды. 2010 жылдан бері жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында 8-10 оқушыны спорт формасы және оқу-құралдармен қамтып отырады.
Саралжын ауылдық округінде жеке кәсіпкер Қасымбек Болатұлының «Ақеділ» наубайханасы, аудан орталығында ауыл тұрғыны Армат Көбешовтің «Әли» азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар сататын сауда нүктелері ашылды.
Кәсіпорын мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша «Қоржын» шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары Ақкүн Мұқанова Астана қаласында екі апталық оқу курсына қатысып, сертификатқа ие болды. «Сублимация әдісі арқылы жылқы сүтін ұнтақ түрінде өндіру» тақырыбында бизнес-жоба дайындаған ол қараша айында әңгімелесуден өтеді. Комиссия оң қорытынды берсе, Германияға тағылымдамадан өтуге барады.
Қазіргі уақытта аудан бойынша үлкен мәселеге айналып отырған өзекті мәселе - мал сою цехтарының жоқтығы. Ауданда мал өнімдерін орталықтандырылған жүйе негізінде ветеринарлық-санитарлық талаптарды орындау, сақтау мақсатында «Сатыбалды» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Құсайын Мұқанов мал сою цехының құрылысын бастап та кетті. Бұл жұмыстардың жоба құны 86 млн. теңге қаражатты құрайды. Оның құрамына мал сою алаңы, мал сою құрал-жабдықтары, мал өнімдерін сақтау тоңазытқышы кіреді.

Соңғы жаңалықтар