Мосулдағы 8 ғасырлық тарихы бар Ан-Нури мешіті қайта қалпына келтіріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шамамен 1172 жылы іргесі қаланған Ан-Нури мешітінде «ДАИШ» содырлары «Бүкіләлемдік халифаттың» құрылғанын жариялаған болатын. Екіжақты текетірес кезінде содырлар мешітті қиратып тастаған. Иран Республикасындағы Қазақстанның сенімді өкілі Юнус Сархан аталған мешіттің қайта қалпына келтірілетінін хабардар етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ирак үкіметінің ресми өкілінің айтуынша, Ирак Республикасы азат етілген Мосул қаласын қайта қалпына келтіруді көздеп отыр. Ірі кәсіпорындармен бірге, «ДАИШ» содырлары күйреткен Ан-Нури мешіті де қайта бой көтермек.

«Ан-Нури мешіті мен өзге де тарихи орындарды қалпына келтіру бағытында республика және қала басшылығы нақты жұмыс жүргізеді. Аталған мешіттің тарихы тереңде, сол себепті мешіттің күйреген құрылымдары мен тастарын жинап, мешітті қайта тұрғызу туралы шешім қабылданды. Ирак үкіметі Мосулды қайта қалпына келтіру үшін арнайы бағдарламаны жүзеге асырады. Мешіттің күйретілуі террористердің ислам дініне мүлде қатысы жоқ екенін дәлелдейді. Ислам бейбітшіліктің діні, ал террористер оны күйрету арқылы барлығын қорқытуды мақсат тұтты», - дейді Юнус Сархан.

Юнус Сарханның айтуынша, Мосул ежелгі Месопотамия жерінде орналасқандықтан тарихи орындары көп. Алайда содырлар олардың көбін жойып жіберген. Ендігі кезекте Ирак үкіметі тарихи орындарды қалпына келтіруді қолға алмақ.

Еске сала кетсек, бүгін Ирактың ең ірі екі қаласының бірі саналатын Мосул қаласының азат етілуіне байланысты Ирак Республикасының Қазақстандағы елшілігі БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізген болатын. Мосул халқының саны - 1,5 миллион.

«ДАИШ» ұйымы 2014 жылдың шілде айында аталған қаланы басып алған болатын. 2016 жылдың 24 наурызынан 2017 жылдың 10 шілдесіне дейін Ирак үкіметінің армиясы Найнав мухафазасымен бірлесе отырып, «ДАИШ» содырларына қарсы Мосул үшін шайқас жүргізген. Бүгінгі күні Мосул террористердің қолынан толық азат етілген.

 

Соңғы жаңалықтар