Мораторийдің нәтижесінде 40 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері тексерістен босатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған мораторийдің нәтижесінде 40 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері тексерістен босатылды. Бұл туралы бүгін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Онда әлеуметтік нысандардың тексерілуі мәселелері талқыланған болатын.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша ағымдағы жылдың сәуірінен бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған болатын. Бас прокуратураның ақпараты бойынша, 2013 жылы кәсіпкерлік субъектілеріне 200 мыңнан астам тексерулер жасалған болса, мораторий жарияланғаннан бері ондай кәсіпкерлік субъектілерін тексерулердің саны 423-ті ғана құрайды. «Оның ішінде 3 тексеріс бақылау және қадағалаушы органдардың жоспарлы тексерісі болса, қалған тексерулердің барлығына кәсіпкерлер өздері мүдделілік танытқан», - деді жиынды ашқан комитет төрайымы Гүлнар Ықсанова.

Ал ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаеваның айтуынша, Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге қатысты мораторий ерекше бақылауда. «Мораторий күшіне енген уақытта Бас прокуратура 10 мыңнан астам тексерісті тоқтатты. Сонымен қатар, биылғы жылы 40 мыңнан астам кәсіпкер тексерістен босатылды. Бұның өзі елімізде бизнестің дамуына жақсы жағдай жасайды. Жалпы, 2 сәуірден бері құқықтық статистика және арнайы есеп органдары барлығы 380-нен астам тексерісті тіркеді. Бұл тексерістерді кәсіпкерлердің өтініштері бойынша қаржы ұйымдары жүргізді», - деді Сәуле Айтпаева.

Соңғы жаңалықтар