Мопед пен электрлі самокат мінгендерге полиция ештеңе істей алмай отыр - Алматы әкімі

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мопед пен электрлі самокат мінгендерге полиция ештеңе істей алмай отыр. Бұл туралы Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мопедпен тамақ жеткізушілердің көлік құралын жүргізу куәліктері де жоқ. Олар кез келген жермен жүре береді, бағдаршамдарға тоқтамайды. Оның үстіне, 16-18 жастағы балалар. Олар жол бойында басқа жүргізушілерге де қауіпті жағдай туғызады. Сондықтан, бұл мәселені шешуіңізді сұраймын», - деді әкімге аудан тұрғыны.

Ерболат Досаев қазіргі таңда мопед пен электрлі самокаттар көлік құралы болып саналмайтынына тоқталып, сол үшін полиция оларға ештеңе істей алмай отырғанын жеткізді.

«Дегенмен, Ішкі істер министрлігі мопед пен электросамокатты көлік құралы қатарына қосу туралы Парламент Мәжілісіне заң жобасын ұсынған болатын. Көктемде Парламент Мәжілісінің сайлауы өткен соң, депутаттар заң жобасын қарап, оны қабылдайды деп үміттенемін. Көлік құралы болып танылған соң, полиция жүргізуші куәліктерін талап етіп, олардың жүру ережелерін реттейді», - деді Ерболат Досаев.

Еске салайық, Мәжілісте электросамокатпен жүру тәртібін реттейтін құжат талқыланатыны туралы хабарлағанбыз.

Сондай-ақ, Алматы полициясы қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеген еді.

Өткен жылы Алматыда мопед жүргізушілері бір күн ішінде 114 рет жол ережесін бұзған.


Фото: www.prevencionintegral.com

Соңғы жаңалықтар