Монополияның кесірінен компаниялар байланыс пен интернет бағасын қалауынша өсіріп отыр - агенттік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен бәсеке туралы форумда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров телекоммуникация нарығындағы монополия туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш нарық жоғары шоғырланған, мемлекеттің нарықтағы үлесі 75% дейін өсті.

Қазақтелеком да аукционда радиожиілік спектрін сатып алды. Негізі бұл бизнеске сатылуы керек мемлекеттік ресурс еді.

«Демек, «мемлекет өзіне өзі сатты» деген сөз. Монополияландыру клиент үшін бәсеке деңгейі мен қызмет көрсету сапасының төмендеуіне себеп болды. Қазір байланыс қызметтеріне тарифтердің біржақты көтерілуіне байланысты шағымдар келіп жатыр. Жекелеген тарифтік жоспарлар құны 2 есе өсті», - деді агенттік төрағасы.

Марат Омаровтың айтуынша, мәселен Алтел 13 наурыздан бастап 1 минут сөйлесу/SMS құнын 9-дан 18 теңгеге дейін өсірген.

Еркін радиожиілік спектрінің болмауы, экономикалық кедергілер бәсекеге қабілетті ұялы байланыс нарығын қалпына келтіру перспективасын төмендетеді.

«Үкіметтің бір ұялы байланыс операторын бөлу жоспары бар, бірақ әзірге оны іске асырудың нақты механизмі жоқ, өкінішке қарай. Сондай-ақ, жеке операторлардың, мысалы, IT нарықтарында, аралас нарықтарға кіру әрекеттері байқалады», - дейді Марат Омаров.


Соңғы жаңалықтар