Монополияға қарсы орган: «Қазақтелекомның» Kcell акцияларын сатып алуына рұқсат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Қазақтелеком» АҚ-ның «Kcell» АҚ дауыс беретін акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы өтінішхатын қарауды аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ведомствоға сілтеме жасап.  

Өтінішхатты қарау кезінде монополияға қарсы орган ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестікке егжей-тегжейлі талдау және бағалау жүргізді. Шешім қабылдау кезінде нарықтағы барлық қатысушының ұстанымдары ескерілді. Байланыс саласындағы уәкілетті орган - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, сондай-ақ тұтынушылар, қатысушылар үшін және тұтастай алғанда салаға мәміле жасаудан келетін болжамды ықпал мен әсерді бағалады.

Нарықта «Алтел» және «Tele2» брендтерін ұсынатын «Қазақтелеком» АҚ және «Мобайл Телком-Сервис» ЖШС компаниялары бір тұлғалар тобына кірмейтіні анықталды. Себебі осы серіктестіктегі бақылау пакеті (50,52%) «Tele2 AB» швециялық компаниясына тиесілі. Осылайша, қазіргі кезде  «Қазақтелеком» АҚ-ның ұялы байланыс қызметтері нарығында нарықтық үлесінің жоқ екендігін ескере келе, монополияға қарсы орган «Қазақтелеком» АҚ-ның «Kcell» АҚ-ның дауыс беретін акцияларының 75 пайызын сатып алуын қамтитын экономикалық шоғырлануға келісім берді.

Осы мәміле оң шешімін тапқан жағдайда, «Қазақтелеком» АҚ алғаш рет еліміздің ұялы байланыс нарығына кіреді. Бағалау бойынша, компанияның осы нарықтағы үлесі 37,5 пайызды құрайды.

«Мәміле түпкілікті тұтынушылар үшін ұялы байланыс қызметтерінің құнына әсер етпейтінін атап өткен жөн. Айталық, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 208-бабына сәйкес Монополияға қарсы комитет ел тұтынушыларының және тұтастай алғанда саланы дамыту мүддесінде бірқатар шарттар мен талаптар белгіледі, оларды бұзу шешімді қайта қарауға, оның ішінде мәміленің күшін сот тәртібімен жоюға әкеліп соғады», - делінген таратылған ақпаратта.

Сондай-ақ, тұтынушылардың мүдделеріне қарай монополияға қарсы орган «Қазақтелеком» АҚ-ға «Кселл» - «Activ» брендтерін сақтауды міндеттеді.

«Kcell» АҚ-ның тәуелсіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы үшін, шарт ретінде тәуелсіз менеджментпен жеке басқаруды жүргізуі көзделген, яғни акционер «Kcell» АҚ-ның жаңа менеджментпен кәсіпкерлік қызметті жүргізуін анықтай алмайды. Көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасы мен құнын сақтау мақсатында ұялы байланыс нарығындағы басқа да қатысушылармен қолданыстағы инфрақұрылымды бірлесе дамыту шарттарын сақтау нұсқама етілді. Осы шарттар «Қазақтелеком» АҚ тарапынан мәміле жасау кезінде орындалуға міндетті.

Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің атына нұсқама жіберілді, оны іске асыру бәсекелестікті сақтау және дамыту үшін жағдайлар жасау арқылы ұялы байланыс қызметтері нарығын реттеу тетіктерін жетілдіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар