Монополистке 1 млрд теңгеге айыппұл салынды - Бас көлік прокуратурасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас көлік прокуратурасы қылмыстық қудалау және бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органдарымен бірлесіп, нарық субъектілерінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осындай іс-шаралардың бірінде «Отын – энергетикалық кешен-Қазақстан» Сауда үйі» ЖШС анықталды, ол темір жол шекараларында сұйық жүктерді қабылдау, сақтау және босату бойынша қызметтер көрсетуге монополиялық артықшылығын пайдаланып, 2 жыл ішінде негізсіз «үстеме пайда» алған.

«Нәтижесінде, 15 наурыз күні ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни нарық субъектісінің монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру арқылы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланғаны үшін ірі кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материал 20 сәуірде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды, оның нәтижелері бойынша монополист әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды», - деп жазды ведомство.

Сот оны 1 094 593 950 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді және 579 826 102 теңге сомасында заңсыз алынған монополиялық табысты тәркіледі.

Сот актісі заңды күшіне енді.


Соңғы жаңалықтар