Монополистер xалықты қалай алдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде заң бойынша монополистер инвестициялық тариф арқылы қосымша қаржы тартып, ол ақшаны инженерлік желілерді жөндеуге жұмсай алады. Алайда аталған қаражат тұтынушыларға қайтарылуы шарт. Монополистер заңның дәл осы нормасын орындамай жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің қауымдастығы» ЗТБ басшысы Николай Абттың айтуынша, осыдан жеті жыл бұрын электрэнергия саласындағы кейбір кәсіпорындар инвестициялық тарифті бекіттіріп алды. Ал ондай тарифті алу үшін инвестициялық бағдарламаны қорғау қажет. Соның нәтижесінде құзіретті мемлекеттік орган бес жылға инвестициялық тарифті енгізуге рұқсат берді.

«Бес жыл өтті, бірақ ешкім тарифті төмендеткен жоқ. Бәрі сол баяғы жоғары тарифпен жұмыс істеп келеді. Сонда инженерлік желілерді жаңартуға xалықтың ақшасы тартылып отыр. Оған қарапайым тұтынушылардан ешкім рұқсат сұраған да жоқ. Әлемдік тәжірибе бойынша ондай қаржы инвесторларға қайтарылады. Біздің заңнамамызда да анық жазылған, «инвестициялық бағдарлама» қаражатты салуды ғана емес, сол қаражатты қайтаруды да көздейді», - деді Н.Абт «Protecting business and investments» жобасының қорытындысына арналған жиында.

Айта кетейік, «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына сәйкес, инвестициялық бағдарлама - бір немесе бірнеше инвестициялық жобаларды қамтитын, техникалық-экономикалық нәтиже алу мақсатында қысқа мерзімді, орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған, табиғи монополия субъектісінің энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуге, қолда бар активтерін кеңейтуге, қалпына келтіруге, жаңартуға, қолдауға, негізгі құралдарын реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңа активтерін жасауға бағытталған қаражатты салу және қайтару бағдарламасы.

«Мәселен, Қарағанды облысындағы монополистер инвестициялық бағдарламаны қорғағанда артынан төмен тариф арқылы барлық қаржыны қайтарамыз деп айтқан. Бірақ қазір ол жайында ешкім ләм-мим демейді. Демек, монополистер xалықтың ақшасын алды да, оны қайтаруды «ұмытып кетті». Оны қалай атауға болады? Әрине, «заңды бұзу» немесе «ірі көлемде ақша жымқыру» десек болады», - деп атап көрсетті Н.Абт. 

 

Соңғы жаңалықтар