Моноқалаларды әлеует деңгейіне сәйкес дамыту қадамдары ескеріледі - Қайсар Нығметов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында моноқалаларға қатысты ерекше тоқталып өтті. Президент моноқалалардағы тыныс-тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер керек екенін қадап айтты. Осы ретте «ҚазАқпарат» агенттігіне «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов аталған елді мекендер мәселесіне қатысты өз пікірін айтып берген болатын.

Тарихи тұрғыдан алғанда, моноқалалар әртүрлі тау-кен орындарының айналасында өсті, олардың көпшілігі географиялық тұрғыдан қолайсыз аудандарда құрылды. Елімізде жүргізіліп жатқан өңірлік саясат міндеттерінің бірі - моноқалаларды дамыту.

«Естеріңізге сала кетейік, моноқалаларға орта немесе үлкен қалалар кіреді, онда өнеркәсіптік өндірістің және еңбекке қабілетті халықтың 20%-дан астамы бір немесе бірнеше қала құраушы кәсіпорындарда, әдетте біреуіне шоғырланған. Бүгінгі таңда елімізде 1,4 млн адам немесе ел халқының жалпы санының 7,4 пайызы тұратын 27 моноқала бар. 2015 жылдан бастап моноқалалардағы халық саны 2,4 пайызға немесе 34,8 мың адамға қысқарды (2020 жылы – 1 412,6 мың адам, 2015 жылы - 1 447,4 мың адам). 9 моноқала өздерінің орналасуы есебінен облыс орталықтарымен тығыз экономикалық байланыста, бұл агломерациялық әсерлерді іске асыру есебінен олардың экономикалық дамуының берік негізін құрайды (Абай, Ақсу, Кентау, Рудный, Саран, Текелі, Теміртау, Хромтау, Шахтинск ққ.). Осы тоғыз қалада халық саны тұрақты болып қалуда», - деді Қайсар Нығметов.

Атап айтқанда, облыс орталықтарынан шалғайдағы 18 моноқалада халық саны азайып келеді (-3,9%). Егер экономикалық көрсеткіштердің динамикасын қарастыратын болсақ, 2019 жылы 2014 жылмен салыстырғанда моноқалаларда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 55,2%-ға, негізгі капиталға инвестициялар көлемі 3,1 есе өсті.

«Моноқалалардың қала құраушы кәсіпорындарында жұмыспен қамтылғандар саны 7,5 мың адамға (4,5%) қысқарды (2019 жылғы 167,4-тен 2020 жылы 159,9 мың адамға дейін). Моноқалалардағы жалақы мөлшерінің жоғары саралануы сақталуда: егер 2014 жылы 16 моноқалада жалақы мөлшері облыс бойынша орташа айлық жалақыдан төмен болса, 2019 жылы - 12 моноқалада. Моноқалаларды дамытудың маңызды проблемаларының бірі - инфрақұрылымның тозуы және соның салдарынан коммуналдық қызметтер сапасының төмендеуі. Мәселен, кәріз желілері инфрақұрылымының тозуы 66,1%-ды, жылу желілері 54,5%-ды, су құбыры желілері 56,2%-ды, электр беру желілері 55,3%-ды құрайды (2020 жылы). 11 моноқалада автожолдардың 50%-дан астамы қанағаттанарлықсыз жағдайда», - деп тоқталды сарапшы.

2013 жылдан бастап Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша моноқалалардың инфрақұрылымын дамытуға 57 млрд теңге бөлінді. Бұл тұрғыда 195 жоба ескерілген, оның арасында ТКШ саласында - 112, көлік инфрақұрылымында - 68, абаттандыру бойынша 15 жоба іске асырылды.

Ал 2025 жылға дейін моноқалалардың инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен шамамен 77 млрд теңге мөлшерінде қаражат жоспарланған.

Негізінен, моноқалалардың проблемалары олардың экономикасының әртараптандырылуының төмен дәрежесімен, халықтың жұмыспен қамтылуының қала құрушы кәсіпорынның даму перспективаларынан жоғары тәуелділігімен, шикізат қорларының азаюымен байланысты болып келеді. Осы ретте шикізат қорының сарқылуына және 400-ге жуық жұмыскердің босатылуына байланысты «Торғай боксит кен басқармасы» қала құраушы кәсіпорнының жабылуы бойынша Арқалық қаласының тәжірибесі мысал бола алады. Бұл ретте әкімдікпен қала құраушы кәсіпорынмен жұмыстан босатылатын қызметкерлерді жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру бойынша Жол картасы іске асырылған, бұл осы кәсіпорынның жабылуының салдарын барынша жеңілдетуге мүмкіндік берді. Қызметкерлердің бір бөлігі кәсіпорынның басқа филиалдарына жұмысқа орналастырылды, біреулері жерді қалпына келтіруге тартылды, басқалары өңірдің кәсіпорындары мен ұйымдарында жұмысқа орналастырылды.

«Бүгінгі таңда Арқалық қаласы таза моноқала болмай отыр және жоспарлы түрде әртараптандырылуда. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен әрі қайта өңдеумен байланысты жобалар қамтылып келеді. Сондай-ақ, Степногор және Саран моноқалалары экономиканы әртараптандыру мен қала құраушы кәсіпорындарға деген тәуелділікті төмендету бойынша мысал бола алады», - деді Қ. Нығметов.

Степногорда қаланың өнеркәсіптік өндірісі көлеміндегі қала құраушы кәсіпорындардың үлесі 2020 жылы 42 пайызды, 2012 жылы 52 пайызды құрады. Саран қаласында қаланың өнеркәсіптік өндірісі көлеміндегі қала құраушы кәсіпорындардың үлесі 2020 жылы 17,5 пайыз (2012 жылы – 52,1%) деңгейінде болды.

Моноқалаларды, жекелеген аумақтарды дамытудың халықаралық тәжірибесін зерделеу әрбір моноқаланың ерекшелігін ескере отырып, оның негізінде стратегиялық тәсілдер жиынтығын қолдану қажеттігін көрсетеді:

- инвестициялық ахуалды жақсарту есебінен әртараптандыруды ынталандыру;

- шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту;

- адами капиталды қалыптастыру (білім беру, медициналық және басқа да базалық қызметтерді барлық жерде сапалы көрсетуді ұсыну);

- моноқалаларға жеткілікті өкілеттіктер мен ресурстар беру;

- көлік қолжетімділігін кеңейту, агломерацияларға көшу мүмкіндігі есебінен халықтың ұтқырлығын арттыру.

«Моноқалаларды дамытудағы басты басымдық адамға беріледі: өмір сүру сапасына – қауіпсіздікке, сапалы білім беру мен денсаулық сақтауға, қалалардың ішінде және арасында дамыған көлік байланысына, тиімді қала құрылысына әрі жоғары экологиялық стандарттарды қолдауға баса назар аударылатын болады. Моноқалалардың дамуын талдау (бюджеттік, әлеуметтік-демографиялық, экономикалық аспектілер) бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Бұл жұмыстың мақсаты - моноқалаларды олардың әлеует деңгейіне сәйкес дамыту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу», - деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығының директоры.


Соңғы жаңалықтар