Моноқалаларда бизнесті дамытуға мемлекеттік қолдау ұлғайтылмақ- сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеңілдікті несие моноқалаларда бизнесті мемлекеттік қолдаумен қамтуды ұлғайтады. Бұл туралы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Бәсекелестік орта орталығы директорының орынбасары Дарина Кеңес мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылды елді мекендерде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері банк саласындағы тым қатал талаптарға байланысты банктік қаржыландыруға жатпайтын «өрескел тәжірибе» қалыптасқан.

Қаржыландыруға қол жеткізудің шектеулігі проблемасының негізгі индикаторы – жеткілікті және өтімді мүліктің болмауы. Кәсіпкерлердің осы сегментін қолдау мақсатында 2020 жылға дейін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында моноқалалар, шағын қалалар мен ауылды елді мекендер кәсіпкерлерінің бизнес-бастамаларын қолдау бойынша салалық шектеусіз мамандандырылған бағыт көзделген. Алайда, пандемия салдарынан барлық салалық шектеулердің алынып тасталуына байланысты бұл бағыт та жойылды», - деді Д. Кеңес.

Сарапшы «Даму» КДҚ» АҚ ақпараты бойынша 2010-2020 жылдары кәсіпкерлер жобаларының шамамен 30%-ы моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылды елді мекендерде іске асырылғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта «ауылдық» кәсіпкерлерді қолдау бойынша шаралар жоқ екенін ескерсек, кәсіпкерлік субъектілері микроқаржы ұйымдарынан қамтамасыз етусіз (35%-тен астам) жоғары мөлшерлемемен тұтынушылық кредит алуға және оларды бизнес мақсатқа пайдалануға мәжбүр болуда. Нәтижесінде, кредиттік портфель сапасының нашарлауы, мерзімі өткен қарыз үлесінің және қарыз алушының бүлінген кредиттік тарихының ұлғаюы бойынша үлкен қатер бар. Моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылды елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Мемлекет басшысының 5% жеңілдікпен кредит беру жөніндегі ұсынысы өзекті және уақтылы болып отыр. Бұл елдегі әкімшілік бөлініске қарамастан, барлық мұқтаж кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік қолдау шараларын ұлғайтуда, сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның бір мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Д. Кеңес.

Еске сала кетейік, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өткізген болатын.



Соңғы жаңалықтар