Моноқалалар маңынан жаңа кен орындар ашылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазгеология» ҰГК» АҚ 18 учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған учаскелердің бесеуі Жезқазған, Сәтбаев және Алтай моноқалаларының маңында орналасқан. Мәселен, Қарағанды облысында Қайынды учаскесінде аумағы 3835 шаршы шақырым Сегізбай-Көлде 1430 шаршы шақырым, Үшшоқыда 515,5 шаршы шақырым болатын іздестіру жұмыстары бойынша үш жоба іске асырылуда. Учаскелер Жезқазған және Сәтбаев қалаларынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Жезқазған кәсіпорнының шикізат базасын толықтыру осы өңірдің дамуына жаңа серпін береді. Шығыс Қазақстан облысында Алтай ауданына қарасты Ревнюшин алаңында алтын-полиметалл кен орындарын анықтау үшін ірі масштабты іздестіру жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

«Іздестіру жұмыстарының материалдарымен учаскелердің тиісті масштабтағы геологиялық картасы, геофизикалық және геохимиялық зерттеулер нәтижелерінің карталары жасалады. Ірілендірілген көрсеткіштер бойынша анықталған нысандарға геологиялық-экономикалық бағалау және одан әрі геологиялық-барлау жұмыстары бойынша ұсынымдар беріледі. Биыл нысандарда далалық, зертханалық және камералдық жұмыстар жалғастырылады. Олардың нәтижелері бойынша зерттелетін аумақтардың перспективаларына түпкілікті баға беріледі», - деп атап өтеді министрліктен.

Ведомство мәліметінше, учаскелерді геологиялық зерттеу және іздестіру процесіне жерді қашықтықтан зондтау, геофизикалық, бұрғылау, тау-кен жұмыстары, зертханалық-сараптамалық зерттеулер және материалдарды камералдық өңдеу кіреді.


Соңғы жаңалықтар