Моңғолиядағы тігінші әжей қазақтың салт-дәстүрін бейнелейтін мұражай ашты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ мәдениетінің, өнерінің өзге елдерде жойылып кетпей, керісінше мейлінше қанат жаюына шетелдерде тұрып жатқан қандастардың атқаратын үлесі зор. Сонымен қатар, «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұстанымдағы қазақ елі де шеттегі әрбір қазақтың жетістігіне, жасап жатқан игі істеріне елеңдеп, тілеулес болып, қолдау білдіріп келеді. Осы ретте Моңғолияда тұратын қандасымыз, қолөнер шеберлігімен 52 жыл бойы айналысып келе жатқан ісмер, «Моңғолия мәдениетінің озат қызметкері», «Моңғолия елінің озат шебері», «Халықаралық озат тігінші» атағымен марапатталған Сайлау Түкібайқызы туралы әңгімелекпіз.

Сайлау Түкібайқызы 1957 жылы 17 қазанда Баян-Өлгей аймағының Тұлба сұмынында он балалы отбасының тұңғышы болып дүниеге келген екен. Ол он жасынан анасынан тәрбие алып, тігін тігіп, шеберлік сабағын санасына ерте сіңірген. Ал 17 жасында анасы өмірден өтіп, отбасының бар қиыншылығы әкесі екеуінің мойнына түсіпті.

«Үйдің үлкені болғандықтан көп жауапкершілік менің мойнымда болды. Өмірдің қызығын да шыжығын ерте көріп өстім, ерте есейдім. Артымнан ерген бауыр, сіңлілерімнің бәрін аяғынан тұрғызып, қатарға қосу оңай болған жоқ. Осы қиындықтардың бәрін еңсеруге анамның бойыма сіңірген қолөнері көп септік болды», дейді шебер әжей.

Моңғолия мемлекетінің астанасы Ұланбатыр қаласына қарасты Налаих ауданында жеке шеберханасын ашып, ұлттық құндылықтарымыз қол-өнер бұйымдарын жасап, жас ұрпаққа ұлағатын ұқтырып келе жатқан әжей бұл күнде шәкірт тәрбиелеп, өнерін жастарға аманаттап жүргенін айтады.


«10 жасымнан сурет салып, іс тігуді анамнан үйрене бастадым. Қазақ қолөнерінің біз кесте, қол кесте, ою-өрнексіз тігу, тоқыма түрлері, сырмақ ою секілді барлық түрін меңгердім. Осы салада жүргеніме 52 жылдай болыпты. Көптен бері өнерге құмар, іскер балаларды жинап қолөнер шеберлігін үйретумен де айналысып келемін. Қазірге дейін 200-ден астам шәкірт тәрбиеледім. Шәкірттерімнің алды Франция, Жапония мен Қазақстанда еңбек етіп жүр. Ендігі мақсатым бойымдағы бар өнерді жастарға үйретіп, болашаққа аманаттау», - дейді Сайлау Түкібайқызы.

Сайлау Түкібайқызы Халықаралық көрмелерге және Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі тарапынан ұйымдастырылған мәдени іс-шаралардың көбіне белсене қатысып тұрады.

«Бүгінге дейін республикалық, халықаралық деңгейдегі 40-тан астам көрмеге қатыстым. Жүлделі орындардан көрініп келемін, мемлекет тарпынан да көптеген марапаттар алдым. Қазақ десе бір бүйрегіміз бұрып тұрады-ғой, Қазақстан тарапынан ұйымдастырылған мәдени іс-шаралардың да әрдайым басы-қасындамын. Өзіміз ашқан мұражайымыз бар, онда қазақтың барлық тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін болымысын бейнелейтін қолөнер бұйымдары топтастырылған. Шетелдік саяхатшылар музейімізге жиі келіп тұрады. Бұймдарымызды қызығып сатып алып жатады. Әрине биылғы пандемияға байланысыты келушілер саны азайды. Алдағы арманым осы музейді кеңейтіп, болашақ ұрпақтарға мұра етіп қалдырыру», - дейді ісмер әжей.


Өмірін өнерімен өрнектеген әжейдің қазақ және моңғол тілдерінде ұлттық өнеріміз туралы жазған «Шебердің – шежіресі» атты кітабы да жарық көріпті. Осы еңбегі үшін Сайлау Түкібайқызы «Моңғолия елінің озат шебері» төс белгісімен марапатталған.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Бес қыз бір ұл өсірдім. Қыздарыма, сіңлілеріме, шәкірттеріме бойымдағы бар өнерімді үйреттім. Шеберлік жайында екі кітабым жарық көрді. Қазақтың ұмытылып бара жатқан барлық қолөнер бұйымдарын таныстырып, қалай жасалатынын қайда қолданылатынын осы кітаптарға кіргіздім. Алланың қалауымен қажылық парызымды өтеп қайттым. Жалпы өмірім өзім кестелеген әдемі өрнектердей көркем болып өтіп жатыр», дейді әжей.

Еңбегімен ел алқауына бөленіп, өнерін кәсіп көзіне айналдырған Сайлау Түкібайқызы қайрымдылық шараларын жиі өткізіп тұрады екен.

«Өзім жас кезімде көп қиыншылық көріп өстім, сол үшін де қиналған жан көрсем көмектесуге асығып тұрамын. Көптеген жастардың ісін бастауға, кәсібін ашуға қолғабыс жасадым. Пандемия кезінде бетперделер тігіп, оны тегін тараттық. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген халқымыз адамның пейіліне қарай Алланың берері мол болатынын да айтады ғой. Пейіліміз кең болсын, әлемнің әр түкпіріндегі қазағым аман болсын! Ұлттық өнеріміз өрлей берсін!», деген тілегін жолдады Сайлау Түкібайқызы.



Соңғы жаңалықтар