Моңғолиядағы ең төменгі жалақы Баян-Өлгийде тіркелген - шетелдегі қазақ баспасөзі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстандағы Қазақ әдебиеті кеңесі жылды қорытындылады - ӨзА

Өзбекстан Жазушылар одағында Қазақ әдебиеті кеңесінің 2022 жылы атқарған қызметінің қорытындысына арналған жиын өтті. Онда Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, халық ақыны Сирожиддин Сайид, одақтың қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахмедов және елдегі барша зиялы қауым өкілдерінің ана тілінде еркін еңбек етіп, шығармашылықпен айналысуына зор көңіл бөлініп жатқаны, осыған байланысты оларға қажетті мүмкіндіктер жасалып жатқаны айтылды, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Аталған басқосуға қатысқан Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, халық ақыны Сирожиддин Сайидтың айтуынша, өткен жылы бауырлас халықтың бірқатар қаламгерлерінің шығармашылығына арналған танымдық шаралар өткізіліп, шығармалары кітап болып басылып шықты. Өзбекстан Жазушылар одағы ұйымдастырған Орталық Азия шығармашыл жастар форумына Қазақстанның шығармашыл жастары белсенді қатысты.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, бүгінде Өзбекстан Жазушылар одағы жанындағы Қазақ әдебиеті кеңесі – одақ құрамындағы ең ірі кеңестердің бірі болып, өткен жылы 10-нан астам мәдени іс-шара және бірнеше кітап тұсаукесерін өткізген.

Атап айтқанда өткен жылы Жазушылар одағы жанындағы Қазақ әдебиеті кеңесінің мүшелері өзбек-қазақ әдеби байланыстары жөнінде түркі әлемі елдері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған жаһандық шара – «Түрік әдебиетінің жауһарлары» атты жүз томдық кітап жарыққа шығып, оның он томы, яғни 72-81 томдары қазақ әдебиетіне арналған.

Осы он томдыққа қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап өткен ғасырдың классик жазушыларынан тарта бүгінгі Қазақ әдебиетіне үлес қосып жүрген жастардың шығармалары енген.

Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахмедов өз баяндамасында 2023 жылғы кеңесітің алдағы жоспарына тоқталып ел аумағындақы қазақ ақын-жазушылардың жаңа кітаптарының тұсаукесері, мектептерде мәдени-әдеби кездесулер, танымдық шаралар, дөңгелек үстелдер өткізу көзделіп отырғанын жеткізді.

Ең төменгі жалақы Баян-Өлгий аймағында тіркелген – Kaznews

Моңғолияның 21 аймағының әл-ауқат әлеуеті және бәсекеге қабілеті туралы баяндама жарық көрді. 2022 жылғы көрсеткіш бойынша Баян-Өлгий аймағы Моңғолияда бәсекеге қабілет индексінде 13-ші орынға қайта сырғыған.

Батыс Моңғолияда Увс 11, Говь-Алтай 18, Ховд 15, Завхан 20-шы орындарға тұрақтаған, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Баян-Өлгий аймағының индексінің төмендеуіне технологиялық инфрақұрылым, менежменттік жүйе әсер еткен.

Сонымен қатар, халықтың тұрмыс деңгейі жақсарған аймақ ретінде Дорноговь аймағы көш бастап тұрса, ең төменгі көрсеткіш Ховд аймағында тіркелген.

Ал, орташа жалақы бойынша Орхон аймағы көш бастап тұрса, ең төменгі жалақы Баян-Өлгий аймағында тіркелген.

Аймақтардың бәсекеге қабілеті туралы қорытындыны моңғолиялық тәуелсіз зерттеу орталығы шығарған. Бұл рейтинг аймақтардың әл-ауқат әлеуетіне баға беру саласындағы ең беделді сараптама саналады.

Аталған зерттеу қорытындысы инновацияны өндіріске еңгізудің және әкімшілік кедергілерді азайту, биліктегі ашықтықты қалыптастыру арқылы бәсекеге қабілетті арттыруға болатынын көрсетеді, деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Астанадан Анкараға тікелей рейс ашылды- TRT

Қазақстандық авиакомпания Астанадан Анкараға тұрақты рейс бастайды. Ал Қазақстандық әуе компания Астанадан Түркия астанасы Анкараға билет сатудың басталғанын хабарлады.

Астана-Анкара рейсі 23 мамырдан басталады. Рейстер аптасына екі рет, сейсенбі және сенбі күндері тұрақты орындалады.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі пандемиядан кейін Қазақстан 109 бағыт бойынша 29 елге халықаралық рейстерді бастағанын хабарлаған болатын.

Түркиялық басылымның мәліметінше, биыл Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Стамбулға, Астана мен Алматыдан Анталияға әуе рейстерін арттыру жоспарланған.

Сонымен қатар, жаңа бағыттар аясында Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Астанадан Дохаға, Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтілуде.

Иран мен Қазақстан спорт және жастар саласында меморандум жобасына қол қойды – Parstoday

Иранның Жастар және спорт министрлігінің стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Реза Никбахш Иран мен Қазақстанның бақылаушы органдары арасында спорт және жастар саласында меморандумның жалпы жобасына қол қойды, деп хабарлайды Parstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, Реза Никбахш өзінің жуырда Қазақстанға барғанын жеткізген. Оның айтуынша, спорт және жастар саласында екі елдің жоғары лауазымды сарапшылары өзара кездесулер ұйымдастырып, тәжірибе мен ақпарат алмасып, меморандумның баптарын нақты талқылайды деп келісілген.

Сондай-ақ, ирандық ресми өкілдің мәліметінше, білім, ғылым мен мәдениет салаларында әріптестік жасау, шеберлік сабақтары мен бірлескен білім беру курстарын өткізу ісі қолған алынбақ.

Сол арқылы спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілермен алмасу, спорттық медициналық емханаларды пайдалану, ортақ жаттығулар өткізу, жалпыға ортақ спорт және мүгедектерге арналған спорт саласында әріптесу осы меморандумда аталған баптар болып табылады.

Parstoday ақпарат агенттігінің дерегінше, қос тарап аталған меморандумның жалпы жобасына келісті. Екі елдің сарапшылары меморандумның баптарын егжей-тегжейлі талқылайтын болады.

«Асгат» күміс кені іске қосылса, кемі 500 адам жұмыспен қамтылады - Janadauir

Баян-Өлгий аймағында орналасқан «Асгат» күміс кенінің қоры алғаш 1976 жылы барлау жұмысын бастаған еді.

Тарихы 44 жыл болған аталмыш ірі жобаны экономикалық айналымға енгізу, пайдалану мақсатында Моңғол үкіметінен көптеген саясаттар, әртүрлі шешімдер шығып келген, деп жазады Моңғолияның janadauir.com ақпарат порталы.

Жазба авторы Баян-Өлгий аймағының Даму қоры басқару кеңесінің төрағасы Палдайн Нямхүү «Бұл кеннің бізге берешегі қандай? Асгат кені дегеніміз не?» деген секілді мәселелерге тоқталған.

Автор аталған кеннің алға қойған жоспарлары туралы тоқтала келіп, өзінің ұсыныс, жобалары туралы айтқан.

Ол «Асгат» күміс кенінің жобасының алдын ала техникалық, экономикалық негізін қайта жасау қажеттілігі туындауда екенін тілге тиек еткен. Автордың айтуынша, аталмыш жоба іске асса ең кем дегенде 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары пайда болады, шағын және орта өндірістер көптеп ашылады екен.

Қытайдың Ұлттық істер комитетінің директоры Қазақстан елшісімен кездесті- Жэньминь жибао

1 ақпан күні түстен кейін мемлекеттік Ұлттық істер комитетінің директоры Пан Юэ Бейжіңдегі Ұлттар сарайында Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесіп, өзара алмасу мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Кездесуде Қытай мен Қазақстан арасындағы этникалық барыс-келіс және ортақ толғандыратын мәселелер айтылды, - деп хабарлады People Daily.

Қытайлық басылымның дерегінше, Елші Шахрат Нұрышев және оның делегациясы Ұлттар мәдениет сарайындағы «Барлық этникалық топтардың Қытай халық республикасы құрылған күннен бастап партия мен мемлекет басшыларына ұсынған тартулары көрмесінде» және «Ұлттар мәдениет сарайында» болды.

Сонымен қатар олар «Ұлттар мәдениет сарайында сақталған ерте замандағы таңдаулы кітаптар көрмесі» қатарлыларды тамалашалады.

Өзбекстанда халық ықыласына бөленген қандасымыз жаңа лауазымға тағайындалды - ӨзА

Өзбекстанда өзекті мәселелерді үнемі көтеріп, халық ықыласына бөленген экс-депутат Расул Кушербаев жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі арнасында мәлімдеп, ел дамуы, болашағы, тағдырына қатысты мәселелерге белсене қатысуды жалғастыратынын жазған, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Расул Кушербаев әлеуметтік желідегі парақшасында:

«Табиғат ресурстар министрінің кеңесшісі ретінде жұмысымды жалғастыратын болдым. Енді табиғат ананы қорғау жолындағы бар мәселелерді шешу үшін ойымызда бар көптеген жоспарларды жүзеге асыруға тырысамыз. Ең бастысы, жұртшылық пен халық арасындағы байланыстан үзіліс болмайды. Негізгі жұмыс әлі алда» деп жазған.

Айта кетейік, бұған дейін қандасымыз Расул Кушербаев Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис заң шығару палатасы депутаты лауазымындағы жұмысынан өз еркімен кеткен еді.

Расул Қыдырәліұлы Кушербаев 1987 жылы 12 қаңтарда Ташкент облысы Янгиюль ауданында туған. Қазақ ұлтынан шыққан өзбек саясаткері, редактор, заңгер және журналист.

Өзбекстан Республикасы Олий Мажлиси Заң шығару палатасының депутаты болған.

Сондай-ақ, осы аптада ӨзА ақпарат агенттігінде «Арал теңізінің құрғаған аймағында орман өсірудің кезекті маусымы басталды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Аталған басылмның дерегінше, 2023 жылы мұнда 100 мың гектар жерге орман өсіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Орман өсіру құрғаған теңіз аймағынан зиянды тұздар мен шаңның көтерілуіне жол бермейді екен.

Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік орман шаруашылығы комитеті бірлесе бұған дейін Арал теңізінің құрғаған бөлігінде 1 620 000 гектар аймақта сексеуіл және басқа да шөл өсімдіктерінен тұратын орман алқабын жасаған.


Басты фото: kaznews.mn


Соңғы жаңалықтар