Моңғолиядағы бүркітшілер фестиваліне 10-нан астам елден туристер жиналды

None
ҰЛАНБАТЫР. СИНЬХУА - ҚазАқпарат – Моңғолияда аңшы құстардың «Алтын қыран – 2023» көктемгі фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Фестивальге Моңғолияның Баян-Өлгей, Сэлэнэ және Тув аумақтарынан 17-69 жас аралығындағы 19 саятшы қатысып отыр. Іс-шараны тамашалауға 10 мың адам, соның ішінде оннан астам елден туристер жиналған.

МОНЦАМЭ агенттігінің мәліметінше, фестиваль Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіліпотыр. Мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрін, мұрасы мен мәдениетін таныту, оны жастарға дәріптеу, сондай-ақ туристерді тарту, бос уақытты дұрыс өткізуді қалыптастыру.

Онымен қоса, шара барысында бүркіттер шеруі өтеді – әдемі әбзелдермен безендірілген атқа қонған ұлттық киімдегі саятшылар қолдарына бүркіт ұстап шығады. Бұдан бөлек, қыран құспен балық аулау, ең ақылды құсты анықтау байқауы, қазақтың ұлттық ойыны – көкпар ұйымдастырылады.

Моңғолияда қыран құстар фестивалі жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіледі.

Былтыр аталған ел үкіметі 2023 және 2024 жылдарды Моңғолияға саяхаттау жылы деп жариялады. Бүркітшілер фестивалі пандемиядан зардап шеккен туристік секторды дамытуға бағытталған 90-нан астам іс-шара тізіміне енгізілген.


Соңғы жаңалықтар