Моңғолиядағы Азия чемпионатында қазақ қызының жеңісі көрерменді таңғалдырды – шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстанда Иранның экспорттық мүмкіндіктеріне арналған халықаралық көрме өтеді – Parstoday

Иран Сыртқы істер министрлігінің Экономикалық дипломатия істері жөніндегі орынбасары Мәһди Сафари Алматыда Иранның экспорттық мүмкіндіктеріне арналған халықаралық көрменің өтетінін хабарлады.

Parstoday мәліметі бойынша, Мәһди Сафари Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен қарым-қатынаста айтарлықтай сауда әлеуеті бар екеніне тоқталып, бұл экономикалық шараға қатысу Иранның экономикалық субъектілері үшін маңызды деп атап өткен.

«Бұл көрме Орталық Азиядағы ИИР-на арналған ең ірі сауда көрмесі болады. Аталған іс-шара Иранның Сауданы дамыту ұйымының ресми рұқсатымен және Иран-Қазақстан ортақ палатасының ынтымақтастығымен іске асады. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің экономикалық істер жөніндегі орынбасары, Иран Сауда, өнеркәсіп, кен және ауыл шаруашылығы палатасы, Қазақстандағы ИИР Елшілігі мен Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Алматы қаласында 1-3 шілдеде өтеді», - дейді Мәһди Сафари.


Қазақтарға көмектескен А. Мендерестің есімі Алматыдағы бір көшеге берілді - TRT

Түркияның бұрынғы премьер-министрі, Демократиялық партияның төрағасы болған марқұм Аднан Мендерестің есімі Қазақстанда мәңгі сақталады. Қазақстанның ірі қалаларының бірі Алматыда әкімнің шешімімен көшеге Аднан Мендерес есімі берілді, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі мен Алматы облыстық мәслихатының мәлімдемесінде қаланың Алатау ауданы Нұркент бөлігіндегі жаңа көшеге Аднан Мендерес есімін беру туралы шешім қабылданғаны хабарланған болатын. Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан азаматтары марқұм Аднан Мендересті 1930-1950 жылдары Қытай езгісінен қашып, босып жүрген қазақтардың Түркияға келіп қоныстануына көмектескені үшін оны жоғары бағалайды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қарашасында Ыстанбұлда өткен Түрік Мемлекеттері Ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде марқұм Аднан Мендересті еске алған болатын. Тоқаев Аднан Мендерестің Түркиядағы қазақтардың өмірінде маңызды орын алғанын айтып, алғыс білдірген еді», деп түйіндейді түркиялық TRT.


Өзбекстан мен Қазақстан сенатының өкілдері Арал теңізіне барды - «ӨзА»

ӨР Олий мажлис сенаты төрағасының бірінші орынбасары Садық Сафоев бастаған Өзбекстан делегациясы Қазақстанға сапармен барды, деп хабарлады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, өзбекстандық сенаторлардың қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысына қатысуы жоспарланған. Сондай-ақ ӨР Олий мажлис сенаты төрағасының бірінші орынбасары бастаған делегация Арал теңізіне барған.

«Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар екі ел парламенттері жоғары палаталарының ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының екінші отырысына қатысу үшін жасалған. 21 сәуірде Садық Сафоев бастаған делегация Арал теңізіне барып, Көкарал бөгетінің жағдайы және «Aral SeeFood» балық өңдеу зауытының қызметімен танысты. Парламентаралық ынтымақтастық комиссиясының екінші отырысы 22 сәуірге жоспарланған», деп жазды Өзбекстандық БАҚ.


Азия чемпионатындағы қазақ қызының жеңісі көрермендерді таңқалдырды - Kaznews

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан бұл турнирде тоғыз медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды. Бұл туралы осы аптада Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы хабарлады.

Айта кетейік, құрлық біріншілігіне Қазақстан сапынан 10 спортшы қатысып, оның 9-ы жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, грек-рим күресінің шеберлері 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді.

«Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте Азия чемпионатында көш бастады. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша «классиктер» барлығы 180 ұпайға ие болған. Иран (4 алтын, 1 күміс, 2 қола) құрамасы екінші болса, Қырғызстан (3 алтын, 3 қола) балуандары үздік үштікті түйіндеді», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Сондай-ақ Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында Мадина Бақбергенова ұтымды әдіс жасап, белдесу соңында жеңімпаз атанды. Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, қазақ қызының бұл жарыста жеңіске жетуі көрерменді таңғалдырған.

«Қазақстандық балуан Мадина Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионатында көрерменді таңғалдырды. Бұл туралы Моңғолияның ірі ақпарат агенттігі де хабарлаған. 68 келіде белдескен Мадина Бақбергенова финалда Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы қырғызстандық Мейірім Жұманазарованы жеңді. Финалда Мадина 2:1 есебімен жеңіліп тұрып, белдесу соңына қарай ұтымды әдіс жасап, есепті алға жылжытты. Нәтижесінде, 3:2 есебімен жеңімпаз атанды», деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Шыңжаңның әйгілі жабайы жануарлары - «Тянь-шаньнет»

Қазақтілді қытайлық БАҚ-та осындай тақырыптағы суретті ақпарат жарияланды.

Шыңжаңда кең байтақ шөл дала, асқар таулар мен алып шыңдар бар. Сол көркем өлкеде көптеген жабайы жануарлар тіршілік етеді, деп хабарлайды «Тянь-шаньнет».

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, жабайы жануарлардың көптігі жағынан Шыңжаң өлкесі бүтін Қытай бойынша алдыңғы орында тұр екен.

«Шыңжаңдағы жабайы жануарлар түрлерінің көптігі бүкіл Қытай елі бойынша бірінші орында тұр. Шөлге немесе тауларға ғана тән жануарлардың кейбір популяциялары Шыңжаң мен оған жақын аймақтарда ғана таралған және олар әлем назарын өздеріне аударуда», деп жазады қытайлық БАҚ.


Соңғы жаңалықтар