Моңғолияда үш қазақ спортшысы чемпион атанды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстанның Түркияға көмір экспорты 5, 8 пайызға артты - TRT

Өткен жылы Қазақстаннан Еуропаға 5, 2 миллион тонна көмір экспортталған болса, алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш 4 миллион тоннадан аспаған. Қазақстанның Еуропаға көмір экспорты соңғы 7 айда рекордтық көрсеткішке жетті.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы да хабарлады.

Айта кетейік, биылғы жеті айда Қазақстанның Еуропа елдеріне көмір экспорты 6, 4 млн тоннаны құрады. Осылайша көмір экспорты рекордтық көрсеткішке жетті. Оның ақшалай құны 371, 8 миллион долларды құрады.

Биыл қазақ көмірін ең көп сатып алған Еуропадағы елдер қатарында Швейцария, Польша және Бельгия болды. Сонымен қатар Болгария, Англия, Румыния және Латвия да аталған тізімде бар.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан Түркияға да көмір экспорттайды. Ағымдағы жылдың 7 айында Түркияға 5, 4 миллион долларға 104, 1 мың тонна көмір экспортталған. Тас көмір, қоңыр көмір және көмір концентраты өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5, 8 пайызға артты.

Жалпы Қазақстанның көмір экспорты бірінші жартыжылдықта өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға артып, экспорттың ақшалай құны екі есеге өсіп, 457, 4 млн долларға жетті.

Қазақстаннан Еуропаға бидай экспорты артты - Parstoday


Қазақстан бидайының Еуропаға экспорты артты. Қазақстан – әлемдегі ең ірі 10 астық экспорттаушы елдің бірі. Бұл ел әлемнің түрлі елдеріне астық экспорттайды.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметінше, биыл қаңтар-шілде айларында Еуроодаққа мүше елдерге қазақстандық бидайдың экспорты екі есеге артқан. Осы аралықта Қазақстан Еуропаға 183,3 мың тонна бидай экспорттады. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 2,1 есе артық.

«Еуропа елдеріне бидай экспортының қаржы көлемі 3,1 есе, яғни 25,1-ден 77 млн долларға дейін өсті», деп түйіндейді Parstoday.

Сондай-ақ Parstoday осы аптада «11 мыңнан астам қазақ еліне оралды» деген ақпартты да жариялады.

Естеріңізде болса, бұл туралы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр 11 мыңнан астам қазақстандық иммигрант еліне оралғанын хабарлаған болаты.

Айта кетейік, 1991 жылдан бері Қазақстанға шетелден бір миллион 99 мыңнан астам қазақ азаматы оралды. Қазақстанға оралған қазақтардың жартысынан көбі 69,6% Өзбекстаннан, 10,5% Қытайдан, 7,1% Түрі к менстаннан, 4,6% Моңғолиядан және 8,3% басқа елдерден келген. Атамекеніне оралған қазақтар негізінен Алматы (30,8 пайыз), Маңғыстау (17,2 пайыз), Түркістан (9,4 пайыз), Жамбыл (6,8 пайыз) сияқты облыстарда, сондай-ақ Шымкент (7,6 пайыз), Нұр-Сұлтан (7,5 пайыз) және Алматы (5,9 пайыз) қалаларында орналасты.

Моңғолияда үш қазақ спортшысы чемпион атанды - Kaznews

Моңғолияның бүкіл халықтық XV спартакиядасы аясында өткен самбо күресі бойынша сайыста Баян-Өлгий аймағының спортшысы Серік Бердімұратұлы чемпион атанды. Айта кетейік, Серік Бердімұратұлы аталмыш спартакиада ойындарында +98 келі салмақ дәрежесінде белдескен болатын. Сондай-ақ, пауэрлифтинг бойынша 120 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сайфолла Тілеубердіұлы атты спортшы чемпиондық атаққа қол жеткізген.

Бұл туралы осы аптада «Kaznews» ақпараттық порталы хабарлаған болатын.

Сонымен қатар осы аптада моңғолиялық Нұртілек Серікбайұлы есімді жас балуан жасөспірімдер арасындағы сайыста жеңімпаз атанды.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Ховд аймағының тумасы, моңғолдың ұлттық күресінен «Улсын аварга» яғни мемлекеттік чемпион атағын алған О.Хангайды ұлықтауға арналған салтанатты рәсім болып өтті. Аталған салтанатты шараға арналған палуандар сайысында 128 балуан күш сынасып, Ховд аймағының палуаны Б.Пүрэвсайхан (у.з) бірінші орын, Баянхонгор аймағының палуаны Н.Золбоо (у.х) екінші орын иеленді. Баян-Өлгий аймағының палуаны Серік Бердімұратұлы мен Өвөрхангай аймағының палуаны Б.Цэдэнсодном (у.х) үздік үштікті қанағат тұтқан.

Ал, жасөспірімдер арасындағы сайыста Баян-Өлгий аймағының палуаны Нұртілек Серікбайұлы жеңімпаз атанған. Ол финалда Увс аймағының палуаны Н.Майдардан айласын асырған болатын.

Жас әніші Қазақстан мен Қытай арасына өнерімен рухани көпір болғысы келеді - «Халық газеті»

«Жібек жолы бұлты» атты қытайша ән байқауы қазақ және қытай тілдерін білетін талантты әншілер үшін сахнада өнер көрсетіп, қалың тыңдарманға өзін көрсете алатын тағы бір мүмкіндікке айналды. Қытай Халық республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған «Жібек жолы бұлты» қытайша ән байқауында 2021 жылы ересектер арасында бас бәйгені талантты жастардың бірі Алинұр Алибиұлы еншілеген еді .

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстанның Тараз қаласында туған Алинұр Алибиұлы қазақ, қытай, орыс, ағылшын тілдерін жақсы біледі. Алинұр Қытайдың Шанхай қаласындағы Тонжи университетінде Конфуций институтының стипендиясымен бакалавриатты аяқтап, қазір Шанхай университетінде «Бір белдеу бір жол» грантымен аспирантурада оқып жүр.

Бала күнінен қытай тіліне қызыққан ол Үрімжі қаласына барып, қытай тілін үйренуді бастаған. Алғашында тіл үйрену қиын болғанымен, тіл меңгеруге талапты жас аз уақытта қытай тілін иегере бастаған.

Қытайда қазақстандық әнші жігіт деп таныла бастаған Алинұр бұған дейін Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған «Жібек жолы бұлты», «Қытайдың жаңа әні», «Қытайды жырлайық», «Тонжи университетінің он жұлдызы» сынды ән байқауларына қатысқан екен.

«Бір тіл білсең бір адамсың» деген ұстанымдағы Алинұр қытай тілін үйрену оған тағы да бір жаңа серпін сыйлағанын айтады. Ол негізінен аталған елдің барлық қалаларын аралап көрген, солардың ішінде студенттік күндері өткен Шанхайды қатты ұнатады. Болашақта мүмкіндіктерге толы Шанхайда жұмыс істегісі келеді екен.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, жас әнші Қытай мен Қазақстан арасына әнмен рухани көпір орнатқан Димаш Құдайбергеннен кейін тағы да өнерімен екі ел халқының арасына көпір болғысы келеді.

Ташкентте «Қазақстан киносы күндері» басталды - «ӨзА»

«Жібек жолы жауһары» атты XIV Ташкент халықаралық кинофестивальі аясында Қазақстан киносы күндері басталды. 13-18 қыркүйек күндері аралығында өтетін халықаралық кинофестиваль аясында ұйымдастырылған атаулы шара барысында қазақстандық режиссер Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» атты картинасы көрсетілді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген деректерге сүйенсек, аталған фильм шынайы оқиға негізінде түсірілген. Онда жас әрі мықты шаңғышы Мақсат Қуанышбаев есімді жігіттің қысқы Олимпиада ойындарына барар алдында жол апатына ұшырап, бір аяғынан айрылады.

Осы оқиғадан кейін ол ішкілікке беріліп, спорттан кетеді. Бірақ ол бір күні Паралимпиада ойындарына дайындалып жатқан мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына қатысып мүгедектігіне қарамай жақсы нәтиже көрсетеді. Мына жағдайды байқаған жаттықтырушы командаға қосылуын сұрайды.

Мақсат келісіп, 2018 жылы Пхёнчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында спринттен 1500 метр қашықтыққа жүгіруден бірінші келіп чемпион атанады.

Басты рөлді (Мақсат Қуанышбаев) жас әрі талантты актер Аскар Ильясов сомдаған.

Айта кетейік, XIV Ташкент халықаралық кинофестивальіне әлемнің 40-тан астам елінен 500-ге жуық кино өнерінің майталмандары қатысуы көзделген. Олардың қатарында Такэси Китано, Люк Бессон, Арманд Ассанте, Сергей Безруков, Тимур Бекмамбетов, Бурак Озчивит, Умеш Мехра, Адай Абелдинов секілді көптеген танымал кино жұлдыздары бар.

Сондай-ақ, халықаралық кино күндері аясында 150-ден астам көркем туынды, қысқа метражды және құжатты фильмдер көрсетіледі.

Қытай халықаралық жәрмеңкесінде «ұшатын көлікті» таныстырды - «Халық газеті»

Хайнань провинциясының Хайкоу қаласында екінші Қытай халықаралық тұтыну тауарлары жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңке – жаһандық тұтыну өнімдерін көрсетуге және сауда жасауға арналған қоғамдық қызмет көрсету алаңы. Биылғы жәрмеңкеде жаңадан құрылған 5000 шаршы метрлік отандық өнімдер қойылған бутик залы Қытайдың танымал брендтерін, сондай-ақ технология және мәдени шығармашылық сипаттағы әртүрлі тұтыну тауарларын топтастырған, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігі Қытайдың отандық өнімдер сарайындағы «Ұшатын көлікпен» таныстырды. Xiaopeng Huitian ұшатын көлігі көміртекті талшықтан жасалған, салмағы шамамен 500 кг, ішіне екі адам отыра алады, ұшудың максималды жылдамдығы 130 км/сағ және 1000 метрге дейін ұша алады. Бұл көлік жаппай өндіріліп, 2024 жылы іске қосылады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар