Моңғолияда Серік Бердімұратұлының атағын ұлықтауға арналған той өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Анкарада Байтұрсынұлы конференциясы өтті - TRT

Осы аптада Түркияның астанасы Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына және Қазақстан халықтарының тілдер күніне орай «Тіл туының тұғыры – Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.


Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, «Көкту» қазақ мәдениеті қоғамы мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырған конференцияға түрік елінде қазақ тарихы, тілі және әдебиетімен айналысатын ғалымдар, Қазақстанға қызығушылықпен қарайтын университет студенттері, қазақ достары мен қазақстандықтар қатысты.

Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген 5 қыркүйек – қазақтың біртуар перзенті, асыл ұлдарының бірі, қазақтың қамымен өмірін өткізген Ахмет Байтұрсынұлының туған күні екені белгілі.

Осы атаулы күнге орай өткізілген конференцияда беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сапиев «Қазақтың Ахаңдай ұлы тұлғасын Түркия елі мен зиялыларының жақсы білетінін, оның тек Қазақ елінің перзенті емес, бүкіл түркі әлемінің зиялысы екенін» айтты.

Профессор, доктор Гүлжанат Құрманғалиева Ержиласун өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін атап өтіп жатқан тарихи күнде осындай конференцияда оның өмірі мен шығармашылығын насихаттап отырғандарына қуанышты екенін мәлімдеді... Ол Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолындағы маңызды даталар мен бетбұрыс болған оқиғаларға тоқталып, сүргін жылдарын жан-жақты баяндап берді.

Аталған басқосуға профессор, доктор Наргиз Бирай, профессор, доктор Өзкул Чобаноглу және доктор Якуп Өмероғлу қатарлы бірнеше шетелдік ғалымдар қазақтың біртуар зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы өз ойларымен бөлісті. Айта кетейік, доктор Өмероғлу өз сөзінде, қазақтың маңызды тұлғасына Түрік жерінде ескерткіш ашып, атына көше беру ұсынысын да жеткізді.

Танымдық мәліметке толы конференциядан кейін «Көкту» қоғамы ұйымдастырған қазақ тілі курсының студенттері Гүлшах Чобан мен Серап Пылгыр Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыса, қазақстандық студент Әли Асқар домбырамен Байтұрсынұлының әндерін шырқады.

Конференцияның сыңында Еуразия Жазушылар одағы шығаратын «Кардеш Калемлер» журналының Ахмет Байтұрсынұлына арналған саны таныстырылды.

Иран Қазақстандағы халықаралық құрылыс көрмесінде бәсекеге қабілетті болып қатысуда - Parstoday

Алматы қаласының көрме орталығында әлемнің 24 елінен 355 компанияның қатысуымен Қазақстанның құрылыс индустриясының 28-ші халықаралық көрмесі (KazBuild 2022) өтті.

Бұл туралы 10 қыркүйек күні Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметінше, Ирандық компаниялар бұл көрмеге белсенді қатысып, құрылыс индустриясындағы соңғы жетістіктерін көрсетті. 28-ші Қазақстан халықаралық құрылыс индустриясы көрмесі төрт күн бойы, 7-10 қыркүйек ашылған.

Айта кетейік, Қазақстанның құрылыс индустриясының 28-ші халықаралық көрмесінде тастар, плитка, жарықтандыру жабдықтары, құбырлар, жылыту және салқындату жабдықтары және басқа да құрылыс материалдарының барлық түрлері ұсынылды.

Серік Бердімұратұлының атағын ұлықтауға арналған той өтті - Kaznews

Өткен аптада Бай-Өлке төрінде Серік Бердімұратұлының «Мемлекеттік піл» дәрежесін алуына орай және Т.Очирооның садақ атудан «Мемлекеттік мерген» атағын алуына байланысты арнайы той ұйымдастырылмақ, деп хабарлаған едік. Осы аптада аталған өңірде атақты балуанның құрметіне арналған дүбірлі той өтті.

Бұл туралы тағы да «Kaznews»ақпараттың порталы хабарлаған болатын.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Баян-Өлгий аймағында өткен бұл тойда балуандар сайысында 64 балуан күш сынасып, Дорнод аймағының палуаны Д.Анар бірінші орын, Архангай аймағының балуаны О.Мөнх-Эрдэнэ екінші орын иеленді. Баян-Өлгий аймағының балуаны Н.Мустафа мен Булган аймағының палуаны Б.Түвшинтөгс үздік үштікті қанағат тұтқан.

Сонымен қатар өткен ақындар айтысында Айдос Рашатұлы бас жүлде жеңіп алды. Екінші орын Іңкәрбек Әділханұлына бұйырған.

Айта кету керек, Серік Бердімұратұлы Баян-Өлгий аймағы азаматтары арасынан 76 жылдан кейін мемлекеттік піл атағына қол жеткізген балуан. Бұған дейін 1946 жылы Моңғол Халық республикасының 25 жылдық мерей тойында алғаш рет Әбдіғажы Терлікбайұлы бұл атақты жеңіп алған екен.

Серік Бердімұратұлының мемлекеттік піл атағын ұлықтау тойында Баян-Өлгийліктер қомақты байғазы ұсынып, құрмет көрсеткен.

Шыңжаң мен Қазақстанның төрт облысы достық орнату туралы ниет хатқа қол қойды - «Халық газеті»

8 қыркүйекте Қытайдың Шыңжаң өлкесі мен Қазақстан республикасының Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай және Алматы облыстары бейнекөрсетілім арқылы «Шыңжаң – жақсы серіктес» достық ынтымақтастық диалогын өткізіп, өлке мен облыс арасындағы достық қатынастарды бекіту туралы ниет хатқа қол қойды, , деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Шыңжаң өлкелік партия комитетінің хатшысы Ма Синжүй өзінің негізгі баяндамасында Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықтың ертеден жалғасып келе жатқанын, Қытайдың Шыңжаңы мен Қазақстанның төрт облысы жақын дос, тату көршілер екенін айтты. Қытайдың Шыңжаңы Жібек жолы экономикалық белдеуінің негізгі аймағы ретінде Қазақстанның төрт облысымен ынтымақтастық жолындағы берік негізге ие. Ол «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп құру мүмкіндігін пайдаланып, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастарды ілгерілетуге кұш салатынын айтты.

Кездесу барысында Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай және Алматы облыстарының әкімдері Қытай мен Қазақстан арасындағы достық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Аита кетейік, жиналыста Қазақстанның Қытайдағы елшісі Ш.Нұрышев, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо сөз сөйлеген.

Іс-шараға автономиялық регионның басшылары Чжан Чуньлин, Чэнь Вэйцзюнь, Қаден Кәбенұлы және Қытайдың Қазақстанның Алматы қаласындағы Бас консулдығының бас консулы Цзян Вэй қатысты.

Баян-Өлгийдегі университеттің статусына байланысты баспасөз мәслихаты өтті - Kaznews

Моңғолияның Ұлттық Білім университетінің Баян-Өлгий аймағындағы Мұғалімдер мектебі журналистерге университеттің статусына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Бұл туралы осы аптада Моңғолияның Kaznewsақпараттың порталы хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, баспасөз маслихатын өткізудегі мақсаты – олардың мектебі бұған дейін Ховд университетінің Баян-Өлгий аймағындағы филиалы деген статуспен жұмыс жасап келген. Моңғолия Үкіметінің 2022 жылғы №293 қаулысы бойынша Моңғолия Ұлттық Білім университетінің(МҰБУ) құрамына кірген.

Аймақтық филиалдың директоры Гаура Сәбиханқызының айтуынша, өздерінің оқу орындары барлық талаптарға сай болуға күш салуда. Сапалы кадрлар даялау, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру, ұстаздардың біліктілігін арттыру, қос тілді білім беру саласының зерттеу жұмыстарын қолға алу және лицей мектебінің ашылуы қатарлы жұмыстар атқарылмақ.

Баян-Өлгийдегі Мұғалімдер мектебінің ғылыми кеңесінің хатшысы, доктор Қиналған Жылқыайдарқызының айтуынша, моңғол және қазақ мәдени орталықтарын құрып, түрлі үйірмелер ашылады. Лицейге 10, 11, 12 сынып оқушылары қабылданады. Оқушыларға ағылшын тілі, математика және информатика пәндерінен қосымша сабақ жүретін болады.

Қазақстан елшісінің Өзбекстандағы миссиясы аяқталды - «ӨзА»

Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов Өзбекстандағы дипломатиялық миссиясын аяқтап жатқан Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалдыны қабылдады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген деректерге сүйенсек, Өзбекстан СІМ мәліметінше, кездесуде елшінің Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарын нығайтуға қосқан үлесі атап өтілді.

Министр Дархан Сатыбалдыны Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, кәсіби қызметіне сәттілік тіледі.

Тараптар әртүрлі салалардағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады. Д.Сатыбалды өзінің үш жылдық жұмысында елді түбегейлі өзгерткен, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет еткен қарқынды өзгерістердің куәсі болғанын атап өтті.

«Елші Өзбекстан тарапына дипломатиялық қызметті жүзеге асыруда жасалған қолдау мен жағдай үшін терең ризашылығын білдіріп, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерді үйлестіруге дайын екенін білдірді», деп түйіндейді өзбекстандық БАҚ.

Қазақстан Еуропаға көмір экспорттауда рекорд жасады - Parstoday

Қазақстан ағымдағы жылдың 7 айында Еуропаға 6,4 млн тонна көмір экспорттады. Бұл – Қазақстан үшін өте үлкен көлем, деп хабарлайды Иранның parstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық ақпарат агенттігінің келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның Еуропаға көмір экспорттының құны 371,8 млн долларды құраған. Қазақстан 2021 жылы Еуропа елдеріне 5,2 млн тонна көмір экспорттаған болатын. Оған дейінгі жылдарда экспорт көлемі 4 млн тоннадан аспайтын.


Соңғы жаңалықтар