Моңғолияда қазақ күресінен Азия чемпионаты өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тамыз айында Моңғолияда қазақ күресінен Азия чемпионаты өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне QAZAQ QURESI» халықаралық федерациясының президенті Қанат Бозымбаев мәлім етті.

«Біз Қазақстаннан тыс жерлерде қазақ күресін насихаттауды жалғастырамыз. Осы мақсатта Азия және Әлем чемпионатын өткізу жоспарлануда. Мәселен, алдағы тамыздың 16-сы және 17-сі күндері қазақ күресінен Азия чемпионатын Моңғолияда өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда чемпионатқа дайындықтың белсенді кезеңіне көштік. Қазірдің өзінде федерациялардан өтінімдерді қабылдап жатырмыз. Әдеттегідей, салмағы, сәйкестігі деген сияқты параметрлермен іріктеу жүргізіп, ұйымдастыру мәселелерін шешудеміз», - деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, федерация басшысы қазақ күресінің жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуіне қатысты айтты.

«Әрине, бұл біздің мақсатымыз. Алайда оған жету үшін бірнеше жыл қажет. Осы уақытқа дейін біздің федерация құрамына 29 шет ел және екі халықаралық спорт ұйымы кірді. Жақын арада бізге тағы 10 шетелдік мемлекет қосылады деген жоспар бар. Біз осы елдердің ұлттық чемпионаттарында тұрақты жұмыс жасауды мақсат тұттық. Тағы бір айтып өтетін мәселе, Халықаралық дзюдо федерациясындағы әріптестеріміз спортшыларға қазақ күресінен жарыстарға қатысуға тыйым салады. Менің ойымша, қазақ күресі мен дзюдо бір-бірін байыта алар еді. Біз өз палуандарымызға тыйым салмаймыз. Керісінше, біз үшін олардың өздері қалаған жерде күресіп, барынша мықты техниканы меңгергені игі. Біздің құрамымызда кем дегенде 40 шетелдік федерация болған кезде, еліміздің Ұлттық олимпиада комитетінің қолдауымен халықаралық Олимпиада комитетімен келіссөздерді бастаймыз деп үміттемін», - деді ол.

Тамызда өтетін қазақ күресінен Азия чемпионатында 11 елдің құрама командасы өзара бақ сынайды. Олардың қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран, Моңғолия, Корея, Қытай және Жапония елі бар. Дүбірлі сайыста еліміздің намысын 9 палуан қорғайтыны күтілуде.

Соңғы жаңалықтар