Моңғолияда бүгінге дейін қанша қазақ министр болды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА назарларыңызға әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

***

Алматыда 1991 жылы дүниежүзі қазақтары тұңғыш құрылтайы - TRT

1 

ТРТ ақпараттық порталының «Тарих» айдарында 1991 жылы Алматыда өткен  дүниежүзі қазақтары тұңғыш құрылтайы туралы мақала жарық көрді. Айта кетерлігі, биыл, яғни 2017 жылы 22-25 маусым күндері Астанада V құрылтай өткізілген еді. Биылға дейін өткізілген бес құрылтай ішінде Алматыдағы тұңғыш құрылтайдың маңызы да, салмағы да орны да бөлек. Жазба осы тұңғыш құрылтайдың ерекшеліктеріне тоқталады.

Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсан күні  тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең маңызды алғашқы шешімдерінің бірі Атажұртқа әлемнің әр тарабына тарыдай шашыраған қазақты жинау барысында осы құрылтайды шақыруы болды. Сөйтіп Елбасы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның шетелдердегі отандастарымен 70 жылдай үзіліп қалған байланыстарын қайта қалпына келтіруге кідірместен кірісті. Бұл сонымен қатар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын және Міржақып Дулатұлы сынды Алаш жетекшілерінің бүкіл қазақтың басын біріктіру жөніндегі ұлы арманын орындау еді.

«Алматыда құрылтай өткізілетіні туралы хабар Түркияға жетісімен ондағы қазақтар арасында үлкен тебіреніс -толқу болды. Олар Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей бір қуанса, енді атамекенде құрылтайда бас қосатындықтарына тағы бір қуанып қуаныш үстіне қуаныш болып жатты. Ол кезде бүгіндей құрылтайға қатысатындықтарын алдына ала тізімі жасалып, ұшақ билеттерін жіберетін мүмкіншіліктер жоқ еді. Кім өз мүмкіншілігімен билетін алып барам десе жол ашық еді. Сөйтіп Ыстанбұлда Түркия қазақтары қорында кеңестер өткізіліп, баратын адамдардың тізімі жасалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Түркия қазақтарының көш жетекшілерінен Дәлелхан Жаналтай ақсақалдың басшылығында 104 адам Қазақстанға бет алды»,- деп жазады мақала авторы тарих ғылымының докторы, профессор Әбдіуақап Қара.

1-2 

Қазақстанға алғаш табан тіреген құрылтайшылардың тебіренісі ерекше болған. Өйткені, бұл күн - олардың сандаған жылдар бойғы отанға, елге деген сағынышы аяқталып ақ түйенің қарны жарылған күн еді.

«Ондағы адамдардың қуаныш сезімін сөзбен суреттеп жеткізе алмаймын. Сағыныш сезімі елді тебірентіп жіберді. Қуаныштан көңіліміз теңіздей толқыды. Жергілікті бауырлардың да құшағы айқара ашылды. Қаншама жылдан кейін зарығып туған жерге оралған ағайынның көз жасы сел болып ақты. Сол алғашқы жиынға Түркиядан жасы жетпістегі Қанағат деген атамыз да келген. Алматы әуежайында ұшақтан жерге табаны тие салып, жәйнамазын жерге жайып, басын сәждеге тигізіп «Уа Алла Тағала! Саған мың да бір шүкіршілік, Атамекенге де қауышатын күн болады екен» деп көз жасын төгіп жатты»,- деп жазады автор.

Құрылтай жұмыстары кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының іргетасы қаланған еді. Оның төрағалығына Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан сайланды. Оның орынбасарлығына Қазақстан Жазушылар Одағы бас хатшысы Қалдарбек Найманбаев сайланды. Қауымдастықтың төралқа мүшелігіне Түркия Қазақтарының көш бастаушы ақсақал жетекшісі Дәлелхан Жаналтай сайланды. Мұның өзі Атамекеннің шетел қазақтарына деген ықылас құрметінің бір белгісі ретінде жоғары бағаланды. Сонымен қатар құрылтай кезінде, Сергей Терещенко басшылығындағы қазақ үкіметі бір қаулы қабылдап, шетел қазақтарының Қазақстан азаматтарының құқықтарына ие екенін жариялады. Осы қаулыға сай, шетелдердегі Қазақстан елшіліктері мен консулдықтары қазақтарға қуәлік қағазын бере бастады.

1-3 

Мақалада, тұңғыш құрылтайдың Түркия қазақтарына әсер-ықпалы зор болғандығы айтылады. Құрылтайдан кейін Түркия қазақтарының Қазақстанмен байланыстары қарқындап нығая түскен. Өйткені Түркия қазақтары мен атамекен арасындағы қарым-қатынастарға кедергі боларлық ешқандай  себеп қалмаған еді. Екінші жақтан ол Еуропа қазақтарының өзара ынтымақтастығына да серпін берді.

***

Иран мен Түркия экономикалық байланыстарын нығайтуға күш салуда - «Фарс» ақпарат агенттігі

2 

Иран мен Түркия экономикалық байланыстарын нығайтуға күш салуда.  «Фарс» ақпарат агенттігінің мәліметіне негізделсек, Иран Ислам Республикасының Вице-президенті Исхақ Джахангири  бейсенбі күні Анкарада Түркия Премьер-министрі Бинали Илдириммен бірге  өткізген баспасөз конференциясында, Теһран мен Анкараның өзара экономикалық байланыстарды нығайтуға күш салатынын айтты. Сондай-ақ Мьянмадағы рохинья мұсылмандарының дағдарысын шешу жəне оларды қырып-жоюды тоқтату, сонымен қатар Палестина мəселесі талқыланып, Палестина халқының барлық құқықтарға қол жеткізу қажеттігі қуатталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел өзара сауда айналымын жылына 30 млрд долларға жеткізу үшін бағдарламалар жасалған.

Түркияның Премьер-министрі Бинали Илдирим Иранмен сауда қатынасында ұлттық валюталарды қолданудың болашақта екі елдің сауда қатынасын кеңейту жолындағы алғашқы қадам болатынын баса айтты.

«Иран мен Түркияның лауазымды тұлғалары Джахангири мен Илдиримнің кездесуі аясында ғылым мен технология саласында əріптестік жасау туралы 2 меморандум мен қоршаған орта саласында ынтымақтастық жасау туралы бір құжатқа Түркия Премьер-министрінің кеңсесі орналасқан Чанкая сарайында қол қойды» деп жазады дереккөз.

***      

Қазақстан әліпбине өзгерісі арқылы батыс өркениетіне жақындай түседі -   TRT
 

Қазақстан әліпбине өзгерісі арқылы батыс өркениетіне жақындай түседі. Осы үрдісте ортаға қандай әліпбидің шығатынын Еуразия мен түркі әлемі күтіп отыр. Бұл туралы ТРТ ақпараттық порталы жазады.

Түркі тілдерінде латын әліпбин қолдану жаңа тақырып емес. Кодекс Куманикус 14-ғасырдың басында қыпшақ-түрік тілінде латын әліппесімен жазылды. Түркия Республикасы 1928 жылы латып әліппесіне өтті. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы Әзербайжан мен Түрікменстан, 2001 жылы Өзбекстан да осы әліппені қолдана бастады.

«Тарих, мәдениет және топырақтарымен бірге тіл әрқашан бір ұлттың, мемлекеттің негізгі бірлестіретін факторы.  Осы бағытта Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап Президент Назарбаевтың қазақ тілінің дамуына көп көңіл бөлгенін көріп отырмыз. Қазақстан әліппе өзгерісі арқылы батыс өркениетіне жақындай түседі.  Айырықша латын әліпбине өткен басқа түрік республикалары мен Қазақстанның ғылыми және мәдени қатынастарына да оң әсер етеді. Түрік әлемінің ақсақалы,  дана көсем Нұрсұлтан Назарбаев басшылығындағы Қазақстанның латын әліпбине өтуі Қазақстанның әлемнің дамыған елдері арасында орнын нығайта түсу мақсаты және түрік әлемінде мәдени бірлік мақсаты бағытында басқан қадамдарының бірі деп саналады», деп түйінделген мақала.

***

Моңғолияда бүгінге дейін қанша қазақ министр болды? - Kaznews.mn 

Жақында ғана Моңғолияның жаңадан жасақталған Үкіметінің Министрлер Кабинетіне ұсынылған сол елдегі қандасымыз Бәделхан Қабдісіләмұлы Құрылыс, қала құрылым министрі болып сайланды. Осы орайда Kaznews.mn сайты Моңғолия Республикасында қазірге дейін министрлік қызметті атқарған қазақтарды арнайы таныстырыпты.

Тілейхан Орынұлы -  Моңғолия қазақтары арасынан тұңғыш рет 1962-1965 жылы, 1968-1982 жылдары Моңғол Халық Республикасының Құрылыс министрі қызметін атқарған. Құрылыс саласына сіңірген еңбегі үшін Ұланбатыр қаласындағы Құрылыс политехникалық коллеlжі бүгінгі таңда қандасымыздың атымен аталады.

4 

Мәулет Ұтқанұлы - қандасымыз 1980-1987 жылдары Геология, тау-кен министрі, 1987-1991 жылдары Табиғат қорғау министрі болған. Налайхан шахтасының дамуына зор үлес қосқан Мәулет Ұтқанұлы онда жаңа техника мен технологиялық жаңартуды енгізгені үшін «Мемлекеттік сыйлық иегері» атанған.

4-1 

Зардыхан Қинаятұлы - Моңғолияның тоталитарлық жүйеден нарықтық жүйеге ауысу кезеңінде, яғни 1991-1992 жылдары Моңғолияның Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін Зардыхан Қинаятұлы атқарған.

4-3 

Сандалхан Раздықұлы - 1992-1996 жылдары Моңғолияның Көлік-коммуникация және инфрақұрылым министрі болған. Сандалхан Раздықұлы Моңғолия Парламентіне Баян-Өлгейден екі мәрте сайланған.

4-2 

Моңғол елінде вице-министрлік қызметті атқарған қазақтар:

Тегісшіл Адрисаұлы - Геология, тау кен өнеркәсіп вице-министрі,

Төлеубай Нығарбайұлы - Құрылыс вице-министрі,

Ахмет Жұпбайұлы - Мәдениет вице-министрі,

Құсайын Қалқымаұлы - Жеңіл және азық түлік өнеркәсіп вице-министрі,

Болат Ажханұлы - Табиғат қорғау вице-министрі,

Күләнда Шонайқызы - Білім және ғылым вице-министрі,

Сәуле Жәнімханқызы - Азық түлік, ауыл шаруашылық және жеңіл өнеркәсіп вице-министрі,

Ержан Қабышайұлы - Жол транспорт вице-министрі,

Бәделхан Қабдісіләмұлы - Өнеркәсіп вице-министрі.

****

  Бейжіңде Қытай коммунистік партиясы XIX съезді ашылды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

5 

Осы аптада Қытай ақпарат құралдарының басты назары 18 қазан күні Бейжіңде ашылған Қытай коммунистік партиясы XIX съездіне ауды.Қытай компартиясы 19-шы съездінің ашылуында ҚКП ОК бас хатшысы Си Цзиньпин сөз сөйледі. Ол қытайлық үлгідегі социализм дамудың жаңа кезеңіне қадам басқандығын мәлім етті. Бұл туралы «Жэньминь жибао»сайты жазады.

«Партия барша Қытай халқының басын біріктіріп, оларды орта дәулеттілер қоғамын құруға жетелеу қажет және Қытайлық үлгідегі социализм жаңа дәуірге қадам басу кезінде жетістікке қол жеткізу керек», - деп атап өтті Си Цзиньпин.

5-1  

Ол Қытайдың дамуды жалғастыруға стратегиялық мүмкіндігі бар екенін, бірақ бұл жолда елдің елеулі қиындықтарға тап болатынын мәлімдеді. «Ішкі ахуалдың да, шетелдегі жағдайдың да үнемі күрделі жағдайында біздің ел дамуды жалғастыру үшін маңызды стратегиялық мүмкіндіктерге ие. Біздің болашағымыз жарқын, алайда сын-тегеуріндер де жоқ емес», - деп айтты Қытай басшысы.

Сондай-ақ, ол Қытай дамудың шарықтау шегіне жеткенде де, ешқашан гегемонның орнына үміткерлік етпейді және ешқашан экспансиялық саясат жүргізбейді деді.  «Қытай өз пайдасы үшін ешқашан басқа елдердің мүддесін пайдаланбайды және қандай жағдай болмасын өзінің заңды құқығы мен қызығушылықтарынан бас тартпайды. Қытайды әлемдегі ғылым және технологиялар, өнім сапасы, ғарышкерлік, желілік технологиялар, көлік салаларындағы көшбасшы елдердің біріне айналдыру, сондай-ақ «Цифрлық Қытай» мен «ақылды қоғам» құру үшін негізгі қолданбалы зерттеулерді жандандыру, инновацияларға, алдыңғы қатарлы технологияларға көбірек мән беру қажет», - деді Си Цзиньпин.

5-3 

Форумға 2,3 мың делегат қатысып жатыр. Съезд 24 қазанға дейін жалғасады, онда соңғы бес жыл ішіндегі партия жұмысының нәтижелері қаралады. Сондай-ақ, Қытайдағы және басқа елдердегі қоғамдық-экономикалық және саяси ахуал талқыланады.

 

 

Соңғы жаңалықтар