Моңғолияда 20 жыл бойы министр болған қазақ кім - Шетелдегі қазақ БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Екіжақты инвестициялар Қазақстан мен Шанхай арасындағы қашықтықты қысқартуда – «Халық газеті»

2021 жылдың соңына қарай Шанхай компаниялары Қазақстандағы 19 жобаға инвестиция салды. Бұл ретте Қытай инвестициясының жалпы көлемі 7703 миллион АҚШ долларын құрады. Ал 2021 жылы қазақстандық кәсіпорындар Шанхайда 10 компания ашты. Екіжақты инвестициялардың үздіксіз өсуі Қазақстанға Қытайдың экономикалық орталығына «жақындауды» жалғастыруға мүмкіндік берді, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.

Бұл туралы жақында Шанхайда өткен Қытай-Қазақстан экономикалық және сауда инвестициялары бойынша семинарда белгілі болды.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов семинарда сөйлеген сөзінде Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы қазіргі уақытта қарқынды дамып келе жатқанын, ал ынтымақтастық жобалары энергетика саласында ғана емес, өнеркәсіпте, көлікте, логистикада және басқа да салаларда табысқа жеткенін атап өтті. Бас консул Қазақстан Қытай компаниялары үшін біртұтас қатынас көпірі ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен Еуропа нарығына шығу үшін тамаша алаң болып табылатынын айтқан.

Kazakhstan Investment компаниясының Қытайдағы бас өкілі Қуаныш Амантай Шанхай кәсіпорындарының өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық ахуалын және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өткен соңғы саяси шараларды таныстырды.

Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап қытайлық компаниялардың Қазақстанға инвестициялары тұрақты түрде өсті. Қазір Қытай Қазақстанға ең үлкен экономикалық инвестиция салушы елге айналған.

Шетел студенттері Қазақстанның жаңа тарихымен танысуда – Kaznews

Шетел студенттері Қазақстанның жаңа тарихымен танысуда. Осындай тақырыптағы шағын мақала моңғолиялық «Kaznews» ақпарат агенттігінде жарық көрді.

Аталған БАҚ-та жарық көрген жазбаның мәліметіне сүйенсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетелдіктерді тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында оқытушылар тілдік даярлықтан өтіп жатқан әртүрлі елдердің студенттерін Қазақстанда, Алматы қаласында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болып жатқан барлық айтулы оқиғалармен таныстырып отырады.

Бұл жазбада биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойып, соған сәйкес 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі күні мәртебесін алғаны айтылады. Сонымен қатар, Ел президенті 25 қазанда қазақстандықтар егемендік күнін мемлекеттің басты салтанаты ретінде атап өтуге тиіс екені тілге тиек етілген.

Сол үшін мереке алдындағы аптада (2022 жылғы 17-22 қазан аралығында) шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары Қазақстан Республикасы күніне арналған бірнеше тәрбие іс-шараларын өткізген.

Бұл шағын ақпараттық жазбаның мәліметінше, іс-шаралар студенттердің оқыту тіліне байланысты қазақ және орыс тілдерінде өткізілген. Оқытушылардың мұндай сабақтан тыс қызметі университеттің және жалпы елдің жағымды тартымды имиджін қалыптастыру үшін қажет екені тілге тиек етіледі.

Алматы қаласында 7-ші түрік фильмдері апталығы өтті- TRT

Түрік актерлері киносүйер қауыммен кездесті. Қазақстанның Алматы қаласында 7-ші түрік фильмдері апталығы өтті.

Бұл туралы 24 қазан күні Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, шараның ашылу салтанатында түрік кино түсірушілері мен актерлері қазақстандық көрерменмен бас қосты. Шараны ұйымдастырушылардың бірі «Жергілікті ой-пікір» қауымдастығының басшысы Метин Гүндоғду биыл жетінші рет ұйымдастырылған түрік фильмдерінің апталығы керемет ашылғанын, кинотеатрлар лық толғанын айтқан.

Биылғы шарада «Бедел», «Қасиетті жекпе-жек», «Сәттілік Ерен», «Мендегі қаһарман», «Ақиқат» және «Ыстанбұл сақшылары» фильмдері көрсетілді.

Шара аясында түрік актерлер қазақстандық көрермен қауыммен кездескен.

Моңғолияда 20 жыл бойы министр болған қазақ кім?- Janadauir.com

Моңғолдың тарихында аты алтын әріппен жазылған қазақ ұлты, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ішінде Орынұлы Тілейханның алатын орны ерек. Тілейхан Орынұлы құрылыс министрлігін 20 жыл басқарған, деп хабарлайды моңғолиялық janadauir.com порталы.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Тілейхан Орынұлы осы 20 жыл уақыт ішінде Моңғолияның дамуына, құрылыс материалдары мен жұмысшы кадрларды дайындауда айрықша еңбек ете білді.

«Ол кісіні үлкендер білгенімен жастардың мағлұматы аз. Ендеше Орынұлы Тілейхан дегеніміз кім? Ол кісі қандай жұмыстар атқарды? Архивті парақтап көруге тура келеді», деп жазады моңғолиялық басылым.

«Janadauir.com»-ның келтірген дерегіне сүйенсек, Орынұлы Тілейхан 1923 жылы Баян-Өлгий аймағы Улаанхус сұмынында дүниеге келген. 1935-1941 жылдары аталмыш сұмынның орта мектебінде білім алып, 1942-1944 жылдары Ұланбатыр қаласында партия мектебін «өте жақсы» деген бағамен бітіріп, 1944-1947 жылдары сол оқу орнында ұстаздық қызмет атқарады. Сондай-ақ 1947-1951 жылдары Моңғолдың кәсіподақтар федерациясында «Еңбек» газетінің редакторы қызметін атқарған. 1953-1955 жылдары Құрылыс бас басқармасының Партия комитетінің хатшысы, 1955-1957 жылдары Увс, Баян-Өлгий аймағының Халық депудаттар хуралының атқару әкімшілігінде орынбасар қатарлы қызметтерді атқарады. 1957-1960 жылдары Ресей федерациясының Партиялық жоғарғы оқу орнын бітіріп, 1961-1962 жылдары Ұланбатыр қаласындағы Партия комитетінің хатшысы, 1962-1963 жылдары Құрылыс, материал, өндіріс министрі қызметін атқарған. 1963-1965 жылдары Моңғолия жоғарғы оқу орнын инженер мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылдан бастап 1968 жылға дейін МХРП-ның орталық комитетінде құрлыс бөлімінің бастығы, 1968-1982 жылға дейін яғни өмірден өткенше Құрылыс, материал, өндіріс министрі болып қызмет атқарды.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Т. Орынұлы бақандай 20 жыл министрлік қызметті абыроймен атқарғанын совет одағындағы және Еуропа елдері жоғары бағалап «Темір мойынды, жаны берік министр» деп атаған екен.

Арал теңізіндегі «Кемелер зираты» - «ӨзА»

Арал теңізіндегі «Кемелер зираты». Өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігінде осындай тақырыпта фоторепортаж жарияланды.

Кезінде дүниежүзіндегі ірі су айдындарының бірі болған Арал теңізінің бұрынғы порты қазір «Кемелер зираты» деген атау алған. Бұл Арал трагедиясының шынайы бет-бейнесі, деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

«ӨзА»-ның келтірген мәліметінше, 2000 жылдың басына дейін теңіздің құрып қалған аймақтарында 300-ге жуық кеме болған. Олардың көпшілігі металл сынықтары ретінде жойылды. Бүгінде «Кеме зираты» аумағындағы – «Ашық аспан астындағы кеме мұражай кешенінде» 15-ке жуық кеме көрмеге қойылған. Арал теңізінің тарихы, оның бүгінгі жағдайымен танысу мақсатында Қарақалпақстан республикасына келген жергілікті және шетелдік туристер «Ашық аспан астындағы кемелер мұражай кешенін» тамашалайды.

Иран мәдени орталығының директоры қыздар университетіне келді – Parstoday

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Шетел тілдерін оқыту кафедрасының ұйымдастыруымен Тіл мерекесіне орай «Тіл мерейі – ел мерейі» атты мерекелік шара өтті. Бұл шараға филология институтының директоры, шетел тілдерін оқыту кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, кафедра оқытушылары мен студенттері және Иран республикасы Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Мажид Алигар қатысты, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің келтірген мәліметіне сүйенсек, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада студенттер Ахмет Байтұрсынұлы жайында ғылыми баяндама жасады және шығармаларынан қазақ, түрік, парсы, қытай, француз тілдерінде үзінділер де оқыған. Сондай-ақ осы басқосуға қатысқан Иран Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Мажид Алигар мырза сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде, Иран мен Қазақстан Каспий теңізі арқылы көршілес қана емес, сонымен бірге екі елді жақындастыратын ортақ дүниелердің бар екенін тілге тиек етті.

Парсы тілі тек қарым-қатынас құралы емес. Парсы тілі – ғылым тілі, достық пен мейірімділік тілі. Ол парсы тілінің маңыздылығын айта келіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да дамып отырғанын алға тартты.

Аталған іс-шарада, Қазақстанда ирандық компаниялардың саны артып отырғаны белгілі. Сондықтан бұл компаниялар парсы тілін білетін мамандарды қажет етіп отыр. Әрине, сол ирандық компанияларда жұмыс істеу үшін парсы тілін білетін және жақсы аударма жасай алатын мамандар қажет. Өкінішке орай, Қазақстанда парсы тілін жетік білетіндер аз екені айтылды.

«Егер студенттер парсы тілін үйренуге шындап кірісіп, тілдік білімдерін одан әрі жетілдірсе, біз де өз тарапымыздан қолдау білдіреміз деп атап өтті», деп жазды ирандық басылым.

Шарадан соң Иран Ислам республикасының Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Мажид Алигар университеттің парсы тілін оқитын студенттері, филология институтының деканы мен шетел тілдерін оқыту кафедрасының бағдарлама көшбасшысымен кездескен. Онда парсы тілін оқыту барысы, кездесетін қиындықтардың шешу жолдары талқыланды.


Соңғы жаңалықтар