Моңғолия Президенті Баян-Өлгей аймағының халқымен кездеседі - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолия Президенті Баян-Өлгей аймағының халқымен кездеседі - KAZNEWS

Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга жұмыс сапарымен елдің батыс өңірін аралап, халықпен кездесу өткізеді, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Президент 2020 жылдың 18-ші қыркүйегінде Завхан аймағында, 19-шы қыркүйегінде Увс аймағында халықпен кездеседі. Сондай-ақ, қыркүйектің 20-сы күні 15:30-да Баян-Өлгий аймағының халқымен аймақтық Музыкалық драма театрында кездесу өткізеді», - деп хабарлайды KAZNEWS.

Түркияда Селчук империясы туралы жаңа фильм көрсетіледі - ТРТ

Түркия Радио және теледидар корпорациясының (ТРТ) Селчук империясы жөніндегі жаңа «Ояну: Ұлы Селчук» атты сериалының бірінші бөлімі 28-ші қыркүйекте көрерменге жол тартады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Жаңа эфирлік маусымын тамаша телехикаялармен бастауға дайындалып жатқан ТРТ 1-де Селчук империясы туралы жаңа хикаяны баяндайтын «Ояну: Ұлы Селчук» туындысы дүйсенбі, 28-ші қыркүйек күні көрсетіледі. Осы сериал арқылы ТРТ экрандарында көрермендердің жақсы бағасын алған «Филинта», «Ертұғырыл, қайта тірілу», «Пайтах Абдулхамит» және «Иә тәуелсіздік, иә өлім» сынды тарихи сериалдарға тағы бір тың туынды қосылды. Жаңа қойылым актерлерімен, ерекше костюмдерімен және тарихи мекендері, қызықты оқиғаларымен жұрт назарын аударатын болады», - деп жазады TRT.

Индонезияда бетперде тақпай қолға түскендер қабір қазуға жіберілуде - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Индонезияда қоғамдық ортада бетпердесіз жүріп қолға түскен адамдар коронавирустан қаза болғандардың қабірін қазуға жіберілуде, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Индонезияның Гресик округінде пандемия кезінде маскасыз жүрген ер адамдарды профилактикалық мақсатта жазалау туралы шешім қабылданып, тұтқындалған тәртіп бұзушылар коронавирус құрбандарына бейіт қазуға жұмылдырылуда. Жергілікті үкімет қызметкерлерінің айтуынша, бұл аймақта тек үш кәсіби бейіт қазушы болған, сондықтан бұл жағдай оларға қосымша көмек болады. Ал жаңадан қолданысқа енген тәртіпке сай, қазірге дейін сегіз азамат тұтқындалған және олар арнайы қабірстанға коронавирус құрбандарына бейіт қазу үшін жіберілген», - деп жазады «ӨзА» агенттігі.

Моңғолия сыйлаған 30 000 қой жақын уақытта Қытайға жеткізіледі - «Жэньминь жибао» (People Daily)


Моңғолияның Қытайдағы коронавирусқа қарсы күресті қолдау мақсатында сыйлаған 30 мың бас қойы жақын уақытта Қытайға жеткізіледі, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Моңғолия Қытай тарапына қайырымдылық көрсетуге дайын екенін білдіргеннен кейін, қытайлық ветеринарлар мен техниктер дайындық жұмыстарын жүргізу үшін Моңғолияға барған. Алдағы уақытта Моңғолияның көмекке атаған қойлары оқшауланып, қажетті карантин жұмыстары жасалғаннан кейін Қытайға өткізіліп беріледі. Ал Қытайға жеткізілгеннен кейін Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялы өлкесінің Ерленхот деген жерінде тағыда қажетті карантин жасалып, қойларды сойып дайындайды. Осыдан соң барып Хубей провинциясына тапсырылады», - деп жазады People Daily.

Айта кетсек, ақпан айында Моңғолия президенті Қытайдағы сапары кезінде, коронавирусқа қарсы күресте қолдау мақсатында Қытайға 30 мың қой сыйлаған болатын.

Бұратала жерінде арқарлар «күзгі сейілге» шықты - Тяньшаньнет


Күз басталғаннан бері Бұратала облысының Тянь-Шань тауының қырқаларына топ-топ арқарлар жиналып, көзге түсті, деп жазады қытайлық kazakh.ts.cn порталы.


«Арқар - Қытайда мемлекет жағынан екінші дәрежелі қорғалатын аң. Ірілерінің салмағы 200 кг-ге жетеді. Құлжасының мүйізі жуан, бұралып иілген, айшықты. Ал ұрғашысының мүйізі нәзік, өте қысқа болады. Мүйізіндегі сақинаға қарап олардың жасын анықтайды. Қыста салқын түссе, таудың етегіне, көктем мен жазда таудың жоғарғы белдеуіне қарай қоныс аударады. Қазан-қарашада күйлеп, 6 айдан соң көбіне, жалқы қозы табады. Арқар - биік тауларда тіршілік етуге бейім, аязға өте төзімді жануар. Табиғи жағдайда 12-14 жыл тіршілік етеді. Назарларыңызға осы тау қырқаларында топтасқан арқарлардың ерекше көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.


Қазақстан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға дайын - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдауында екі ел арасында экономиканың түрлі салаларына, соның ішінде ауыл шаруашылығына инвестиция салу жобаларын орындау қажеттігін қуаттады, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Қазақстан Президенті Қытайдың Сыртқы істер министрімен кездесуінде: «Қазақстанның өнім өндірушілері Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе дәнді-дақылдарды экспорттауда жоғары әлеуетке ие», -деді. Қытай Сыртқы істер министрі осы кездесуде: «Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан – Қытайдың аймақтағы маңызды стратегиялық серіктесі. Бейжің екі ел халықтарының игілігі жолында әріптестікті жан-жақты дамытуға және нығайтуға дайын»,-деді», - деп жазады Рarstoday.


Соңғы жаңалықтар