«Моңғолия қазақтары: танымал тұлғалар» кітабының тұсауы кесілді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Әдеттегідей, «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолияда қандасымыз Еңбек және әлеуметтік қорғау вице министрі қызметіне тағайындалды – KAZNEWS


Қандасымыз Зульфикар Сарқытұлы Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау вице министрі қызметіне тағайындалды. KAZNEWS порталының хабарлауынша, Зульфикар Сарқытұлы бұған дейін Монғолияның Басқару Академиясының ректоры қызметін атқарып келген. Зульфикар Сарқытұлы 1975 жылы Уланбатор қаласында туған. 1994 жылы Түркияның Мимар Синан университетін бітірген, 1998 жылы Моңғолия Ұлттық университетін тәмамдаған. Мамандығы Әлеуметтанушы, социология ғылымдарының докторы, профессор.

Айя Софияның мешітке өзгертілуі Еуразия кеңістігіне қалай әсер етті– TRT


2020 жылы 10 шілдеде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қол қоюымен Айя София мұражайы қайтадан мешітке өзгертілді. Осыған қарай, Түркияның TRT ақпарат порталы Айя Софияның қайтадан мешітке өзгертілуінің Еуразиядағы әсеріне тоқталып арнайы мақала жариялапты.

«COVİD-19 індетіне қарсы күресіп жатқан Еуразия елдерінде бұл шешім үлкен әсер қозғады. Тақырыпқа қатысты жүздеген хабар, зерттеулер жарияланды. Өйткені Айя София Еуразия халықтарына тікелей байланысты рухани бір мекен. Еуразияның православ сенімі күшті елдерінде діни лидерлер мен кейбір саясатшылардан осы шешімге наразылық та келді, аймақтағы түрік және мұсылман халқы шешімге ризашылық көрсетті»,-деп жазады дереккөз.

Сонымен бірге мақалада, Ердоғанның аталмыш шешіміне байланысты оң пікір білдіріп, Айя Софияның мешітке өзгертілуін маңызы зор тарихи қадам екенін атап көрсетеді.

«Әлеуметтік желіде жүз мыңдаған мақала, құттықтау жарияланды. Қырғызстанда бір азамат жаңа туған сәбиіне «Айя София» деп ат қойды. Шешімге наразылық көрсеткендер Түркияда зайырлықтың жойылатынын айтып, өз наразылықтарының діни сезімталдықтан туындағанын байқамай отыр»,-деп жазады дереккөз.

Жазба әрі қарай тарихи теректерді ортаға сала отырып, Еуразия мұсылмандары үшін Айя Софияның ғибадатқа қайтадан ашылуы өте маңызды екенін айтады.

«Ыстанбұл Халифаттың орталығы ретінде жарияланғаннан бастап, Еуразия географиясындағы мұсылмандар қажыға бару үшін жолы ұзарғанына қарамай, Ыстанбұл арқылы Сауд Арабиясына жетуге талпынды. Османлы падишахының алдына келу, Халифамен бірге жұма намазын оқу, Ейюуп Сұлтан, Сұлтан Ахмет, Айя София сияқты Ыстанбұлдың әйгілі мешіттерінде ғибадат жасау қажыға барушылардың борыштарына айналды. Еуразия географиясындағы мұсылмандардың Ыстанбұлмен байланыстары қаладағы түрліше теккелер (дәруіш үйлері, өзбектер, Бұхара сияқты) арқылы іске асты.

Осы тұрғыдан Еуразия мұсылмандары үшін Айя Софияның ғибадатқа қайтадан ашылуы өте маңызды болып табылады»,-деп түйінделген мақала.

Қазақстандық құрғақ түйе сүті өнімі Қытайда үлкен сұранысқа ие бола бастады - «Жэньминь жибао» (People Daily)


«Маусым айында Қазақстан сахарасы гүлге оранады, алысқа көз тастасаңыз, ұшы–қиырсыз жайылымдағы салқын самалмен тербеліп, қоралы қой мен табын–табын сиырлар, үйір-үйір жылқылар көзге шалынады. Осындай көрікті жерлердің бірі Қарағанды обылысына қарасты Даңсалы елді мекенінде Saumal және Saubota брендтерімен танымал түйенің және жылқының құрғақ сүті өнімдерін шығаратын «Евразия Инвест ЛТД» компаниясы тұрады», деп жазған Қытайдың «Жэньминь жибао» басылымы қазақстандық өнімнің Қытай нарығына шығу барысына тоқталыпты. Қазақстан Қытайға түйенің құрғақ сүтінің бірінші партиясын маусым айының басында жіберген болатын.

«Бұл жердегі 35 мың гектар жайылымда 200-дей түйе мен 2500-ден астам жылқы емін–еркін жайылады. Түйе сүті мен жылқы сүтін қазақстандықтар дәруменге толы асыл сусын деп бағалайды. Жақыннан бері, зауытымыздан шыққан түйе сүті талқаны Қытай базарына сәтті кірді. Жылқы сүті талқаны да Қытай нарығына кіреді деген ойдамыз. Бұл жағынан да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр» - дейді қытайлық баслымға сұхбат берген зауыт қызметкері Баян Елшінұлы.


Қарағанды облысында бие сүтінен ұнтақ өндіретін зауыт 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпорын түйенің құрғақ сүтін шығаруды игерді. Жылына 60 тонна Түйе сүті талқаны мен 60 тонна жылқы сүті талқанын өндіре алады.

«Өткен жылы біз «Қорғас» Шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығына 609 млн теңгеге өз өнімдерімізді саттық. Сатылым биылғы жылы да артады деп үміттендік. Бірақ қаңтар айында шекара жабылды, қазіргі күнге дейін Қорғастың сауда алаңы жабық болды. Сондықтан, өндірісті сертификаттап, рұқсат рәсімдеп, маусым айының басында 7000 қалбырдағы көлемі 3,5 тоннадан асатын Saubota құрғақ түйе сүтінің бірінші партиясын Ганьсу провинциясының Ланьчжоу қаласына жөнелтілді. Осылайша, қазақстандық тауардың ҚХР-ға экспортталуының ресми бастамасы жүзеге асырылды. Осы сәтті біз 5 жыл күттік. Қытай нарығына кіру өте қиын болғандықтан, үлкен жұмыс жүргізілді», - дейді «Евразия Инвест ЛТД» ЖШС бас директоры Қадырбек Мейрамбеков.

ҚХР-дағы импорт етуші Халықаралық сауда шекті серіктестігінің жауаптысы Каң Куейдің айтуынша, алғашқы импорт ету уақыты індетке және құжат жұмыстарына байланысты бірнеше айға созылып, екі тараптың жемісті жұмысының арқасында барлық қолайсыздықтардың еңсеріп, үйлесімді айналым жобасы бекітілген.


«Қазақстаннан келген құрғақ түйе сүті өнімі Қытайда үлкен сұранысқа ие бола бастады. Ланжоудағы тұтынушылар тапсырыс берген соң 24 сағат ішінде Қазақстаннан әкелген түйе сүті талқанын тұтына алады. Гансу өлкесі аумағындағы басқа қалаларға бірнеше күн ішінде жеткізіледі», - дейді Каң Куей.


Сонымен бірге басылым, ҚХР-кедендік статистика деректерін келтіреді. 2019 жылы Қытай жалпы бір миллион 360 мың тонна сүт талқанын импорттаған. Бұл көлем 2018 жылдағымен салыстырғанда 20,8% артқан. Импорт сомасы 8 миллиард 300 миллион доллар болып, 15.5% артқан. Індет өршіген биылғы төрт ай ішінде, құрғақ сүт өнімдерінің импорт сомасы анағұрлым артып, 3 миллиард 100 миллион долларға жетіп, сәйкес мезгілмен салыстырғанда 5,5% артқан.

«Моңғолия қазақтары: танымал тұлғалар» кітабының тұсаукесері өтті – KAZNEWS


Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ж.Әділбаев Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы құрылуының 80-жылдық мерейтойына қатысты. Бұл туралы Моңғолияның KAZNEWS сайты хабарлайды.

Осы орайда, аймақ әкімі А.Ғылымхан, жергілікті Мәслихаттың төрағасы Д.Бауыржан және Қазақстанның осы аймақтағы Құрметті консулы лауазымына үміткер Н.Бейбітханмен ресми кездесулер өткізілді.

«Кездесуде тараптар Моңғолияның Парламентіне сайлаудың нәтижелері туралы пікір алмасып, әлемдік пандемияның салдары және оның аймақтың тұрғындарына кері әсері, екіжақты сауда-экономикалық іс-шаралардың кейінге қалдырылуы жайы талқыланған. Қазақстаннан әкелінетін тауарлардың азаюына да сөз қозғап, 500-ге жуық студентті Моңғолияға жеткізу мәселелері талқыланды», деп жазады дереккөзі.

Сонымен бірге, осы аймақта уақытша тұрып жатқан қазақстандық азаматтар мен кезінде еліміздің азаматтығынан шығып, Моңғолияның азаматтығын ала алмай отырған тұлғалармен, сондай-ақ Баян-Өлгий басшылығының өтініші бойынша балалары Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында оқитын және коронавирус пандемиясына орай елімізде карантинде қалып қалған студенттердің ата-аналарымен сұхбаттар өткізген.

«Қазақстан Елшісі мерейтой аясында ұйымдастырылған Ікей-батырдың ескерткіші мен «Аймақтың 80 жылдық тарихы» атты фотокөрмесінің ашылу салтанатына қатысып, мерекелік жиналыста сөз сөйлеп, қандастарымызды мерейтоймен құттықтап, әкім А.Ғылымханға ҚР Сыртқы істер министрі М.Тлеубердінің құттықтауын табыстады. Бұған қоса, осы шара барысында Елшілік дайындаған «Моңғолия қазақтары: танымал тұлғалар» кітабының тұсауы кесіліп, мерейтойға сыйлық ретінде тартылды»,-деп жазады KAZNEWS.


Соңғы жаңалықтар