Моңғолия Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы болу ұсынысын қарастырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Моңғолия мемлекеті Халықаралық Түркі академиясының жанында бақылаушы болу ұсынысын қарастырады. Бұл туралы елордада Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысында Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақтар мен моңғолдар ежелден тарихи сабақтастығы ортақ, бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүріп келген көрші бауырлас халықтар. Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз өте тығыз болуы керек деп ойлаймын. Жалпы, өзара байланыстарымыз жақсы қарқынмен жүріп жатқанына өте қуаныштымын. Қазақстанның жерінде Шыңғыс бабамыздың ұрпақтары өмір сүрген, сол кісінің үлкен ұлы Жошы ханның күмбезі осы жерде тұрғанын білеміз. Соған байланысты Алтын Орданың 750 жылдығына орай ауқымды жұмыстар атқарылып, осы ескерткішті қорғау, туристік орталыққа айналдыру, әлемге таныту, сондай-ақ біздің ортақ өркениетімізді насихаттау бағытында Қазақстанның істеп жатқан жұмыстарын біздің мемлекетіміз жан-жақты толық қолдайды. Қазақстанның бұл бастамасына өз басым сүйсініп отырмын», - деді Өлзийсайханы Энхтүвшин Халықаралық Түркі академиясында өткен дөңгелек үстел отырысында.

Сонымен қатар ол 2020 жыл Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналатынын еске салды.

Оның сөзіне қарағанда, Моңғолиядағы Қарақорымның 800 жылдығын бірлесіп тойлау, осы шаралар арқылы мәдениетті насихаттау халықтардың туыстық байланыстарын күшейте түседі.

«Алдағы жылдың тамыз айында Қарақорымның 800 жылдығын атап өтуге жоспар жасадық. Бұл салада Халықаралық Түркі академиясының мүмкіндігі зор, себебі бір жағынан ғылыми мекеме болса, екінші жағынан халықаралық ұйым мәртебесіне ие. Сондықтан осы беделі зор академиямен бірлесе отырып, бұл бағыттағы шараларды қарқынды жүргізе аламыз деп ойлаймын. Халықаралық Түркі академиясы 2014 жылдан бері Моңғолияның ғылым академиясымен, ұлттық музейімен, археология институтымен, архив басқармасымен меморандум орнатып, жақсы жұмыстар атқарғанына ризашылығымызды білдіреміз», - деп атап өтті Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары.

Осы орайда ол Моңғолия аумағында Қазақстан ғалымдары тарапынан жүргізілетін зерттеулерге қолдау жасалып келгенін айтты.

Сондай-ақ, ҚР Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Халықаралық Түркі академиясына Моңғолияның бақылаушы болуына жасаған ұсынысына өз пікірін білдірді.

«Моңғолияны бақылаушы ету туралы ұсынысқа орай арнайы комиссия тобын жасақтап, еліміздің занамасы аясында тиісті шешім жасайтын боламыз. Жалпы, ғалымдарымыздың еңбектері терең мағыналы болсын, бұл зерттеулер елдеріміз үшін олжалы болсын деп тілеймін», - деді Өлзийсайханы Энхтүвшин.

Соңғы жаңалықтар