Моңғол президенті қазақ палуанын «Ассалаумағалейкум» деп қарсы алды - шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын жасайды.

Сиыр басы кәделі ас бола ма? - «Қытайдың орталық халық радиосы» (CNK)
null 

Қазақ халқы думанды тойларда «Ақсарбас қойға бата, көкқасқа тайға бата» деп бата тілеп жатады. Осы ұғым қалай қалыптасқан? Қойдың қайсы жіліктері кәделі болады? Сиыр басында кәде бола ма? Аталған сұраулардың жауабын білмек болған kazakcnr.com-порталының тілшісі Сағынбек Рабатұлы Алтай қаласында тұратын ақын, шежіреші Қажақымет Қасымұлымен өткізген сұхбатын жариялаған.

Шежіреші Қажақымет Қасымұлы ең әуелі, тілшілер сауалына орай, әдетте жиі айтылып жататын «Аақсарбас қойға бата, көкқасқа тайға бата» деп бата тілеу ұғымының қалай қалыптасқаны туралы айтады.

«Біздің қазақ ертеден дала өркениетін жалпыластырған, кең өріс пен дарқан далада төрт түлік малдың соңында жүріп, қазақ мәдениетін жаратқан,  қонағын сыйлайтын ақ көңіл қонағуар халық. Үйіне келген қонақтың аз-көптігіне, дәрежесінің төмен-жоғарылығына қарай сый-құрмет ретінде қонақтың ықыласты батасын алып, оған арнап ақсарбас қойын немесе көкқасқа тайын сояды. Жалпы алғанда, бұл сый-құрметтен қалыптасқан салттың бір түрі» дейді шежіреші.

null  

«Ал қойдың қайсы жіліктері кәделі болады? Дегенге келер болсақ, бір қойда негізінен төрт жілікте - асық жілік, жамбас, кәрі жілікте кәде бар. Кәрі жілік бастың жолдасы болғанымен сыйлы, ал Өтейбойдақ атамыздың «Шипагерлік баянында»: безі бар жіліктің бәрі кәделі болады, - деп айтылған. Осы сөзге жүгінсек, тоқбас жілік (домалаш жілік) пен жауырынның арасында без болады, бұл без кейде тоқбас жілікке, көбінде жауырынға кетеді. Сонда жауырынды да кәделі жілік деп қарасақ бола ма екен деп ойлаймын, бұл менің жеке көзқарасым. Қорытып айтқанда, бір қойдың екі жамбасы, екі асық жілігі, екі кәрі жілігі және екі жауырыны секілді сегіз жілігінде кәде болады. Ал «асық жілік неліктен кәделі болады?» дегенге келсек, атамыз қазақ мейлі мал, әлде адам болсын өркені асық жіліктегі безден тарайды деп қарайды, оның жалғасы жамбаста тұр, оны «тарамыс без» деп атаймыз. Жамбастағы тағы бір бұршақтай безді «айып без» дейміз. Асық жілік күйеу балаға, жаңа түскен келінге беріледі, оған сүбесін, белдемесін, жүрегін, бүйрегін және төстің басын қосамыз. Төстің басын қосудағы мақсат -  екеуі махаббат байлап бас құрап отау көтергені үшін, төсін -  төсіңе тиген махаббаты берік, берекелі-ынтымақты болсын, өркендеп өссін деген ырыммен асық жілік тартамыз», - деп қой кәделі жіліктерінің түпкі себебін де қоса түсіндірген Қажақымет Қасымұлы.

Ал «сиырдың басында кәде бола ма?» деген сұраққа да шежіреші қарт былай деп жауап берген.

«Сиыр басында кәде болады деп мен айта алмаймын, «ақсарбас қойға, көкқасқа тайға бата» деп жоғарыда айттық, ал «ақсарбас сиырға, қызылқасқа сиырға бата» деп ежелден айтылмаған. Бұл арада сиырдың басын жеуге болмайды деуден аулақпыз, жеуге болады, терісін сыдырып тастап, көзі мен миы, бастың еті қалған бөлегін асып наурыз секілді мерекеде жамбастың үстіне қойып ауыл ақсақалына тарт, бірақ сыйлы адамға, құдаға тартпа. Қазір той немесе аста сиырдың еті пісіп болған соң, ет пісірушілкр үйітілген басты қазанға салып кетіп қалады. Тәңертең келгенде түндегі бас әбден пісіп, бас сүйегінен ажыраған соң, бір құлағы бар жарты шекенің құйқасын бастың орнына бас табаққа салып тартады, менше бұл дұрыс емес. Қойдың, жылқының және түйенің басын бөлмейді. Ал сиырдың басын тұмсығын алып тастап, қалған бөлегін екіге бөледі. Егер сиырдың басы кәделі болса, онда олай бөлінбес еді», - деп түйіндейді сөзін Алтай қаласында тұратын ақын, шежіреші Қажақымет Қасымұлы.

Шілде айындағы Нарын жайлауы - «Тянышаньнет»
null null 

Осы аптада Қытайдың kazak.ts.cn ақпараттық порталында Іле Қазақ автономиялық өлкесі, Қаба ауданына қарасты табиғаты масатыдай құлпырған, көрікті Нарын жайлауының әсем көрінісінің фоторепортажы оқырман назарына ұсынылды. 
null null null 

Шіңгілден үлкен әрі көркем жартас суреті табылды - «Ағажай-Алтай порталы»
null 

Осындай ақпаратты қытайдағы қазақтар тығыз орналасақан Алтай аймағының басты ақпараттық порталы kz.ts.cn хабарлаған болатын.

Жазба авторының айтуынша, жаңадан табылған бұл жартас суреті мәдени-мұра зертеушілерінің назарын ерекше аударған. 

«Жуырда Алтай тауының шығысындағы Шіңгіл ауданы, Шағанғол ауылының Жамбытас елдімекеніндегі Егіндібұлақ сайынан аудандық мәдени-мұра мекемесінің қызметкерлері жартас суретін тауып алған. Бұл жартас сызбасының ұзындығы 70 сантиметр, ені 50 сантиметр болып, бұғы суреті бейнеленген» деп жазады автор.

Аталған таңбалы тасты зерттеуге барған мамандары да тарихи сызбаны жоғары бағалаған.

«Өте шеберлікпен сызылған бұл жартас суретінен бұғыны анық көруге болады. Бұдан кейін осындай құнды тарихи мұраларды қорғау шараларын қолға алып, арнайы белгі орнату арқылы оны сақтап қалуымыз керек» дейді аудандық мәдени-мұра мекемесінің бастығы Ман Жиянжун.

«Аудандағы жартас суреттерінің барлығы осы өңірді ерте заманда мекен еткен көшпенді халықтарының аң аулауды бейнелеген суреттері жиі кездесіп жатады. Қазір Шіңгілде қой, сиыр, жылқы, сондай-ақ бұғы сынды аңдардың 29 жартаста 424 суреті бар. Бұл жолғы табылған жартас суретінің басқаларынан ерекшелігі сурет көлемінің үлкендігі мен өте көркем сызылғандығы», - деп түйіндейді Ағажай-Алтай порталы.

Айта кету керек, Шіңгіл - қандастарымыз ең көп мекендейтін аудандардың бір болып саналады. Ресми деректерге сүйенсек аудан халқының 70 пайыздан астамы қазақ ұлты.

Иран миы өлген адамның дене мүшелерін трансплантация жасаудан аймақ бойынша бірінші орында - «Фарс ақпарат агенттігі»
null 

Иранның қазақ тілінде шығатын parstoday.com порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

«Иранның Денсаулық сақтау министрлігінің трансплантация орталығының басшысы Мұхаммед Каземини: «ИИР Таяу Шығыс аймағы бойынша дене мүшелерін трансплантациялаудан бірінші орында тұр. Иранда 2016 жылы миы өлген 870 адамның дене мүшелерін трансплантациялау тіркелді», - деген Каземини осы уақытқа дейін Иранда 5000 бауыр трансплантациясы жасалғанын айта келіп: «Иран Таяу Шығыс аймағы бойынша бауыр трансплантациялаудан 2-ші орында. Осы уақытқа дейін Иранда 45 мың бүйрек пен 950 жүрек  трансплантациясы жасалды»,- деп мәлімдегенін айтады аталған ақпарат көзі.

Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үлкен күн электр стансасы салынады - ТРТ агенттігі
null 

«Қазақстанда қуаты 100 МВт күн электр стансасы салынады. Бұл станса Орталық Азиядағы ең үлкен күн электр стансасы болмақ» - деп хабарлайды Түркия радио теледидар агенттігі Ақмола облыстық әкімшілігінің дерегіне сүйеніп.

«Жобаның құны 165 миллион евро. Станса елдің бас қаласы Астанаға 30 километр қашықтықтағы Ақмола облысына салынады. 300 гектар алаңға саланатын станса заманауи және жоғары технологиялық электр базасы ретінде жобаланып отыр. Жоба аймақтағы жұмысқа орналастыру шарттарының жақсаруына және ұзын мерзімде ел экономикасының дамуына үлес қосады», - делінген түркиялық ақпараттық порталда.

Kaznews.mn: Моңғол Президенті  «Ассалаумағаликум!» - деп қуанышпен қарсы алды - палуан Серік Бердімұратұлы
null 

Моңғолияның Ұлттық мейрамында моңғол күресінен мемлекеттік Лашын атағын жеңіп алған Серік Бердімұратұлы Kaznews.mn -де қонақта болып, тілшінің қойған сауалдарына жауап берген.

-  2017 жыл өзіңіз үшін табысты жыл болды деп есептейміз, ел намысын қорғап, қазақ ағайындарына көптен күткен мемлекеттік атақты сыйладыңыз...

-  Жолым болып биылғы мемлекеттік тойда «Лашын» атағын иелендім. Осымен мемлекеттік тойда төртінші рет белдесіп, нәтижесінде жоғары атаққа жеткеніме қуаныштымын. Өткен жылы мемлекеттік чемпион Э.Оюунболдтан бесінші кезеңде жеңілгеннен кейін тынбай еңбектеніп, балуандар сарайында ұйымдастырылған жарыстан қалыс қалмай, өзімді жігерлендірдім. Және халқымның маған деген ыстық ықыласы, қолдауы күш жігер берді, - дейді жақында ғана мемлекеттік тойда «Лашын» атағын алған моңғолиялық балуан қандасымыз алған Серік Бердімұратұлы.
null 

Бұл сұхбатында Серік Бердімұратұлы «Лашын» атағын Президент жарлығымен алған ең әсерлі  сәтін былайша баяндайды.

«Ең алдымен Бат-Эрдэнэ «аварга»-ға (моңғол палуанының ең жоғарғы  дәрежесі - авт.) барып қол ұстадым. Бат-Эрдэнэ «аварга» маңдайымнан иіскеп, «Лашын мен» тоқтап қалма, әлі жассың деп табыс тіледі. Одан әрі қарай жүріп еліміздің жаңа президентіне қарай бергенімде, Президент мырза маған «Ассалаумағаликум!» - деп қуанышпен қарсы алды, разы болдым. Баттулга президентіміз Моңғолияның дзюдо федерациясын басқарып келген, 2014 жылы мені ұлттық құрамаға қабылдаған болатын. Дзюдо өзі адамдарды бір біріне құрмет көрсетуге шақыратын жақсы спорт. Сол жылдары көп нәрсе үйренген болатынмын.

Сосын, мен «Уағалейкумассалам!» -деп сәлем алып, Президент мырзаның алдына бардым. Маңдайымнан иіскеп «Сен жақсы күрестің, жарайсың!»  - деп мені одан ары жігерлендірді. Х.Баттулга мырзаның еліміздің Президентіне сайланғаннан кейін алғаш рет дзюдошылар арасынан мен мемлекеттік атақты қолынан алдым. Бұның өзі бір үлкен мәртебе болды», - дейді палуан.
null 

Серік Бердімұратұлы «Қазақ күресіне» қалай келгенін,бұдан бөлек күрестің қандай түрімен шұғылданып жүргенін Kaznews.mn-не берген сұхбатында да кеңінен айтып берген.

Соңында «Елімізден және Қазақстандағы ағайындардан құттықтау хат әлеуметтік желі арқылы көптеп келіп түсті. Ата-анама, Бесбоғда «Бүркіт» клубының төрағасы Нұрлат ағаға, коллективіме, Сүлд спорт комитетіне, ұстаздарыма, аймақ басшысы Ә.Ғылымхан мырзаға, аймақ халқына рахметімді айтамын», - деп түйіндейді сөзін Серік Бердімұратұлы.

Соңғы жаңалықтар