Моңғол мен қазақтың ортақ дүниелері көп - Моңғолия елшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан көшпенділер этнофестивалі барысында Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілісі Лувсан Баттулга қазақ және моңғол халқы үшін көшпенділіктің ортақ дүние екенін айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Фестивальге Моңғолия өкілдері алғаш рет қатысып отыр. Біздің қатысушылар ат үсті өнері мен садақ атудан көрсетілім ұсынатын болады. Жалпы алғанда моңғол мен қазақ елдерінің ортақ дүниелері көп. Онымен бірге, көшпенділік қазақ пен моңғол халқының қанында бар қасиет. Сондықтан бұл ортақ мереке деп білемін», - деді Лувсан Баттулга.

Оның айтуынша, Моңғолиядан 17 қатысушы келді және олар екі күн бойы өз өнерлерін көрсетеді.

«Бізде көшпенділер фестивалі жыл сайын өтетін ұлттық мереке болып саналады. Әсіресе, бізде ат үстінде шабу, дала күресі (еркін күрес) және садақ ату бүгінге дейін сақталған. Өзіңіз білетіндей моңғол халқы әлі күнге дейін көшпенділікпен айналысады. Бізде 3 млн халық болса, оның жартысына жуығы көшпенділік дәстүрін сақтап келеді. Қазақстанның ата-баба дәстүрін осындай заманауи әрі халықаралық деңгейде дәріптеуі құптарлық іс. Себебі ұлттық құндылықты ұмытпау керек. Және Моңғолия өкілдері ендігі уақытта фестивальге тұрақты түрде қатысады деп сенемін», - деді ол.

Сондай-ақ, моңғол елшісі аталған шараның этнотуризмді дамытуға оң әсерін тигізетінін тілге тиек етті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада «Kóshpendiler Álemi» халықаралық этнофестивалі өтіп жатыр. Оған 11 елден 200-ге жуық өкіл қатысуда.

Соңғы жаңалықтар