Моңғол халқының жаңа жылды қарсы алуы – шетелдегі қазақ баспасөзіне шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ердоған «Түрік тілін қорғауымыз керек» деді– TRT

Президент Режеп Тайып Ердоған «Түрік тілінің әрбір сөзі біз үшін өте құнды інжу-маржандай, қымбатты асыл тастай. Тілін қорғай алмаған ұлт ең аяғында барлық құндылығын жоғалтып алады» деді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Президент Режеп Тайып Ердоған Президенттік сарайының конференция залында Юнус Эмре жылына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты. Ердоған баяндамасында әрбір тілдің өзі эстетикамен безендірілген бір өлең екенін айтып «Күдіксіз өз тіліміз – түрік тілінің сұлулығы ерекше. Өйткені түрік тілі – біздің ана тіліміз. Атамыздың мұрасы, болашағымыздың кепілі. Түрік тілінің әрбір сөзі біз үшін өте құнды інжу-маржандай, қымбатты асыл тастай. Тілін қорғай алмаған ұлт ең аяғында барлық құндылығын жоғалтып алады. Түрік тілін қорғамай ұлтымыздың болашағына сеніммен қарай алмаймыз. Түрік тілін қорғау, дамыту және байыту үшін жүргізген күресіміз ең үлкен ұлттық күрес болып табылады» деді. Президент Ердоған осы таңда Атлант мұхитынан Ұлы Қытай қорғанына дейін созылған кең байтақ географияда ең көп қолданылған тілдің түрік тілі екенін де айтты» , - деп жазады TRT.


Қарлы даладағы тұлпарлар дүбірі - «Халық газеті»

Қытай мемлекеті «Тұлпар мекені» деп таныған Іле Қазақ автономиялы облысының Моңғолкүре ауданында қарлы дала төсін дүбірлетіп шауып өткен мыңдаған тұлпар шеруін тамашалаған халық ерекше әсерге бөленді, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn ақпараттық порталы.

«Қарлы дала төсін дүбірлетіп жүйіткіп шапқан сайгүліктер шеруінің ғажайып көркем көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады «Халық газеті».

Айта кетсек, тарихтан бері текті тұлпарымен атағы шыққан Моңғолкүренің жылқы мәдениетінің тарихы ұзақ, тамыры тереңде. Іле жылқысын өсіру орталығы саналатын бұл ауданда 100 мың жылқы бар, мұның 90 пайызы Іле жылқысы, бұл Шынжаңдағы Іле жылқысының 60 пайызын құрайды. Сондықтан Моңғолкүре бүкіл Қытай елі бойынша жылқы саны ең көп, жылқы сапасы ең жақсы аудан есептеледі. Қытай ауыл шаруашылық министрлігі 2003 жылы Моңғолкүре ауданына «Қытайдың тұлпар мекені» деген атақ берген. Аудан 2009 жылдан бастап дәстүрлі «Іле тұлпары халықаралық туризм мерекесін» ұйымдастырып келеді.

Моңғол халқының жаңа жылды қарсы алуы KAZNEWS

Ескі жыл кешін шығарып салу моңғол халқының ұлы мейрамы Шағанның алдынғы күні қызыл шұнақ аязды қыстың аяғы, ескі жылдың соңғы күніне дөп келеді, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-та жарияланған мақала дерегінше, бұл күні аспанда ай қорғалап, түн қараңғы болады. «Битүү» немесе ескі жылдың кешінің алдында халық киетін ұлттық шапанын, мінетін атын әзірлеп, отырған қонысын, тұратын үйін тазалап, әйелдер бет әлпетін, шашын жөндеп, пештің күлін шығарады.

Кешке үйдің оң жақ босағасына үш қауырсын шаншылады. Мұны халық ақ қасқа қашырға мінген «Балданлхам бурхан» көзді ашып жұмғанша ғаламды айналып келіп, адамдарға бақ пен бақыт, ырыс пен құт сыйлап, көлігін сусындатады деп ырымдап қояды. Тәңірдің шаңыраққа енуіне жол ашу үшін маңдайшаның дәл ортасына қасиетті ақ тас қойылады. «Жын-шайтан үйдің теріс жағынан кіреді» деп, артқы белдеуге қараған қыстырып қоятын да салт бар. Әр өңірдің дәстүрі әрқалай болғанымен, тарихта таңбалануына қарағанда кешкі астың бас табағына жағы айырылмаған бас, кейде төстік қойылады. Егер төстік асқан жағдайда оның басын жоғары қаратып, жанына жауырын, үлкен сүбе, асық жілік, кәрі жілік тартылады. Ал бас қойған кезде көкөністен пияз, сарымсақ бар болса, құстың қолын қойып, сүбе, асық жілік, кәрі жіліктің біреуін кешкі аста ұсынады.

Басты отағасы таңдайынан, зайыбы езуінен ұстап, «бір ауызды болдық» деп жағын айырумен ескі жыл кешін шығарып салу рәсімі басталады. Осы рәсімнен кейін ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын деген тілек айтылып, бітеулей асқан бас сорпасына мәнті, тұшпара тәрізді бітеу тағамдар салып, «битүү» аяқталғанға дейін желінеді. Алғашқы жұлдыз көрінген сәтте ақ тағам арнайы әзірленген «битүү» сыйлы асын жасай бастайды. Ең әуелі тәңірпұт жанына сүт, сүбе, асық жілік, тоқашпен бір, ақтағаммен бір табақ жасалып қойылады.

Ескі жылды шығарып салуда ойын сауық та ерекше орын алады. Мұндағы ең маңыздысы — көнеден жалғасып келе жатқан асық ойындары. Ақсақалдар ертегі аңыз айтып, балалар ойыншықтар құрастырып, ат, түйе жарыстырып ойнайды.

Жыл басы жаңа күнді қарсы алу.

Жылдың бірінші жаңасының таңы «боз құбаң» немесе «қу ағаш» күні деп аталатындықтан оның молшылық әкелуі үшін ас-тағам мен ақты көп әзірлеп, жақсы көңіл күймен қарсы алып, ырысты күнге айналдырады. Бұл сол жылы қандай жаман күн болса да, одан ешкім зардап шекпесін деген ишараны білдіреді. Моңғолдар атып келе жатқан күн, толған ай, жаңа жарған гүл, қайтқан құсты бақыт әкелетін қасиетті көрініс деп бағалайды. Шаған айының бірінші жаңасының таңында адамдар қараңғылық шеті сөгіле тұрып, Түңілдік ашып, шайын асады. Шай ішер алдында бітеу асылған қойдың басын ерлі-зайыпты үй иелері жағын айырып:

«Барлық дүние ағарды,

Бітеу нәрсе ашылды,

Ескі жыл шықты,

Жаңа жыл кірді деп», - тәңірпұттың қасына қояды. Сондықтан да ерлі-зайыптылар «бір ауызды» делініп, бұл күні бір-бірімен сәлемдеспейді. Мұнан соң отағасы обаға шығып, табиғат ана, жер-суға тағзым етіп, бағыттың жаманы батыс солтүстікті тастап сиынады. Отағасы үйіне келіп, бала-шағасы, отбасымен сәлемдеседі.

Осы аталған мақалада бұдан басқа да Моңғол халқының дәстүрлі жаңа жылды қарсы алу барсындағы көптеген салт-жоралғылары туралы қызықты мәліметтерді ұсынады.


Өзбекстан әлемнің 182 елімен сауда-саттық жүргізді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

2021 жылы Өзбекстан әлемнің 182 елімен сауда-саттық байланыстарын жүргізді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Мемлекеттік статистика комитетінің деректерінше, сыртқы сауда айналымының ең үлкен үлесі Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасының үлесіне тура келеді – 17,9% және 17,7%. Одан кейінгі орындарда Қазақстан (9,3%), Түркия (8,1%), Корея Республикасы (4,5%), Қырғызстан (2,3%) және Түркіменстан (2,1%). Өзбекстанның 20 ірі сыртқы экономикалық әріптестерінің қатарында болған елдер ішінде үш елмен Ауғанстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен белсенді сыртқы сауда балансы байқалған. Еске салар болсақ, өткен жылы Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 42,1 млрд АҚШ долларын құрады», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.


Бандар Аббастағы Қазақстан консулдығының жаңа консулы таныстырылды - Фарс

Берік Садықов Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас қаласындағы Қазақстан консулдығының жаңа консулы болып таныстырылды, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Иран Сыртқы істер министрлігі делегациясының басшысы сейсенбі күні Бандар Аббастағы Қазақстан консулдығының жаңа консулы Берік Садықовпен кездесті. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілдігі мен Қазақстанның Бандар-Аббастағы консулдығы екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту жайын кеңесіп. Иранның Бандар Аббасы мен Қазақстанның Ақтауы сауда палаталары арасындағы байланысты одан әрі дамытудың маңыздылығын айтты. Хормозган мен Маңғыстау әкімдері арасындағы экономикалық ынтымақтастық консулдық жоспарларының басты мақсаты болып табылады», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.


Соңғы жаңалықтар