Моңғол әншісі халық әні «Ағажай Алтайды» шырқады - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Абайдың қара сөздері Өзбек тілінде кітап болып шықты - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақынның «Қара сөздері», «Абай Қора Сўз» атты кітап болып өзбек тілінде жарық көрді. Туындының Ташкент төрінде тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, игі шара Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалдының бастамасымен жүзеге асқан. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, аудармашы, профессор Қозоқбой Юлдошев өзбек тіліне тәржімалаған.


Осынау игі шарада сөз алған Елші Дархан Амангелдіұлы екі ел арасында тарихи, мәдени байланыстар бүгінгі таңда тығыз қарым-қатынаста екенін және мұндай шаралар екі бауырлас ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың дамуына оң ықпал ететінін айтты. Ол Қазақтың маңдайына біткен нар тұлға Абайдың айтқан нақылы екі елдің рухани игілігіне жарайтынын тілге тиек еткен.


«Тұсаукесерде Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының мүшелері, ӨР Білім министрлігінің өкілі, БАҚ өкілдері қатысып шара соңында Абайдың қара сөздерін өзбек тілінде сөйлеткен Қозоқбой Юлдошевқа қазақы салт-дәстүр бойынша шапан жабылып, қошемет көрсетілді», деп түйіндейді өзбекстандық БАҚ.

Моңғол әншісі А.Мөнх-Ундрах халық әні «Ағажай Алтай»-ды шырқады - Kaznews


Моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Баян-Өлгийлік жас әнші А.Мөнх-Ундрах халық әні «Ағажай Алтай»-ды шырқады. А.Мөнх-Ундрах бұған дейін қазақтың халық әндерінен попури де орындаған болатын, деп жазады моңғолиядағы Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Баян-Өлгий аймағында тұратын ұлты моңғол(ұраңқай) жас әнші Амгалан Мөнх-Ундрах қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындауымен көптің көңілінен шығып жүрген әнші екен. Амгаланқызы Мөнх-Ундрах Аманкелді Тоқтамұратұлы атты қазақ азаматымен отбасын құрған. Ол Бақдәулет, Жандаулет есімді қос ұл тәрбиелеп отырған қазақ келіні. Жас әнші бүгінде Баян-Өлгий аймағында жолдасы Аманкелдінің басқаруындағы «Баруун Бүргэд» компаниасында менежер болып қызмет істейді.

Иран Қазақстанға құрма экспорттайды - «Фарс» ақпарат агенттігі


Иранның оңтүстігіндегі Дезфул қаласының құрмасы көптеген елдерге, олардың ішінде Қазақстанға экспортталады, деп жазады Рarstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Дезфул қаласы ерекше климаттық жағдайына байланысты цитрустық дақылдардың 12 түрімен бірге құрма өсіру саласында жоғары мүмкіндікке ие. Иранның құрма экспортының 50 пайызын Хузестан құрмасы құрайды. Хузестан құрмасы Қазақстан, Ресей, БАӘ, Австралия, Түркия, Тәжікстан, Чехия, Польша, Сингапур, Румыния мен Канадаға экспортталады екен.

Аталған ақпарат көзі дерегіне сүйенсек, Ираннан Қазақстанға құрмадан басқа көкөністерде экспортталады екен.

«Өткен 5 айда құны 242 млн долларды құрайтын 1 094 539-нан аса тонна көкөніс түрлі елдерге, соның ішінде Қазақстанға экспортталды. Иран – көкөніс экспорты жөнінен әлемдегі бесінші, ал Батыс Азияда бірінші ел. Иранның көкөнісі 37 ел, атап айтар болсақ, Қазақстан, Ресей, Венгрия, Польша, Түркия, Норвегия мен т.б. елдерге экспортталады», деп түйіндейді «Фарс» ақпарат агенттігі.

Ақ шарбылы асқар тау - Тяньшаньнет


Қыркүйек айының соңғы күндері Шынжаңдағы Іле қазақ автономиялы облысы, Моңғұлкүре ауданы, Сарқобы ауылы Долан тауы аңғарында күзгі қар жауды, деп хабарлайды kazakh.ts.cn порталы.

Сан түрлі түске енген асқар таудың басына келіп оралған ақ шарбы бұлттар табиғатты онан сайын сұлуландыра түсті деп жазады автор.


«Қардан кейінгі Долан аңғарында алтын реңдес сары түсті үйеңкі жапырағы күз самалымен қалықтап, бейне сұлу перизат гүл жапырағын шашқандай әсер берді. Орманмен көмкерілген таулар ақ, сары, жасыл түстерге боялды. Табиғат аясынан жайбырақат жайылған жылқыларды да көруге болады. Ондағы қазақ малшылардың үйінің моржасынан шұбатыла шыққан түтін сұлу табиғатты онан сайын көрікті ете түскендей. Беткейдегі сары, жасыл, қызыл түсті шөптер мен ағаштар, көк аспан, ақша бұлттармен жарастық тауып, көркі көз сүріндірді...», деп жазады қытайдың «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

2500 жылдық тарихы бар 59 табыт табылды - TRT


Мысырдың Саккара археологиялық қорғау алаңынан 10-12 метр тереңдікте орналасқан 3 зираттан 59 ағаш табыт табылды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Мысырда табылған бұл 59 табыттың 2 мың 500 жылдық тарихы бар деп болжануда дейді TRT.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл тарихи мұраларды қоғамға таныстыру үшін археологиялық қорғау алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына Мысыр Тарихи мұралар министрі Халид әл-Анани, және 60 өкілетті елші мен 200-ден астам жергілікті және шетелдік баспасөз өкілі қатысқан.

«Министр Анани жақсы қорғалған табыттарға жасалған алғашқы зерттеулер нәтижесінде, бұл біздің заманымыздан бұрынғы 6-7-шы ғасырларда билік жүргізген 26-шы Перғауын Хандығы дәуіріне тән екені анықталғанын айтты. Сондай-ақ, аталған тарихи мұралармен бірге ондаған қола мүсіндер табылған», деп жазады TRT.

Ұлан-Батырда «Абай және әл-Фараби кеші» өткізілді - Kaznews

Ұлан-Батырда Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және көрнекті философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Абай және әл-Фараби кешін» ұйымдастырды, деп хабарлады моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы .

Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі атқарушы агенттігінің басшылығы, «Абайдың қара сөздері» кітабының моңғол тіліндегі аудармасының авторы, мәдениет, сыртқы істер, білім және ғылым министрліктерінің, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қазақ диаспорасының танымал қайраткерлері қатысқан.

Іс-шаралар барысында моңғол тіліндегі «Абайдың қара сөздері» (Сургаалууд) кітабының тұсаукесері болған. Кітаптың авторы, дипломат, профессор, тарихшы, жазушы және аудармашы Сұлтан Тәукейұлы Абай мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған және барлық даналықты бойына сіңірген рухани байлық екенін баса айтты.

«Кеш барысында Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» және «Айттым сәлем қаламқас» туындылары моңғол халқының ұлттық аспабы «Морин хуурмен» орындалды. Бұдан басқа, кешке келген қонақтар қазақ диаспорасының дарынды жастарының орындауында көпшілік сүйіп тыңдайтын «Көзімнің қарасы» және «Сегіз аяқ» музыкалық шығармаларын, сондай-ақ мәнерлеп оқылған Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін тамашалады. Кеш барысында Абай мен әл-Фарабиге арналған фотокөрмелер мен кітап көрмелері ұйымдастырылды. Соңында қонақтарға ұлы ойшылдар Абай мен әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер көрсетілді», деп түйіндейді Kaznews ақпараттық порталы.


Соңғы жаңалықтар